«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әйелдер бизнесіндегі жарқын жетістіктер

2016 жылғы 12 Тамыз
- Жамбыл облысы
11615 просмотров

Таразда «Іскер әйелдер кеңесінің Жыл жаңалығы» анықталды

Шағын байқау «Arai plaza» бизнес-орталығында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауымен қатар өтті.

«Өткен жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылып, облыстық Кәсіпкерлер палаталарының жанынан Өңірлік іскер әйелдер кеңестері жұмыс істей бастады. Менің ойымша, бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ол әйелдерді бизнеске келуге ынталандырады, бүкіл ел бойынша, әсіресе аудандарда әйелдер кәсіпкерлігінің жандануына түрткі болады. Өйткені «Іскер әйелдер кеңесі» деген – бизнес-ханымдарға, әсіресе бизнесін жаңа бастап жатқандарға көмектесу, жобаларды идеясынан бастап оның жүзеге асуына дейін сүйемелдеу, қолдау, кеңес беру, – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы хатшылығының кеңесшісі Назгүл Хамзина. – Бүгінгі «Іскер әйелдер кеңесінің Жыл жаңалығы» байқауы  әйелдердің ісіне, өндірген өнімдері мен қызмет түрлеріне жобалық қолдау көрсетеді».

«Байқауға қатысушыларымыздың басым көпшілігі – бизнесін жаңа бастап жатқан кәсіпкер әйелдер. Олар – Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, олар – Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен жеке істерін ашқан облысымыздағы аудандардың тұрғындары», - деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Қарлығаш Аралбекова.

24 байқауға қатысушы белгілі дизайнер, «Асыл-Дизайн» ЖШС директоры Айдархан Қалиев төрағалық еткен сарапшы топқа өз тауарларын ұсынды. Сарапшылардың қатарында Жамбыл облысы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Айман Кәрімова, «Мастерская Набоко» сән салонының директоры Ирина Набоко, Тараз қаласы «Қазақстан Халық Банкінің «Халык Life» өмірді сақтандыру еншілес компаниясы» АҚ директоры Ақмарал Ералиева, «Данадель» тігін шеберханасының басшысы Бақытгүл Тоқтыбаевалар да болды.

Байқауға қатысушыларға қолдау таныту үшін Шымкент қаласынан ОҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева да келді.

Назарға ұсынылған тауарлардың барлығы, яғни кәдесыйлар да, табиғи тастан жасалған әшкей бұйымдар да, қуыршақтар да, ойыншықтар да, қыз жасаулары мен ұлттық киімдер де көз қуантады.

«Бұл байқау – өз өніміңді көрсетуге болатын және оны қазылар алқасы мен қала тұрғындарының сынына салатын алаң. Бүгін біз көрген өнімдерді туристерге де, шетелдіктерге де ұсынуға болады», - деп атап өтті Айдархан Қалиев.

Осыншама көп дүниенің арасынан сарапшы топ мүшелеріне үздігін тыңдау оңайға соққан жоқ, дегенмен олар бір шешімге келді. Өйткені жеңімпазды анықтау барысында олар тауардың коммерциялық тартымдылығы, композициялық шешімі мен эстетикалық-бейнелеу мазмұны, технолоигясы мен құрылымы, материал сапасы мен сериялы өндіріс мүмкіндігі сияқты нақты бір өшлемдерді басшылыққа алған еді.

«Іскер әйелдер кеңесінің Жыл жаңалығы» аталымының үшінші дәрежелі дипломымен киізден жасалған тамаша бұйымдардың авторы, жеке кәсіпкер Наталья Мирошникова марапатталды. Екінші дәрежелі диплом шыны ыдыстар мен бөтелкелердің бетіне қолдан сурет салатын кәсіпкер Елена Никитинаға табысталды. «Іскер әйелдер кеңесінің Жыл жаңалығы» аталымының бірінші дәрежелі дипломы ойыншықтар мен қыз жасауын шығаратын «Айналайын» балалар және жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» ҚҰ басшысы Айгүл Разақоваға бұйырды.

«Біз бүгін жаңа өнімдерді, яғни дәстүрлі ойыншықтарымыз асық пен ләңгіні ұсындық, бұдан бөлек бізде балақайларға арналған киізден жасалған дамытатын кітапшалар, балаларға арналған лего-жастықтар және т.б. дүниелер бар. Бұлар ойыншықтан көрі, балабақшаларға, ем орталықтарына арналған арнайы бұйымдар. Олардың көмегімен балалар қолөнермен әлемімен танысып, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін тани алады. Бұл әлеуметтік бизнес, өйткені бізде тек қана ауыл әйелдері жұмыс істейді, оларды өзіміз оқытамыз. Біз ұлттық мәнерде ойыншықтар шығаратын фабрика ашуды жоспарлап отырмыз. Елімізде ойыншықтардың 3%-ын ғана жергілікті бизнесмендер шығарады», - деді байқау жеңімпазы Айгүл Разақова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер