«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Валентина Михно: Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулардан бас тарту қажет

2015 жылғы 03 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
11763 просмотров

«Отделстрой» Құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС директоры Валентина Михно Батыс Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс. Ол жұмысын 1971 жылы бояушы оқушысы болып бастап, бір ұйымда 40 жылдан астам еңбек етіп, бүгінде осындай беделге ие болып отыр. Palata.kz веб-сайтына берген сұхбатында оралдық бизнесвумен балалық шақтағы арманына қалай қол жеткізгенін айтып берді.

Сіз бала кезіңізден құрылысшы болуды армандадыңыз ба?

- Құрылысшы мамандығы маған бала кезімнен арманшылдардың кәсібі сияқты болып көрінетін. Үй салу, оны жайлы, жылы, көркем ету, адамға қуаныш әкелу рахат қана емес, бақыт та сыйлайды.

- Сіз білімді де өндірістен ажырамай жүріп алдыңыз ба?

- Әкеміз қайтыс болған соң, жеті баламен жалғыз қалу анама оңайға соққан жоқ, бірақ ол барлық балаларына білім бере алды, себебі бұл әкеміздің ең үлкен арманы еді. Мен алдымен техникумды, кейін институтты аяқтадым. Барлық сатылардан өттім, бояушы болып та істедім, қауіпсіздік жөніндегі инженер, экономист, бас бухгалтер болып та қызмет еттім. Директор етіп сайлағанда, ылғи ер адамдар арасында бастапқыда қобалжыдым да, бірақ тез үйреніп кеттім, айналамдағы еркектер де үйренді. Жаңадан келген инженер-техниктерден әйел адам басқарғанына қысылмайсыз ба, деп сұраушы едім. Олар мен жайлы көп естігендері жайлы, бұған еш қысылмайтындықтарын айтушы еді.

- Өнеркәсібіңіздің дәстүрлерге бай екенінен хабардармыз. 40 жыл бойы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорын үшін бұл таңқаларлық емес.

- Біз мерейтой иелеріне құрмет көрсетеміз, зейнетке де салтанатпен шығарып саламыз. Зейнеткерлерімізді ешқашан естен шығармаймыз, жылына төрт рет олар ақшалай жәрдемақы алады, қажет болып жатса, пәтерлерге жөндеу жасап береміз. Ең маңызды дәстүрлердің бірі жұмысшылар тобына бағыштау болып табылады. Жас, жақында ғана жұмысқа тұрған жұмысшылар таңдаған кәсібіне және кәсіпорынға адал боламын деп, ант береді.

- Жұмысшы кадрлардың толығып отыруына зор көңіл бөлесіз. Жұмысшы кадрларды даярлайтын оқу орнымен ынтымақтастық ендігі жерде «дуалды білім беру» деп аталып жүр.

- «Отделстрой» бірнеше ондаған жылдан бері Орал политехникалық колледжімен әріптестікте. «Дуалды» деген терминді ұнатпаймын. Мұндай ынтымақтастық кеңес заманынан бері келе жатыр. Біз училищемен, қазіргі колледжбен байланысты ешқашан да үзген емеспіз, себебі бұл оқу орны кезінде «Уральскпромстрой» тресінің жанынан арнайы құрылған еді. Студенттер кәсіпорында іс-тәжірибеден өтеді, бірінші санат бойынша еңбекақы алады, оқуды аяқтаған соң біз оларды жұмысқа орналастырамыз. Студенттер үшін де, біздің басқа да жұмыскерлеріміз үшін де, оларды таңертең нысанға әкеліп, кешкілік үйлеріне апарып тастайтын көлікті ұйымдастырамыз.

- Колледжді сенімгерлікпен басқаруға қалай қарайсыз, ол туралы қазір көп айтып жүр ғой?

- Оны да кеңес кезінде көргенбіз. Ол кезде кәсіптік техникалық училищелер кәсіпорында құрылып қоймай, солардың есебінен ұсталатын, мамандарды даярлау кәсіпорын тапсырысына сәйкес жоспарланатын. Алайда қазір заман өзгерді, барлық кәсіпорындар бірдей оқу орнын басқаруға ала алмайды. Сенімгерлікпен басқаруға жұмыс көлемі тұрақты кәсіпорындардың ғана шамасы жетеді. Бүгін кәсіпорын қолында жұмыс пен нысан болып, ертеңінде тендерден жеңіп шыға алмай, осы жұмыстан айрылып жататын жағдайда, мұндай жауапркешілікті алу өте қиын. Бірнеше ондаған жылдардан бері жұмыс жасап келе жатсақ та, жылына 10-15 тендерге қатысамыз, жеңе алмай, бірде бір нысанды алма алмай қалатын жылдар да болып тұрады.

- Өз әл-ауқатыңызды жылына қанша рет дәлелдеп тұрасыз?

- Дәлелдемейтін кездер де болады, ал тендерді шағын, ешкім білмейтін, кейде бір күндік фирмалар ұтып, нысанды алып жатады. Ал біз сонда өз жұмысшыларымыздың басқа нысандардан жұмыс табуына көмектесуге мәжбүр боламыз, төленбейтін демалысқа шығуды сұраймыз. Осындай жағдайда колледжді басқаруымызға алғанымыз жауапсыз іс болар еді. Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар жүйесін тиімсіз деп есептеймін. Мемлекеттік тапсырыс жүйесіне қайта оралу көптеген түткілдердің, соның ішінде білікті кадрлар даярлау түйткілінің де шешімі сияқты көрінеді маған. Сала түйткілдерімен бірге жауапкершілігімдегі адамдардың тағдырына да алаңдаймын. Менің арманым - ұжымымызда жұмыс болып, адамдар ақша тауып, еңбегіміздің оралдықтардың көңілінен шығуы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер