«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылшаруашылық өнімін өндірушілер, бірігіңдер!

2016 жылғы 14 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
9553 просмотров

Кооперация – бәсекелестік күресте төтеп берудің бірден бір жолы

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында өткен кездесуде БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсәтіров пен ауыл кәсіпкерлері осы және өзге мәселелерді талқылады. «Дағдарыс кезеңінде орта және шағын шаруашылықтар тар салалық мамандандыру және ауылшаруашылық өнімдерін орналастыруды оңтайландыру, басқаруға аз шығындар жұмсау, ауылшаруашылық техникаларын алу, еңбекті жоғары ынталандыру сияқты факторларды толығымен пайдалану қажет. Бұл басымдықтарды ҚР «Ауылшаруашылық кооперациялары туралы» жаңа заңы береді», – деді кездесуде Өңірлік палатаның басшысы.

«Әрине, заңнамалық басымдықтарды барынша пайдалану үшін, осы және өзге де заңнамаларды оқып білу керек. Бұған Палата өткізетін «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу» бағдарламалары аясындағы оқулар көмектеседі».

Оқыту туралы ақпаратты кәсіпкерлер мен фермерлер жақсы қабылдады. Жеке кәсіпкер Есенжан Қанафин: «Міндетті түрде оқыту керек, әсіресе, жастарды, сонда мүмкін болашақты көре тұра, олар ауылдан кетпей, өз өңірінің экономикасын көтереді».

Оқыту бастамасын «Гулсезім» ЖК-нің басшысы Рысты Қибашева да қолдады. Кезінде ол 21 жыл киім пішумен айналысқанымен, кейін ұзақ уақыт жұмыссыз қалды, алайда мемлекеттік қолдаудың қандай мүмкіндіктер беретіндігін көрген ол жеке кәсібін ашып, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2 млн. теңге несие алды. Несие қаражатына тігін цехының ғимаратын тұрғызып, тігін машиналары мен құрал-жабдықтар, маталар сатып алды. Бүгінде оның тігін шеберханасы туралы қаратөбеліктердің барлығы хабардар. Ата-аналар балаларына мектеп формасын іздеп, облыс орталығына сабылмайтын болған, Рысты формаларды жеке тапсырыс бойынша тігіп береді. «Гулсезім» тігін шеберханасында бала бақшалардағы түрлі мерекелік шараларға, би ұжымдарына арналған киім-кешектер тігіледі, сонымен қатар, арнайы киімдер де тігіліп, киімдер жөнделеді. Рысты Қибашева «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауына, «Туризмді экология арқылы дамыту: Дәстүрлер, заманауилық, инновациялар» қолөнер фестиваль-жәрмеңкесіне қатысып, Дипломмен, алғыс хатпен және планшетпен марапатталды.

Кеңес Әбсәтіров Рысты Қибашеваға БҚО Кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хат пен кәдесый табыс етіп, оның табанды еңбегі ауылды жерде бизнесті дамытудың жарқын үлгісі екенін, жастарды өз ісін ашуға қанаттандыратындығын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер