«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Төрешілдікті жоюдағы Палатаның шоғырландырушы ролі

2015 жылғы 25 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
11150 просмотров

Отандық бизнестің түйткілдеріне тереңірек, мәндік тұрғыдан және өңірлік өзгешелікті ескере отырып қанығу үшін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлер бойынша сапарлар жүргізеді. Өңірлік даму карталары үшін түйткілдерді талқылау қорытындылары негіз болмақшы.

Батыс Қазақстан облысы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев осылай деп хабарлады.

Тимір Құлыбаев отырысты аша отырып, еліміздің негізгі экономикалық түйткілдерін белгілеп берді: мұнай бағасының түсуі, рубль бағамының тербелуі, ЕАЭО аясындағы әрекеттестіктің күрделі мәселелері.

«… Өңірлерді аралай отырып, біз ондағы қиындықтар түрлерін, жер-жерлердегі қазақстандық кәсіпкерлерге қалайша көмектесе алатынымызды қараймыз», - деп атады ҰКП басшысы. – «Еліміздің Үкіметі көптеген бағдарламаларды іске асыруды кейінге ысырып қойып, отандық кәсіпкерлікті қолдауға айтарлықтай қаражат бөлгенін білесіздер. Атап айтқанда, олар өңірлік даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаларға бағытталмақшы».

ҰКП Төралқа Төрағасы индустриялық мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы қорытындысының маңыздылығын атады. Тимур Құлыбаевтың сөзіне сүйенсек, 2010-2014 жылдар ішінде тек қана Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 258,3 млрд. теңгеге 34 жоба енгізіліп, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған. ИИДМБ екінші бесжылдығының барысында БҚО-да алты жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 2015 жылдың өзінде 98 жұмыс орнын құрумен жалпы құны 43,7 млрд теңге болатын екі ірі көлемді жоба жүзеге асырылуда.

- «Бүгінде біздің міндетіміз сіздермен жаңа жобалармен байланысты мәселелер блогын талқылау», - деп баса көрсетті Тимур Құлыбаев.

ҰКП басшысы барлық индустриялық жобалардың екі деңгейге – республикалық және өңірлік болып бөлінгенін түсіндіріп кетті. Біріншісі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, машина жасау және өзге де «ауыр» салалардағы 50 млн доллардан жоғары тұратын ірі жобаларды біріктіреді. Жобалардың бұл тобын іске асыру жауапкершілігі Өңірлік даму министрлігіне бекітілген. Екінші – өңірлік деңгейдегі жобалар ҰКП және облыстық әкімдіктер қамқорлығымен жүзеге асырылмақшы.

«Қазірде барлық өңірлерде өңірлік Индустрияландыру карталарын қалыптастыру жөніндегі бірлескен жұмыс топтары құрылып та қойған. Барлық облыстарда Палата директорлары, осы бағытқа жетекшілік етуші әкімдер орынбасарлары жұмыс топтарының тең төрағалары болып табылады. Жарты жылдықтың соңына дейін, яғни 1 шілдеге дейін өңірлік карталардың алғашқы жұмыстық сұлбаларын қарау міндетін алға тартып отырмыз. Өңірлік карта өңірлік нарық өзгешелігін, сонымен бірге отандық тауар өндірушілердің ірі ұлттық және жүйе құрушы компаниялармен ұзақ мерзімдік келісім-шарттары негізінде дайын өнімді өткізу мүмкіндіктерін көрсетуге тиіс», - деді Тимур Құлыбаев.

ҰКП басшысы осы сәттен бастап экономиканы әртараптандыру, оның шикізаттық бағыттылығынан алшақтау құралы ретінде кәсіпкерлікті дамыту әкімдіктер қызметінің басымдылықты бағыты болатындығын баса көрсетті.

«Біз индустрияландырудың алғашқы кезеңіндегі түйткілдермен ұшырасып та үлгердік, және де осының бәрін ескеруге тиіспіз», - деп атады Тимур Құлыбаев, - «Алдымен өңірдің күшті жақтарын анықтап, пайдалануға тиіспіз. Ол үшін бизнестің әкімдікпен бірге жұмыс жасағаны қажет. Төрешілдікті жоя отырып, осы жобаларды сүйемеліне алатын Палатаның шоғырландырушы ролі де осы тұстан көрінуге тиіс».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер