«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мың рет естігеннен, бір рет көрген жақсы

2016 жылғы 21 Сәуір
- Батыс Қазақстан облысы
10200 просмотров

Газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің базасында оқу полигоны ашылды

Енді оқушылар мұнайды өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау процесін көрнекі түрде бақылай алады, оқу трансформаторын, кернеуі 10кВ-ға дейінгі электр беру құрылғыларының әуе желілерін, төменгі вольтті әуе және темірбетон  тіректердегі кабельдік желілерді, изоляторларды, траверс және басқа да жабдықтарды өз көздерімен көреді.  

Оқу жабдықтары Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің аумағында колледждің әлеуметтік серіктес кәсіпорындарының – «БатысҚазРЭК» АҚ, «ЖайықМұнай» ЖШС, «Орал-Терминал» ЖШС, «Қазгазбұрғылау» АҚ, «Оралмұнайгазгеология» АҚ, «ИНТЕК-ОНМР» ЖШС, «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ көмегімен орнатылды.

«Қазір колледжде Дуальдық оқытудың жол картасын іске асыру аясында оқу уақытының 60%-ға жуығы практикалық сабақтарға бөлінеді. Жастардың заманауи құрал-жабдықтарды жылдам меңгеріп алатынын көргенде қуанамыз, – деді полигонның ашылу рәсімінде колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев. – Кәсіпорындардың бәрі бірдей студенттерді практикаға алып, нақты өндіріс режимінде белгілі бір мамандық бойынша оқыта алмайды. Ал, оқу жабдықтары оқушыларға өндірістегі ахуалды көрнекі түрде көру мүмкіндігін береді, оқытушылардың нақты өндірістік циклды неғұрлым дәл көрсетуіне көмектеседі».

Кәсіпорын басшылары оқу полигонының ашылу рәсімінде өндірістің жас, келешегі зор, білікті кадрларға мұқтаж екенін атап айтты. «Оқу полигонының ашылуы оқушыларға таңдап алған кәсіптері бойынша бастапқы білімдер мен машықтарды тезірек игеруіне көмектеседі, – дейді «БатысҚазРЭК» директоры Қуат Мусин. –  Демек, енді өндіріске практикалық машықтары мол мамандар келеді деген сөз».

Газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі жанындағы оқу полигоны  мына мамандықтар: «Газ-мұнай құбырларын және газ-мұнай қоймаларын салу және пайдалануға беру», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалануға беру», «Электрмен жабдықтау», «Өрт қауіпсіздігі» бойынша бірнеше алаңды қамтиды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер