«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хабарлама ма, әлде бопсалау ма?

2015 жылғы 22 Қазан
- Қарағанды облысы
16337 просмотров

Қарағандылық кәсіпкерлерге жаппай жалған кәсіпкерлік туралы хабарламалар таратылуда

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік табыс органдарынан хабарлама алған көптеген бизнесмендер жүгінуде. Аталмыш хабарламаларда кәсіпорындардың контрагенттеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 215 бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша (жалған кәсіпкерлік) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Хабарламада кәсіпорындардың бұрын берілген салық есептілігін тергеу жүргізіліп жатқан фирмамен өзара есеп айырысу жағынан өзгертулер енгізу ұсынылады.

Кәсіпкерлер түйткілі Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің қазан айында өткен отырысында қаралды.

Мемлекеттік табыс департаменті басшысының орынбасары Қайрат Орқашбаев берген ақпарат бойынша, аталмыш хабарламалар ешқандай заңмен реттемеленбеген және де, органның хат алысуға құқығы бар болғандықтан, салық төлеушімен байланыс орнату мақсатында жолданады. «Онда қосымша салық есебін беру жайлы қандай да бір талап мүлде айтылмайды. Ол көбіне түсіндіру-алдын алу сипатына ие. Мемлекеттік табыс органдары салық заңнамасына сәйкес Салық кодексінің аясында салық міндеттемелерін орындауды талап етуге құқылы. Бірақ мұндай құжат «хабарлама» деп аталады, және де оның 10 шақты түрі бар»,  - деді Қайрат Орқашбаев. Орган өкілі хабарлағандай, таратылған хабарламалар аясында 70 кәсіпорын 90 млн теңгеден астам сомаға қосымша есеп тапсырған. 

Қайрат Орқашбаев мұның әдеттегі қатынасхат екенін, тіпті: «Салық есебіне өзгертулер мен толықтырулар құқығын қолдануды ұсынамыз», деп жазылған мәтінде еде талап ету көрініс бермейтінін алға тартуда.

Алайда Кәсіпкерлер палатасы мұндай түсіндірумен келіспей отыр. Қарағанды облысы КП директорының орынбасары Геннадий Жмуктың айтуынша, хатта нақты кәсіпорындар көрсетілген және сотқа дейінгі тергеу жүргізу туралы хабарланады.

«Бопсалау дерегін жоққа шығара алмайсыздар. Егер, мәселен, БАҚ арқылы хабарлап отырған болсаңыздар, бұл қаперге алатын ақпарат ретінде қабылданар еді. Ал аталмыш жағдайда нақты кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келтіріп отырсыздар. Хабарлама алған кәсіпорын контрагентке: «Сіздер жалған кәсіпорын екенсіздер ғой!», - деп қоңырау шалады. Бұған жол беруге болмайды, және де кәсіпкерлер құқығына қысым жасау болып табылады», - деп ол салықшыға қарсылық білдірді.

Хабарлама қоқан-лоққы сипатына ие. Оған салық органы жазған хаттың мәтіні де куә болады: «Сізге қатысты, басшы ретінде, салық төлеуден жалтару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталуы мүмкін. Оның үстіне, сотқа дейінгі тергеу барысында фирмаңызда салықтық тексеріс жүргізуді тағайындауға құқықтық негіздеме бар. Сондықтан да өзіңіз басқарып отырған кәсіпорын басқа да қосымша процессуалдық шығындар шегуі де мүмкін».

Оның сөзін «Бастау Lаif» ЖШС өкілі Виктория Сень растап отыр.

«Президент Әкімшілігіне дейін, контрагенттеріміздің бәрі аталмыш хаттарды алып отыр. Айналымымыз едәуір түсіп кетті. Беделімізге нұқсан келді. Қатаң бәсекелестік жағдайында бедел дегеніміз – бұл да тауар, бұл біздің бейматериалдық активіміз. Жылдық келісімшарттарымыз бүгінде тоқтатылып отыр. Сотқа жүгініп, шығынымызды, қолға түспеген табысымыздың орнын толтыру үшін, құқығымызды қорғайтын боламыз», - деп мәлімдеді кәсіпкер.

ЖЖМ жеткізумен айналысатын «Бастау Lаif» ЖШС салық органдары жасаған таратпа нәтижесінде бұрын болмаған шығынға түсіп отыр. Кәсіпорын қызметін 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы жылдар ішінде Ресей және Қазақстанның компанияларымен серіктестік байланыстар жөнге салынған. Ал қыркүйек айында «Бастау Lаif» ЖШС контрагенттері Қарағанды облысы Мемлекеттік табыс департаментінен кәсіпорынға қатысты сотқа дейінші тергеу жүргізіліп жатқаны жайлы хабарламалар ала бастады.

Контрагенттер атына жазылған аталмыш хабарламалардың ЖШС өзіне қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны жайлы хабардар болғанша келіп жеткенін айта кету керек.

Яғни мемлекеттік табыс органдары салық төлеушіге анықталмаған дерек бойынша есептелген салықты төлеуді ұсына отырып, ҚР заңнамасының конституциялық қағидаты – кінәсіздік презумпциясын бұзып отыр.

Сөйтіп, хабарламалар төңірегіндегі ахуал облыс прокуратурасына да белгілі болды. Бұл туралы облыстық прокурор орынбасары Әспенби Жарылғасов хабарлады.

«Палата өтінішін алдық. Аталмыш мәселе бойынша тексерісті жеке өзім тағайындадым. Тексеріс жүргізіліп жатыр. Белгілі бір дәрежеде, сіздермен келісемін. Бұл жағдай бойынша құқықтық бағаны, бәлкім жақын арада болар, міндетті түрде ұсынамыз», - деп атады ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер