«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кооперацияның артықшылығы көп

2016 жылғы 20 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
8278 просмотров

Өңірде ет кластерін құру үшін ет өндірушілер мен мал өсірушілерді біріктірмек

Бұл идеяны Кәсіпкерлер палатасы облыстағы ет өндірушілермен және өңдеушілермен болған кездесу кезінде ортаға тастады. Палатада өңдеушілерге сұрақ қойылды: неге облыста өзіміздің ет жеткілікті болып тұрса да, шетелден ет өнімдерін алдыртады? Жауабы да күткендей болды: бағасы көңілден шықпайды. Яғни, амалы да өзі сұранып тұр емес пе: онда өндірушілер мен өңдеушілердің мүддесін бір арнада тоғыстыратын мүмкіндік керек. Батыс Қазақстан болса, елдегі мал шаруашылығына қолайлы облыс бола тұра, ет өңдеудің орнына малды көрші облыстарға апарып сатып жатыр.   

Азық-түлік кластерін қалыптастыру үшін Палата алаңында ет өндіретін, өңдейтін шаруа қожалықтардың басшыларын, ет сататын супермаркет өкілдерін, ауылшаруашылық ісін үйлестіретін мемлекеттік органдардың өкілдерін: облыс әкімінің ауылшаруашылық саласын басқаратын, кәсіпкерлік пен индустриалды-инноввциялық даму және экономика мен бюджетті жоспарлау бойынша орынбасарын қоса шақырып, кездесу ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел қатысушылары бір ауыздан ет және оны өңдеу саласы кооперацияға мұқтаж деген ойға тоқайласты.  Соңғы 10-15 жыл жұмыс істеп жатқан бағдарламалардың арқасында мал басы өскенін көрсетіп отыр.

«Қазіргі таңда 1 млн 200 мың қой, 500 мыңдай ірі қара бар, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов. – Бұл үрдіс өсе береді. Қазір біз малды Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына сатып отырмыз, оған қоса көршілес Ресей Федерациясына өткіземіз».

«Ауа-райының қолайлы болуының арқасында мал шаруашылығын дамыта беруіміз керек. Ет өңдеуден әлемдік деңгейге жетуіміз керек, – деп жалғады сөзін А.Өтеғұлов. – Ал, біз ескіше жұмыс жасап жатырмыз. Өңделмеген етті сатамыз, малды тірідей сатамыз. Ірі өңдеуші кәсіпорындар шикізатты шетелден сатып алып жатыр. Ет өндірушілерге малды облыстан тыс жерге сатқан ыңғайлы. Қазіргі таңда мал өсірушілер мен ет өңдеушілерді бір кластерге біріктіру маңызды боп тұр».

«Біз етті жергілікті мал өсірушілерден ала алмаймыз. Бағасы қымбат, – деді Қазақстандағы ең ірі ет консервілеумен айналысатын атақты «Кублей» ЖШС директоры Талғат Берекешев. – Біздің тауар бірден бәсекеге жарамай қалады. 22% салық (10% ЖҚС және 12% ҚҚС) төлейміз, бұл салық бізді Қазақстанның нарығынан ығыстырып жатыр, амалсыздан импорт етті сатып алуға мәжбүрміз. Салыққа қарсылығымыз жоқ. Бірақ неге ҚҚС тек біздер, өңдеушілер төлейміз? Мал өсірушілер салық төлемек түгілі, субсидия алады. Біздің жағдайымыз тең емес».

«Тағы бір үлкен түйткіл бар, – деді Темірғали Ескендіров, облыстағы ірі өңдеуші «Агропродукт ЛТД» ЖШС директоры. – Ет индустриясын жоспарлау бізде жоқ – бизнесте консолидация жоқ. Ірі сауда орталықтарының қозғалысы ғана байқалады. Ресейде, статистикаға сенсек, ірі сауда орталықтарында еттің сатылуы 75-80% екен. Магнит, Х5 Retail, Ашан, Лента сияқты жаһандық ойыншылар Ресейдегі азық-түлік саудасын жүзеге асырып отырғандар. Олар 2-3 жылдан соң Қазақстанның нарығына да келуі ықтимал. Олар 1-2 дүкен емес, бірден жүздеген дүкен ашып алуы мүмкін. Бұл сауда орталықтары өздерімен бірге өндірушілерін ерте келеді. Қазақтарды ығыстыра салады. Стратегия да жоқ, жоспар да жоқ. Ал, біз өндірушілер өнімімізді кім қазір сатып алатынын, ертең, бір жылдан, екі, үш жылдан соң алатынын білуіміз керек».

Дөңгелек үстел басында мал өсірушілер де сөз алды. «Айсұлу» шаруа қожылығының басшысы Мағауия Зайнуллин өңдеушілерге серіктес болайық, бірігейік деп үндеу тастады. «Бізде мал басы бар, оларды көбейтудің мүмкіндіктері бар. Бірақ жем-шөп сақтайтын қоймалар жасауға айналымда қаржы жоқ. Айналымдағы қаржысымен көмектесе алатын өндірістермен біріккіміз келеді. Біз сонда сыртқа ет  сатпай, бағасын да түсіріп берер едік», – деді ол.

БҚО әкімінің орынбасары өңдеушілерге өз кәсіпорынның жанына жем-шөп базаларын жасап, сол арқылы мемлекеттен субсидия алуды ұсынды. Әзірге бұл ұсыныс олардан қолдау таппай тұр. Оны зерттеп, әбден есептеп алу керектігі айтпаса да түсінікті.

Кезекті кездесудің нәтижесінде өңірлік Палатаның, кәсіпкерлердің мемлекетпен, өңірдегі азық-түлік саласына жауаптылармен бірігіп, облыстағы ет кластерін дамыту бойынша нақты ұсыныстары айтылды, Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы ойлар ортаға тасталды, мүмкіндігінше ірі-ірі жем-шөп базаларын ашу жөнінде шешім қабылдап, соларды Үкіметтің қарауына шығару керек делінді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер