Алматы бизнесі Консультативтік-кеңесу органының қорғауында
Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында Консультативтік-кеңесу органы (ККО) құрылады
Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Юрий Тілеумұратов «Адем» СО сауда орындары өртеніп кеткен кәсіпкерлерді қолдау үшін құрылған Жедел штаб қызметіне қорытынды жасау жөніндегі іс-шара барысында хабарлады. «Ірі супермаркеттерде, сауда үйлерінде немесе базарларда саудамен айналысатын кәсіпкерлер бизнестің ең қорғалмаған тобы. Сауатсыздық, салық заңнамасы саласындағы білімнің жетіспеушілігі салдарынан оларда жалғыз еңсеруге әлдері келмейтін түйткілдер жетіп жатыр. Мұндай он мыңдаған кәсіпкер бар. Қаламызды біресе зілзала сілкіндіріп, біресе сел жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар туындау мүмкіндігі ерекше жоғары. Осындай жағдайларда жедел түрде жауап қата алатын, зардап шеккен бизнес субъектілеріне қолынан келгенше көмектесетін қандай да бір кеңесу органын құратын уақыт келді деп шештік», - деді Юрий Тілеумұратов.
ӨКП басшысы сонымен қатар үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде ұйым бастамасымен Алматыда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылғанын айтып өтті. Аталмыш орталық 8 түрлі консультативтік қызмет көрсетеді, сонымен бірге тегін негізде бизнес-жоспар құруға көмектеседі.
Юрий Тілеумұратов «Адем» сауда орталығында болған өрттен кейін зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек ретінде құрылған Жедел штаб қызметіне қорытынды жасай отырып, Жұмыс тобының кәсіпкерлермен, мемлекеттік органдармен және сауда орталығы әкімшілігімен кең көлемді жұмыс жүргізгенін хабарлады. Алматы ӨКП атына материалдық зиянның орнын толтыруға жәрдем көрсету, жұмыс орындарын қалпына келтіру, бұрын алған кредиттерді оңтайландыру және кредит бойынша төлемдер мерзімін созу, сауда нүктесін жалға алғаны үшін алдын-ала төлемді қайтару бойынша көмек сұраған 668 жазбаша өтініш келіп түсті.
«Осы уақыт ішіндде Жедел штабтың 12 отырысы өткізілді. 7 коммерциялық банк (ВТБ Банк, Сбербанк, АТФ банк, Kaspi bank, Альфа Банк, Евразийский, Форте Банк) және 2 Микрокредиттік ұйым («KMF» Микроқаржы ұйымы, Кредит Системс Микрокредиттік ұйымы) бойынша «кредиттік каникул» беру, өсімпұлдар мен айыппұлдардан босату, кредиттік мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарау мәселелерін шеше алдық», - деп қорытты Өңірлік палата басшысы.
Мемлекеттік органдармен жұмыста да келіссөздер нәтижелері анықталуда. Сонымен, Алматы қаласы Мемлекеттік табыс департаменті қысқа мерзім ішінде зардап шеккен кәсіпкерлердің бухгалтерлік құжаттарын қалпына келтіріп, қызметтерін тоқтатып, жеке кәсіпкерліктерді таратып берді.
Кәсіпкерлердің бастамашыл тобының өкілі Айгүл Әбдірешова нақты да жедел жұмыс, сонымен бірге шағын бизнесті қорғау жөнінде дұрыс саясат жүргізудің арқасында Өңірлік палатаның қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алғанын баса көрсетті.
«Бір басымда 5 кредит бар. Бүгінде әрбір екінші қазақстандықтың кредиті бар. Жағдай нашар еді. Құр қол қалдық. Бұдан әрі не істейміз, қарыздарды қалай қайтарамыз деп жүрдік. Палата араласқаннан кейін барлық мемлекеттік органдар мен банктердің беті бері қарады. Сөйтіп, кредитімнің төлеу мерзімін жарты жылға кейінге қалдырды. Бұл керемет нәтиже», - деп алғысын білдірді Айгүл Әбдірешова.
Алматы ӨКП кездесу қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктер мен мемлекеттік құрылымдар өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады.
2015 жылғы 26 сәуірде «Адем» сауда орталығының оң жақ блогында ірі өрт орын алғанын еске саламыз. Өрт 25 000 астам шаршы метрді жалмап, зардап шеккен бутиктер саны 1600-ден асты. 1127 кәсіпкер зиян шегіп отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: