«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заң нормалары қарапайым тілмен түсіндірілді

2016 жылғы 17 Ақпан
- Батыс Қазақстан облысы
10417 просмотров

Бизнесмендердің салық органдары өкілдерімен кездесулері көптеген даулы мәселелерді түсінуге көмектеседі

Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесіп қала және облыс кәсіпорындарының өкілдерімен, кәсіпкерлермен, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен, салық төлеушілермен кездесу-семинар ұйымдастырды. ҚР салық заңнамаларындағы және ДСҰ шеңберінде тауарларды кедендік рәсімдеудегі өзгертулер жайында салықшылар мен кеденшілердің өз аузынан естігісі келгендер Батыс Қазақстан мемлекетітк университетінің акті залына сыймай кетті. Кездесуге Орал қаласынан және жақын аудандардан үш жүзге жуық адам келді және 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ЕАЭО және ДСҰ заңнамалары бойынша салық салу және кедендік рәсімдеу әрекеттеріндегі өзгертулер жайында естіп білді.

Мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров семинарды ашып, ҚР салық заңнамасындағы өзгерістер негізінен республикадағы кәсіпкерлікті қолдау міндеттерінен, сондай-ақ, ҚР-ның ДСҰ аясында ЕАЭО елдері алдындағы міндеттемелерінен туындағанын атап өтті.

БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлан Қайыршин Палатаның екі жылдық қызметі барысында кәсіпкерлердің белсенділігі едәуір өскенін айтты, әсіресе, бұл қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты мәселелер. «Кәсіпкерлер заң жобаларын талқылайтын дөңгелек үстелдерге, кездесулерге, семинарларға көбірек қатыса бастады. Бұл Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мүддесін қозғайтын  заңнамаларын жетілдіру процесіне қатысу қағидаты іс жүзінде орындалып отырғанын дәлелдейді», – деді Н.Қайыршин.

Кездесуге  негізінен, тауар экспортымен және импортымен айналысатын көптеген бизнесмендер қатысты, сол себепті олар ДСҰ-ның төмендетілген мөлшерлемесімен алу тізімінде бар тауарларды, егер де тауар ҚР территориясында тұтынылатын болса, әкелу және рәсімдеу мүмкіндігі туралы ақпаратты қызыға тыңдады.

Тауар номенклатурасы басқармасының басшысы Сағида Шакенова сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушыларын электронды сандық код алу және электронды шот-фактураны міндетті түрде толтыру қажеттігі жайында хабардар етті. Сондай-ақ, ол электронды шот-фактураларды толтыру ережелерімен, ҚР СК-дегі өзгертулермен, контрагенттерге арналған  жалған кәсіпкерлік әрекеттерінің салдарымен таныстырды. Бұл мәселе кәсіпкерлер тарапынан өте көп пікір туғызды, олар жалған кәсіпкерлер кесірінен адал ниетті салық төлеушілердің зардап шегуін әділетсіз деп есептейді. Өйткені, кездесуде сөз сөйлегендер атап айтқандай, келісім жасар алдында бүкіл құрылтай құжаттары, банк шоттары, тіркеу туралы куәлік, ҚҚС тіркеуіне қою құжаттары тексеріледі, бірақ, сонда да жауапсыз контрагенттерге тап болып қалатын жағдайлар кездеседі. Мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері барлық кәсіпкерлерге комитет сайтына жиі кіріп тұруға кеңес берді, мұнда жауапсыз салық төлеушілердің тізімдері жарияланып отырады.

Сондай-ақ, қаржы мәліметтерін беретін бақылау-кассалық машиналарды,  POS-терминалдарды орнату мәселелері де көтерілді. Көптеген кәсіпкерлердің атынан сөйлеген «Таиском» ЖШС басшысы Александр Борзиков «Қазақтелеком» АҚ-ның онлайн режіміндегі ақпарат беруші операторының жұмысына қатты наразылық білдірді. «Салық төлеушінің кабинеті арқылы салық есептерін жіберу кезінде сервер үнемі тоқтап қалады. Заң қабылданды, ал техникалық жағынан жұмыс істеуге әлі даяр емес», – деді кәсіпкер. Сонымен қатар, электронды шот-фактураларға байланысты көптеген кемшіліктер айтылды, техникалық іркілістер салдарынан кәсіпкерлер есепті мерзімінде беріп үлгермейді.

Кездесу өте пайдалы әрі белсенді өтті. Кәсіпкерлер, бухгалтерлер, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары осындай семинарлар, әсіресе, заңнамадағы өзгертулер енгізіліп жатқан кезеңде, өте қажет екенін атап айтты. Оған қоса, семинар іскерлік ахуалда өтті, қызықсыз баяндамалар болған жоқ, істің мәніне қатысты ұсыныстар көп айтылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер