«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«БТА Банк» АҚ-ның бұрынғы басқарушыларын алаяқтық жасады деп айыптауда

2016 жылғы 02 Ақпан
18051 просмотров

Банкпен көп жылғы сот дауының салдарынан көкшетаулық кәсіпкер банкротқа ұшырады

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Жекебатыр» ЖШС өзінің материалдық мүдделерін қорғауды өтініп келді. Шағымдануға кәсіпкердің көп жылғы (2009 жылдан бері) «БТА Банк» АҚ-мен (қазіргі уақытта «Қазкоммерцбанк») соттасуы себеп болды. 

Істің мәнісі мынада. Банк талап ету құқықтарынан бас тарту жөніндегі келісімнің шарттарын өрескел бұзған. Жарты жыл бойы банк «Жекебатыр» ЖШС-нің 495 млн. теңгеден астам сомадағы қарызын өтеуді орындамаған. Мұнда «БТА Банк» «Жекебатыр» ЖШС-нің берешегін заңсыз ұлғайтып, 2009 жылғы 17 тамыздан бастап мерзімі өткен сыйақы, айыппұлдар  мен индекстеуді қоса есептеп жазған. Соның нәтижесінде ЖШС «БТА Банк» АҚ-на 226 млн. теңге берешек болды.  

Ақмола облыстық соты 2013 жылдың 18 маусымында қаулы еткендей, «БТА Банк» «Жекебатыр» ЖШС-не 2009 жылдың 18 тамызындағы жағдай бойынша берешектерді қайта есептеуге міндетті болатын. Алайда, соттың осы шешімі орындалмай келеді. Оған қоса, банк «Жекебатыр» ЖШС-не және сот орындаушысына 2009 жылдың 18 тамызына берешектерді қайта есептеу жүргізілді деп хабарлаған, бірақ бұл жалған. Банктің хатына сілтеме жасап, сот орындаушысы істі атқарылды деп тоқтатады. Тергеу барысында анықталғандай, «БТА Банк» АҚ «Жекебатыр» ЖШС-нің кепілдік мүлкіне болу және сыйақы есептеуді асырып көрсету  мақсатымен сот орындаушысын адастырып, қайта есептеу жөніндегі соттың шешімі орындалғаны туралы жалған мәлімет берген.

«БТА Банк» АҚ басшыларының іс-әрекетінен ҚР ҚК 190-шы бабында көзделген (алаяқтық) қылмыстық қылық белгілері көрініп тұр. «БТА Банк» АҚ жетекшілеріне қатысты алаяқтық іс-әрекеттер фактісі бойынша тексеру материалы қылмыстық істен жеке іс жүргізуге бөлінген және Ақмола облыстық ІІД тергеуіне берілген. Қазіргі уақытта осы іс бойынша тергеу жүргізілуде. 

Оған қоса, 2015 жылғы 9 сәуірдегі апелляциялық сот алқасының ұйғаруымен Ақмола облыстық сотының 2013 жылғы 18 маусымдағы «Жекебатыр» ЖШС-нің «БТА Банк» АҚ-ын 2009 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша берешекке қайта есептеу жүргізуге мәжбүрлеу туралы қаулысын орындау жөнінде сот орындаушысының әрекетіне шағымдану мерзімін қайта жаңғыртудан бас тартылды. Сөйтіп, іс жүргізу тоқтатылды. Ақмола облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен апелляциялық сот алқасының ұйғарымы өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ,  «Жекебатыр» ЖШС-не шағым берудің мерзімін қалпына келтіру туралы қадағалаушы іс қозғаудан бас тартылды.

Бұл мәселе «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің күн тәртібіне қойылды, ол сейсенбі күні өтті. Мәжіліске бейнеконференция тәртібімен өңірлер де қатынасты. Жағдаятқа түсінік беру үшін «Қазкоммерцбанктің» Көкшетау филиалының директорының орынбасары Дәулет Токинге сөз берілді. «Қазір «Жекебатыр» ЖШС-не қатысты банкроттық іс жүргізілуде, яғни, ЖШС банкрот деп танылды. Соттың шешімі өткен жылдың  желтоқсанында заңды күшіне енді. Қайта есептеу кеш жүргізілгені рас. Егер мәміленің өзі 2010 жылдың тамызында жасалған болса, онда қайта есептеу 2011 жылдың желтоқсанында жүргізілген. Бірақ қайта есептеу тамыздағы жағдай бойынша жасалған. Яғни, компанияның мүддесі ешқандай да бұзылған жоқ. Кейінірек банк сотқа шағым берді. Сот қарыздың сомасын өтелген 495 млн. соманы ескере отырып өндіріп алды. Оған қоса, бұл мәселе соттың барлық инстанцияларында қаралды. Оның ішінде апеллляция, кассация мен қадағалаушы инстанциялар да бар. Банктің дұрыстығын барлық соттар растады», – деді ол.

Төраға Ғани Қасымов, өз кезегінде, осы мәселе бойынша мынадай қарар шығарды: «ҚР Бас прокуратурасына мемлекеттік сот орындаушысының іс-әрекетіне шағым жасау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы сот актілеріне наразылық  келтіру және олар шығарған «Жекебатыр» ЖШС-нің шағымы бойынша атқарушылық істі тоқтату туралы қаулыны бұзу жөнінде өтініш жолдау. Екінші – ҚР Бас прокуратурасына алаяқтық әрекеттер фактісі бойынша «БТА Банк» АҚ қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істі жан-жақты әрі толық объективтілікпен тергеуді қамтамасыз ету мәселесін өтіну»,– деп тұжырымдады ол.

«Алдымен бизнесті құртты дегендей, ал сосын... Біз Кеңес мүшелерімен бірге бұл жағдаятты толық қарастырдық. 5 жыл бойы әбден тәлкек еткені көрініп тұр. 110 млн теңге салықты әр жыл сайын бюджетке төлеген. Бәрін қиратып, адамды қайыршылыққа түсірген»,– деп қосты Қасымов.

Сондай-ақ, Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Айткүл Самақова өз пікірін білдірді: «Мен кеше осы материалдармен таныстым. Айран-асыр қалып отырмын. Бүгінгі күні кәсіпкердің дұп-дұрыс, қалыпты шағымын әуре-сарсаңға салғаны, бизнесті қиратқаны үшін ешкім жауап бермейді. Бюджетке бұл бизнестен жыл сайын 110 млн теңге түсіп отырған. Бизнесті  тұншықтырғаны аздай, бюджет те осыншама ақшадан айрылған. Енді бүгін келіп: «Біз банкрот қыламыз» дейді. Сіздер банкрот қылуға емес, істің мәнісі неде, соны анықтауларыңыз керек. Мұндай оқиғалар біреу ғана емес. Бұл адам бізге келіп, жан айқайын білдірді, ол қайда шағымданарын білмейді. Бүгінгі күні «Атамекен» – республикалық деңгейдегі ұйым, оның бизнесті қорғауға өкілеттігі бар. Біз бұл мәселенің жай-жапсарын және кімнің кінәлі екендігін анықтауға тиіспіз», – деп мәлімдеді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер