«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Науқас балаларға зор көмек

2016 жылғы 16 Маусым
- Батыс Қазақстан облысы
8823 просмотров

Қазақстанда алғаш рет тірек-қозғалыс жүйесі зақымданған науқастарды оңалтуға арналған арнайы аппарат-тікейткіштер жасала бастады

Мұндай аппараттарды кәсіпкер Біржан Қужақов  шығарды. Ол жаңадан «Ғибадат» ЖШС құрып, қонақ бөлмеге, ұйықтау бөлмесіне, балаларға араналған жиһаздар, шкафтар, кіреберістер, сандықтар құрастырады. Өзі I топтың мүгедегі болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алады, ондағы 32 еңбеккердің 14-сы әр топтағы мүгедектер.

Біржан Қужақов мүмкіндігі шектеулі жандардың қайғы-мұңын бір кісідей біледі. «Арнайы емдеу аппараты бола тұра, БЦС-мен ауыратын балалардың халін құр бақылап отыру маған ауыр, – дейді Біржан Қужақов,– Өткен жылы әлеуметтік жобалардың республикалық конкурсына қатысқан кезде мен қолдан жасалған ебедейсіз тікейткішті (бір ғажабы, бұл жоба екінші орынға ие болды) көрдім. Қазақстанда мұндай аппараттар  қайда жасалатынын іздедім. Сөйтсем, ешқайда! Олар сонау Германиядан, Ресейден, Түркиядан әкелінеді екен, бағасы да тым жоғары!»

Біржан Қужақов өзінің тікейткішін жасап шығарды, дәрігерлермен, оңалту кабинеттері нұсқаушыларымен бірге талдау жүргізді, шетелдік үлгілерді де ескере келе қандай кемшіліктер бар екенін, барлық ескертулерді назарға алды және тікейткіштердің алғашқы тобын шығарды. Айта кетерлігі, олар шетелдік баламаларынан анағұрлым арзан. Мысалға, шетелдік аппараттардың бағасы 225 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін болса, ал «Ғибадат» тікейткіштерінің бағасы 35-70 мың теңге ғана (аппараттың әр жас үшін өз параметрлері қажет).

Кәсіпкер аппараттардың алғашқы тобын балалаларды сауықтыратын «Шапағат» дәрігерлік-әлеуметтік мекемесіне, Күшім балалар психоневрологиялық дәрігерлік-әлеуметтік мекемесіне, Сырым ауданының «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігіне, мүгедек балалардың «Бәйтерек» облыстық қоғамдық бірлестігіне тегін жібереді. «Біз міндетті түрде аппараттардың  жұмысын қадағалаймыз, тікейткіштерді бұдан былай жетілдіру үшін барлық ескертпелерлерді ескереміз, – дейді бизнесмен, – БЦС-мен ауыратын балалар көп қайғырады. Олар қайсыбір іс-қимылды орындағанда басқаның көмегін қажетсінбесе, мұның өзі толыққанды өмір бастауға жасалған алғашқы қадам».

«Біржан Қужақов сияқты адамдарға алғысымыз шексіз, – дейді облыс әкімі Алтай Көлгінов. – Оның биік рухы, ерік-жігері – көптеген адамға үлгі-өнеге боларлықтай. Ол жалпыға бірдей еңбек қоғамының өкілі. Тікейткіштер өндіру жобасына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік элементтері тән. Өткен жолы кәсіпорынды аралаған кезде ол жетіспейтін жабдықтарды алуға жәрдемдесуді өтінді. Біз қажетті жабдықты сатып алатын бизнесменді таптық. Құны 5,5 млн теңге тұратын станокты «Uniserv» компаниясы «Ғибадат»  ЖШС-не сыйға тартты».

«Әдетте біз әлеуметтік жауапты бизнесті тілге тиек еткенде, әлеуметтік жобаларды, қайырымдылықты атқаруға мүмкіндігі бар, өз қызметкерлеріне әлеуметтік пакет қалыптастыратын ірі компанияларды мысал етеміз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы  директорының  құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов. – «Ғибадат» ЖШС – шағын кәсіпорын, бос қаржы жоқ, дегенмен ол әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық бағыт танытуға мүмкіндік береді, жүйелі түрде осындай акциялар өткізеді. Жаңа өнімге сәйкестік сертификатын  алу жайлы өтініш-тілек білдірген соң біз осы мәселемен шұғылданудамыз. Өйткені нысанның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын сертификат Оралда берілмейтіндіктен, біз көрші Ақтөбе облысына сұрау салдық».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер