«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мал ашуы – жан ашуы

2016 жылғы 05 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
11022 просмотров

Облыс бойынша ауылдықтар үшін ауру малды жоюға бөлінген өтемақының төленбеуі нағыз бас ауыртар мәселеге айналды

Зеленовский ауданының кәсіпкерлерінің басына түскен осындай жағдай Кәсіпкерлерді қорғау кеңесінде талқыланды.

«2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 69 жеке және заңды тұлғаларға жойылған ауру малдың 16 миллион 905 мың 493 теңге көлемінде өтемақысы төленбеген», – деп мән-жайға қанықтырды Зеленовский ауданының Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әсел Қартқожақова.

Оның айтуынша, бұл деректер аудан прокуратурасының жанынан құрылған кәсіпкерлерді қорғау жедел тобының жұмысының нәтижесінде анықталған.

«Заң бойынша, 2014 жылы 30 қазанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен бұйрыққа сай адам өміріне қауіп төндіргендіктен тәркіленетін әрі жойылған ауру малдың, жануардан алынатын өнім мен шикізаттың құны міндетті түрде өтелуі тиіс. Осы заң бойынша өтемақы мерзімі 10 күн деп бекітілген, – деп түсіндірді Әсел Қартқожақова. – Бірақ 2015 жыл мен 2016 жылдың алты айы бойынша бірде-бір өтемақы төленбеді».

Түйткілдің ауқымын айқындайтын нақты мысалдар дәйек болды. 2015 жылы малдарды тексеру үшін жасалған диагностикалық зерттеулер нәтижесінде «Дамир» ЖШС-дағы 80 бас ірі қара мал мен 20 бас бұзаудан бруцеллез анықталып, олардың барлығы «Жәрдем» ШҚ қасапханасына өткізілген. Зеленовский аудандық ветеринария бөлімі «Дамир» ЖШС-на қайтарылуы тиіс өтемақы құнын 6 482 045 теңге деп бекіткен, бірақ әлі күнге дейін төленбеген. 62 жеке тұлға мен 3 шаруа қожалығына бүгінгі таңға дейін тәркіленіп, жойылған ауру малдың сомасы 10 423 448 теңгеге тең өтемақысы төленбеді.

Зеленовский аудандық ветеринария бөлімінің бастығы Есбол Абдулов Кеңес мүшелеріне 2014-2016 жылғы республикалық бюджет бөлетін қаржылай өтемақы көлемі қазіргі таңда бітіп қалғандықтан, осындай жағдай орын алып отыр деп түсіндірді.

Шаруаларға төленетін, республикалық бюджеттен бөлінетін өтемақының жеткіліксіздігінен, Кеңес мүшелері шешім қабылдап, облыс әкіміне хат жолдап, жергілікті бюджеттің резервінен шаруалардың өтемақысын өтеп беру туралы өтініш жолдамақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер