«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жоспардан – іске

2018 жылғы 06 Сәуір
- Батыс Қазақстан облысы
5257 просмотров

Батыс Қазақстан облысында Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі басшылығының аудандар бойынша көшпелі жиындары жүріп жатыр. Бірінші кезекте ӨКП директорының міндетін атқарушы Сәкен Қарин бір топ мамандармен Шыңғырлау ауданына барды. Бұл ауданда кәсіпкерлік белсенді дамып келеді.

Аудан орталығында 2 ірі сауда нысаны жұмыс істеп тұр. Ауданы 500 шаршы метрді құрайтын «Теща» супермаркеті бағаларды тұрақтандыру мақсатында  2015 жылы салынған. Бірінші қабатта азық-түлік тауарлар қойылған, екінші қабатта – тұрмыстық заттар. Бүгінде 10 ауыл тұрғыны осы жерде жұмыспен қамтылып отыр.

Жаңадана ашылған «Патриот» супермаркетінің ауданы – 800 шаршы метр. Екіқабатты сауда үйдің құрылысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. Жоба құны – 50 млн теңге. Мұнда 30 ауыл тұрғыны жұмыс істеп жатыр.

 Бірінші қабатта азық-түлік және шаруашылыққа арналған тауарлар орналасқан. Екінші қабатта жоспар бойынша сауда бутиктері, балалар алаңқайы, кафетерий және қызмет көрсету бөлімдері ашылмақ. Айта кетелік, екі сауда орталықта да қолма қол әрі банк карточкасы арқылы сауда жасауға болады. Бұл мүмкіндік тұтынушылар үшін ыңғайлы.

 Жергілікті кәсіпкерлікті одан ары қолдау мен дамыту жайында Шыңғырлау ауданы әкімімен өткен кездесу барысында талқыланды. Бұл ауданда бос жер учаскілері бойынша Интерактивті карта дайындалу үстінде екен, ал бұл «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасы.

Бизнес-қоғамдастықпен өткен кездесуде кәсіпкерлер тарапынан нақты ұсыныстар жасалды.  

«Өнім» шаруа қожалығы басшысы  Ж.Байтаков жасаған ұсынысы негізінде сиымдылығы 1500 ірі қара  басына шақталған «АқТеп» ЖШС бордақылау алаңында бұқаларды сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу қажет, яғни салмағы 200-300 кг болатын тірі бұқаларды 400 келіге дейін жеткізу. Сонымен қатар 7-15 айлық бұкалардың жасын 36 айға дейін ұзарту керек. Шаруа ауылшаруашылық жұмыстарына арналған учаскілердің шекті (максималды) аумағын анықтау әдісін түсіндіруді сұрады. Яғни шаруа қожалықтар мен фермерліктерге қандай көлемде жер бөліну керек?

Маңызды мәселелердің легі Өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында да талқыланды. Филиал қызметкерлеріне Бос жер учаскілері бойынша картаны әзірлеу жұмысына жұмылу, 20 сәуірге дейін аудан дамуының картасын әзірлеу, Фейсбук желісіндегі «Бизнес в Уральске и ЗКО» өңірлік топқа қосылу,  20 сәуірге дейін Шыңғырлау ауданының мәселелер реестрін әзірлеу тапсырылды. Осы бағытта Бөрлі ауданында да жұмыс жүргізілді.

«Ақсай индустриялық паркі» базасында қазақстандық мазмұнға сәйкес, жергілікті кәсіпорындардың жұмыс жүктемесі және бизнестегі алаңдаушылық тудыратын өзге де мәселелер бойынша ашық диалог жүргізілді. Аталған кәсіпорын өндірісті жақсарту және жаңа технологияларды енгізуде шетелдік инвесторларды тарту мақсатында құрылған болатын.

«Ақсай индустриялық паркі» бүгінде тапсырыстармен 30%-ға қамтылған. БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Сәкен Қарин бұл кәсіпорын территориясында басқа қазақстандық компаниялар жұмыс істей алады ма деп сұрады.

 «Ынтақтастыққа дайынбыз және осы бағытта белгілі бір келісімге келеміз деген ойдамыз. ӨКП басшылығын жер қойынауын пайдаланушы компанаияларға тікелей шығуда көмек беруді сұраймыз. Бізге талаптар мен стандарттарға сай келетін өнімді шығара алатын кәсіпорындар тізімі берілсе дейміз», – деді кәсіпорын директоры Джанлука Коломбо.

«Ақсай индустриялық паркі» жалпы ауданы 8600 шаршы метрді құрайтын өндірістік және кеңсе бөлімдерінен тұрады. Мұнда 7 резидент-компания орналасқан. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қолдауға ие болды. Келешектегі жұмыстар мұнай-газ жабдықтарын өндіру көлемін кеңейтумен, сондай-ақ, машина жасау саласында жергілікті жерде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаумен байланысты.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер