«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сатып алулар, тендерлер... Кәсіпкерлерге қалай көмектесуге болады?

2016 жылғы 25 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
9217 просмотров

Жергілікті тауар өндірушілерге сатып алулар саласында нақты қолдау таныту – облыста құрылған жұмыс комиссиясының міндеті

Бұл орган мемлекеттік сатып алулар мен ірі кәсіпорындардың сатып алуларында қазақстандық құрамды арттыруға ықпал етпек. Жұмыс комиссиясы қолданатын негізгі құрал жұмыс бабындағы кездесулерді мониторингілеу мен талқыға салу. Жұмыс комиссиясының тең төрағалары –  облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов пен өңірлік Кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Қайыршин. Комиссияны құру барысында ерекше қолдауға жалпы отандық тауар өндірушілер ғана емес, жергілікті, яғни батысқазақстандық кәсіпкерлер мұқтаж екендігі аталып өтті.

Осыған байланысты комиссия құрамына кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар, денсаулық сақтау  басқармаларының басшылары енгізілді. Комиссия құрамының 50%-ы өңірдегі бизнес өкілдерінен жасақталған.

«Бүгінгі таңда комиссия мүшелері тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жеткізушілердің сатып алулар мен тендерлерге қатысты нақты мәселелеріне құлақ асуда, – деді отырысты ашқан комиссия төрағасы Игорь Стексов. –  Біз шешім жолдарын анықтау үшін мәселелерді талдаймыз».

Тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді сатып алуға қатысты мәселелер саналуан. Мәселен, құрылыс компаниялары заңнамалық деңгейде бекітілген шектегі бағалар демпингін  5-10% шамасында енгізуді қолдауда. «Бізге жаңа ғана құрылған, үлкен тұрақты ұжым жағынан да, техникалық парк жағынан да, несие жағынан да ауыртпалық түспейтін құрылыс компанияларымен бәсекелесуге тура келеді әрі тендерде жеңіске жету үшін бағаларды барынша арзандатады, – деп өз тәжірибесімен бөлісті «Одтелстрой» ҚК директоры Валентина Михно. – Біз бағаларды арзандата алмаймыз, міне, сондықтан ұтыламыз. Сондай-ақ тендерлерді республиканың өзге өңірлеріндегі компаниялар жеңіп алады. Заңға жергілікті құрылыс ұйымдарына басымдық беру туралы жазуға болмас па екен, өйткені жергілікті бюджетке салық төлейміз, ал олар өз өңірлерінің бюджетін толықтырып отыр».

«Василец А.А.» ЖШС директоры нақты ұсыныстарын ортаға салды. «Біз, өндірушілер, тендерге не дайындау керек екенін білмейміз, келешекке ақпарат жоқ, екі, үш жылдан кейін бізге не қажет екенін білмейміз. Мәселен, ірі жер қойнауын пайдаланушылар не істейтінін немесе не салады? Жеңіске жету үшін, біз жан-жақты қарулануымыз керек қой, ал біз неге дайындалу керек екенін білмейміз. Тендер жарияланған кезде, кейде техникалық жағынан дайындалып үлгермейміз, талаптарға сай келетін қандай да бір заманауи станок сатып алып, ғимарат тұрғызып үлгермейміз, сосын кетуге тура келеді. – дейді Алексей Василец. – Сондай-ақ өнімді шығаруға айқын техникалық тапсырма жазу керек. Егер үстелдер шығару қажет болса, қандай түспен сырлану керек, қандай бұранда қажет екеніне дейін жазу қажет. Арзан баға ұсынатындар жеңеді, алайда бір айдан кейін оның барлығы қирап қалса, кім жауап береді? Және де кейбір жағдайларда мемлекеттік сатып алулар жүйесін қолданудың қажеті де жоқ, оның орнына тексерілген мемлекеттік тапсырыс жүйесін орналастыру қажет, әсіресе өздерін танытып, тұрақты ұжымы, арнайы әлеуметтік міндеттемелері бар компаниялар үшін», – деп атап өтті ол.

Сұрақтардың келесі бір бөлігі өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушының бірі – «КПО б.в» байланысты болды. «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС директоры нақты сұрақтар қойды. Мәселенің мәні мынада, «КПО б.в.» ірі әлеуметтік мәні бар нысанның – жол жөндеу және жол салудың тапсырыс берушісі. «ОСӨК» ЖШС аталған компанияға нақты бір өнім жеткізіп тұрған (құбыр), алайда қаржыны нысан толығымен аяқталған соң ғана алады. Күту керек. Валерий Крылов ақшаны тапсырысты орындай салысымен бірден алуға болмас па екен деп сұрады. «КПО б.в.» компаниясының қаржы директоры барлық тапсырыстарын жұмыс аяқталған соң толығымен төлейтіндіктерін, бірақ нысандағы жұмыстар әлі орындалмағанын түсіндірді.

«Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы КПО өкілдерімен пікір таластырды. Ол КПО өкілдерін нысанаға ала отырып, ол барлық ірі жер қойнауын пайдаланушыларды сынға алды. Оның айтуынша, олар техникалық ерекшелікке, талаптардың техникалық тапсырмаларына жергілікті кәсіпорындар орындай алмайтын талаптарды жазады екен. «Біз кейбір тапсырыстарды жергілікті кәсіпорындар ғана емес, бүкіл Қазақстанда орындай алмайды. – деді Көшербай Айғожаұлы. – Алайда тауарлардың, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің осы өңірде орындалуы тиіс нақты бір түрлері бар». КПО стратегия және жеткізуді ұйымдастыру жөніндегі менеджері Елена Селкина барлық ақпараттың сайтқа орналастырылғанын айтып, қарсылық танытты. Оған Игорь Стексов сатып алуларға мониторинг жүргізіп, жақын арадағы комиссия отырысында мониторинг талдауын тыңдауды ұсынды.

Отырыс аяқталған соң «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС директоры Рауль Идиатуллин КПО б.в. өкілдеріне өз өнімдерін таныстырды: нығыздаушы материалдар. Тараптар әріптестік орнату үшін байланыс нөмірлерімен алмасты.

Айтпақшы, бұған дейін ӨКП алаңында нақты тапсырыс берушілер мен әлеуетті мердігерлердің басын қосатын тың тәсіл қолданылған еді. Мәселен, жиналыстардың бірінде тігін өнеркәсібіндегі көшбасшылардың бірі – «Тужилкин» ЖК өз өнімдерін таныстырған еді. Тігін цехының өнімдеріне «Орал Ойл энд Газ» ЖШС қызығушылық танытқан-ды. Сатып алулар және логистика департаментінің жетекші инженері Қайрат Қарабаев атап өткендей, «Орал Ойл энд Газ» ЖШС тауар өндірушілерге бір жылға арналған ғана емес, ұзақ мерзімді келісімшарттар ұсынуға дайын екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер