«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрылыс саласы үшін маңызды күн

2016 жылғы 12 Ақпан
12000 просмотров

Құрылыс жобаларын сараптау саласындағы сараптамалық ұйымдардың Палатасы жұмысын бастады

Бүгін заң жобасын әзірлеумен және кәсіби қоғамдастықтың талқылауымен өткен бір жыл бойғы жұмыстың нәтижесінде сарапшылық жұмыстардың бір бөлігін «Мемлекеттік сараптама» РММ-ден бәсекелі ортаға ауыстыруға байланысты құқықтық кеңістік құрылды.   

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева осы жаңалық жөнінде алдын ала құлақтандыра отырып: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2020 жылға дейін жоба алдындағы және жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамасы саласындағы жұмыстардың 90%-ын жеке меншікке беру қажет. 2015 жылы осы бағыт бойынша даярлық жұмыстары жүргізілді. Заңнамаға кезең-кезеңімен өзгертулер енгізілді. Желтоқсан айының соңына қарай база толықтай құрылып болды. Бірақ, 2015 жылы жеке сараптаманың іс жүзіндегі нарығы тоқтап тұрды. Кәсіпкерлер шығын шекті. Аккредитациядан өтпеген, Палата құрмаған, оған мүшелікке кірмеген сараптамалық ұйымдар өздерінің кәсіпкерлік қызметін іске асыра алмай қиналды. ҰКП-ның Ұлттық экономика министрлігі басшылығына жасаған өтінішінен кейін және бұл мәселені ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың қарауына ұсынған соң барып сең қозғалды деуге болады», – деді.

ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару комитетінің өкілдері сараптамалық ұйымдардың аккредитациядан өту үдерісі жыл басынан бері жандана түскенін, және де бүгінгі күні 19 аккредитация куәлігі берілгенін растады.

Жеке сараптамалық ұйымдардың жұмыс бастауына Сараптамалық ұйымдардың бірыңғай палатасының заңды түрде бекітілуі ғана жетіспей келді.

«Палата құрылды, ол әділет органдарында тіркеуден өтті. Жұмыс ҰКП қамқорлығымен жүргізілетін болады. Әзірге ҰКП-ның салалық хатшылығы Палатаның жұмысшы органы қызметін атқарады. Мен бұл жұмыс жариялы болуы үшін ірі қауымдастықтар арасынан қадағалаушылар кеңесін сайлаймыз деп ойлаймын. Біз аккредитациядан өткен сараптамалық ұйымдардың барлығын, оның ішінде өңірлерді де Палата құрамына кіруге шақырамыз», – деді Ю.Якупбаева.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Палатаны ҰКП аясында құрудың артықшылығын оның бүкіл 16 өңірде бөлімшелер желісі бар екендігімен байланыстырды. Осылайша, қауымдастықтың Палата Қазақстанның бүкіл аумағында жұмыс істей алмайды деп алаңдауына негіз жоқ. «Біз сала шығындарын ұлғайтпай-ақ жұмысты бастай береміз. Бұл  жағдайда ҰКП-ның әлеуметтік мақсаттарды: Палатаның құрылуын, аяғынан нық тұруын және сарапшылар барынша тиімді жұмыс істеуін қалайтыны анық», – деді Юлия Якупбаева.

«Сәулет қызметі туралы» заңға сәйкес, Палатаны үш сараптамалық ұйым құра алады. Яғни, дербес старт алу арқылы қызметін бастау үшін жаңа Палатаға материалдық-техникалық база  жетіспейді, сол себепті саладағы ірі бизнес-қауымдастықтардың бастамасы бойынша аталмыш Палатаны дәл осы ҰКП қамқорлығымен ашу жөнінде ұсыныс жасалды. Және де Ұлттық экономика министрлігі бұл тәсілді мақұлдады», – деді ол.

Якупбаеваның сөзіне қарағанда, жаңа ұйым мынадай функцияларды орындайтын болады: өз мүшелерінің заңды мүдделері мен құқықтарын мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарда қорғау; сараптамалық ұйымдарды аккредитациялау; аккредитацияланған сараптамалық ұйымдардың тізілімін жүргізу; тұрақты жұмыс істейтін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, сарапшылардың оң жұмыс тәжірибесін талдау, жинақтау, тарату, сарапшылар этикасы Кодексін әзірлеу және басқалары.   

Өтпелі кезең ішінде Палатаның өкілі қызметін Палата төрағасы атқара тұрады. Палата құрамына кірген сараптамалық ұйымдар саны жеткілікті болған кезде Басқарма құрамы жасақталады. Бұл тұрғыда Басқармада кем дегенде үш өкіл уәкілетті органнан болуы керектігі заңнамада анықталған. Төраға саланың кәсіпқой ойыншылары қатарынан қайта сайланады.

Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Жасұлан Сүйіншіәлиев ҰКП-ны осындай елеулі оқиғамен құттықтады және Палатаның алдында  «Мемлекеттік сараптама» РММ жұмыс көлемінің 90%-ын бәсекелі ортаға беру перспективасына байланысты үлкен жұмыстар тұрғанын атап өтті. Уәкілетті орган өкілі қолданыстағы заңнаманы түзетуге қатысты бірлесе шешім қабылдауға даяр екенін білдірді.

Қазақстанның Құрылыс салушылар қауымдастығының басшысы Аслан Түкиев, өз кезегінде, Бірыңғай палата – бұл, шын мәнісінде, өзін-өзі реттеуші ұйымдар туралы заң қолданысқа енгеннен кейін өзін-өзі реттеушілік перспективасы бар бірінші ұйым екенін атап көрсетті. «Бұл өте жақсы бастама. Сіздер енді өз салаларыңызды өздеріңіз реттеп, оны сапалы ете аласыздар. Палатаның алдында үлкен міндеттер тұр, дегенмен нақты проблемаларымыз да жоқ емес. Мемлекет басшысы анық белгілеп берген міндеттерді орындауымыз қажет. Біз, құрылыс салушылар, осыған ықпал ететін боламыз», – деді ол.

Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының өкілі Серік Рүстембеков Сараптамалық ұйымдар палатасының құрылуын құптай отырып, «атқаратын функциялар және өзге де маңызды мәселелер бойынша жақсы пікірталас болды, және де біз Палатаның дәл осы ҰКП-ның қамқорлығымен құрылатынына өте қуаныштымыз» деп атап өтті.  

«ҰКП қолдауымен, кәсіпқойлардың көмегімен біз дұрыс бағытта  дамитынымыз жақсы үрдіс. Қазір нарықтық ортаға көп болса 2-3 қабат мекен-жай, 500 шаршы метр беріледі, қалғаны мемлекеттік сараптама монополиясының қарауында қалады. Бұның бәрін өзгерту керек», – деді ол.  

Құрылыс саласы ұлттық қауымдастығының президенті Әділше Ермұханов атап көрсеткендей, Палата жаңа жобалық шешімдерді, жұмыс сапасын қолдауға бағдарлануы тиіс. «Жеке және мемлекеттік сараптама деп механикалық түрде бөлудің қажеті жоқ. Палата Қазақстанда мыңдап саналатын сарапшылардың біліктілік деңгейін бекітетін орган болуы тиіс», – деді ол.

Жаңа ұйымның әлеуетті мүшелері де өз пікірлерімен бөлісті. «Норматив Плюс» ЖШС қызметкері Алтынгүл Наурызбаева барлық қатысушыларды Палатаның құрылуымен құттықтай отырып, «Біз өз мүдделерімізді қорғау үшін ғана емес, сондай-ақ, нормативтік, ақпараттық, әдіснамалық көмек алу үшін осындай ұйымға мұқтаж екеніміз даусыз. Біз бәріміз бір салада жұмыс істейміз және ортақ іске атсалысамыз»,– деп ой бөлісті.

«Палатаның жұмысы тезірек басталғаны жақсы. Шынында да, біліктілікті арттыру курстарын өткізетін осындай ұйым өмірге келетіні өте жақсы болды. Мен бұл салада бұрыннан бері жұмыс істеймін, және де осы уақыт ішінде мұндай курстар болған емес», – деп қосты «ЭКС Құрылыс Project» ЖШС директоры Евгения Малькова.  

Пікірталасты қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ю.Якупбаева «Бірыңғай палатаға аккредитациялау функциясын толығымен бергенге дейін, ҰЭМ басшылығымен құрылыс саласындағы аса ірі бизнес-қауымдастықтар өкілдерін мемлекеттік орган жанындағы тиісті комиссияға енгізу туралы келісімге қол жеткізілді», – деп атап көрсетті.

Осы орайда, 2016 жылдың 21 қаңтарында ҚР ҰКП алаңында селекторлық отырыс өткенін еске саламыз, мұнда құрылыс саласындағы ірі республикалық және өңірлік салалық қауымдастық жетекшілері, сараптамалық жұмыс нарығы субъектілерінің өкілдері құрылыс нысандарын жобалау саласындағы сараптамалық ұйымдардың Бірыңғай палатасын ҚР ҰКП қамқорлығымен құруды  ұсынған болатын. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер