«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Органикалық өнімнің жалған таңбасын қадағалайтын меморган жоқ – Ұлттық палата

2022 жылғы 30 Қараша
6640 просмотров

Дереккөз: valenciafruits.com

Қазақстанда органикалық өнім өндірісі дамып келеді. Экспортқа да сұраныс жоғары. Алайда ішкі нарықта импорт өнімдер «эко, био» деген жалған таңбамен сатылып жатыр. Ал оны қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ. Органикалық өнімдерге қатысты осы және өзге де мәселелер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Organic жобалық кеңсесінің кезекті отырысында көтерілді.

Жыл соңына дейін жоба аясында үкіметке атқарылған жұмыстың аралық қорытындысы ұсынылады. Айта кету керек, мемлекеттік органдар тарапынан белсенділік төмен. Бизнес мәселені көтереді, бірақ шешімі табылмай келеді.

Жиында алдымен Greenwashing-ке қарсы күрес және азық-түлік нарығына жалған таңбаланған органикалық өнімдердің түсуін болдырмау шаралары талқыланды.

«Тұтынушы ретінде дүкендердің сөресінде импорт өнімдерді «эко, био» деген таңбамен көріп жүрміз. Бірақ шын мәнінде олар бұл таңбалауға сәйкес келмейді. Тексеруші меморган тарапынан бақылау керек. Бұл жерде сатушылардың жағдайына нұқсат келтіру деген мәселе жоқ. Тек нарыққа шығатындардың жұмысының алгортмін әзірлеп, тұтынушыларды органикалық өнім таңдаудың жолдары туралы хабардар ету керек. Біздің органикалық өнім шығарушылар Еуропалық талаптарға сәйкес экспорттайды. Енді біздің нарықта да сондай тәртіпті әзірлеу керек», – деді Ұлттық палата АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі арнайы заң аясында органикалық өнім деген таңбаның болатынын атап, бірақ органикалық өнім ерікті саладағы өнім болғандықтан, комитет тексеріс жүргізбейтінін мәлімдеді.

«Бүгінде Техникалық реттеу комитеті өнімнің қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Ал органикалық өнімдер ерікті саладағы өнімге жатады. Сондықтан оның таңбасын тексеру біздің комитеттің құзыреттілігіне жатпайды», – деді комитет өкілі.

Денсаулық сақтау министрлігінің маманы да бұл саланы қадағаламайтындарын айтты.

Бұл мәселеге қоса, Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбеков «органикалық» өнім сататын  кәсіпкерлер сертификатты қайдан алатынын білмейтінін жеткізді.

Тараптардың пікірі ортаға салынғаннан кейін Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев алдағы уақытта органикалық өнімнің сатылуын бақылау алгоритмін бірлесе әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, отырыста органикалық өнім өндірісі мен айналымындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау қозғалды. Бизнес бұл салаға айтарлықтай деңгейде тартылмай отыр. Сол себепті ертең бизнеске іс жүзінде қажет болатын қолданбалы зерттеулердің қажеттілігі туралы ұсыныс айтылды. Бұл бағытта Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының мамандары жұмылдырылады. Аталған мәселеге қатысты Ербол Есенеев ғалымдар нақты шешімді тезірек ұсынбаса, кәсіпкерге кері әсер ететінін атап өтті.

Бұдан бөлек Арсен Керімбеков органикалық өнімдерге субсидия тарту мәселесін көтерді. Ол АШМ оның схемасын әзірлеуді тапсырғанын айтты.

Сондай-ақ, жиында биопрепараттардың заңсыз айналымына жол бермеу шаралары қозғалу керек болатын. Алайда Мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері отырысқа қосылмады және мәселені талқылау кейінге қалдырылды.

Еске салайық, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан Organic жобалық кеңсесі құрылған болатын. Жоба аясында органикалық өнімдердің саны мен экспортын арттыру, заңнамалық деңгейдегі талаптарды реттеу және басқа мәселелерді шешу көзделген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер