«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақылшы, әрі қамқоршы

2016 жылғы 18 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
7935 просмотров

Палатаның құқықтық блогының міндеті – әлдебіреулердің мүдделерін жөнсіз жақтау емес, өңірдегі шағын және орта бизнестің өзекті мәселелерін анықтау

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуымен облысымызда бизнес құқығын қорғаудың айқын және тиімді жұмыс істейтін жүйесі пайда болды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғаушы органдармен меморандумдар жасалды. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңда айқындалған бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың 40-тан астам функциясы – Палата қызметінің басым бағыты.

Кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімшелерінен бөлек, бизнес субъектілерін қорғау функциялары Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес арқылы іске асырылады. Палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты секторының меңгерушісі Нұржан Мақсотовтан аталған Кеңес жұмысы туралы әңгімелеп беруін сұраған едік.

– Өңірлік Палатаның жанынан құрылған, тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған бұл орган 2014 жылдың 20 қаңтарында құрылды. Оның құрамына заңгерлер, бизнес-қауымдастықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сонымен қатар құқық қорғаушы және мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Кеңес құрылғалы бері 25 жиын өткізілді. Ол жиындарда өңір бизнесінің мәселелері қаралды. Соның ішінде 35-і өзекті деп танылды.

Ауыл бизнесі құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуымен бетпе-бет келгенде, көп жағдайда өз аудандарында қолдау таппай жататын жайттарды ескере келе, Палата жергілікті жерлерде Кеңестің көшпелі отырыстарын өткізу тәжрибесін қолға алды. Сондай жиналыстар Ақжайық, Зеленовск, Бөрлі, Сырым және Тасқала аудандарында өткізілді.

Құқықтық қорғаудың негізгі мақсаты – жауапты әрі заңды қатаң ұстанатын кәсіпкерлерді қорғау. Палатаның құқықтық блогының міндеті – өзінің немесе әлдекімдердің ұжымдық мүдделерін жөнсіз жақтау емес, шағын және орта бизнестің өзекті мәселелерін анықтау, оларды сауатты түрде саралап, өңірдегі бизнесті қорғаудың жол картасын түзу.

35 жүйелік мәселені талдау нәтижелері бойынша Палатаның құқықтық блогы бизнестің әлсіз деген тұстарын айқындады. Олар рұқсатнама рәсімдері, жер және қала құрылысы мәселелері, АӨК-ті субсидиялау, екінші деңгейлі банктерден несие қорларының қолжетімділігі, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және т.б. сияқты мәселелерге қатысты.

Облыстық прокуратурамен бірлесе отырып жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша, бизнес нысандарын табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға берілетін техникалық жағдайлардың бекітілген тәртібінің бұзылуына қатысты мәселелер Кеңес мүшелерінің талқысына салынды. Палатаның жанынан құрылған Кеңестің бастамасымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерін өзгерту туралы ұсыныстар жіберілді. Одан бөлек, прокуратура заң бұзушылықтарды анықтау бойынша прокурорлық жауап беру актілерін шығарды.

Жалпы алғанда, 2015 жыл мен осы жылдың І тоқсанының қорытындылары бойынша кәсіпкерлік субъектілерінен 600-ден астам өтініш келіп түсті, олардың басым бөлігі, яғни 19%-ы салықтар мен сауда-саттық қызметі бойынша, 15%-ы сәулет және жер қатынастары бойынша, 13%-ы мемлекеттік сатып алулар мен табиғи монополияларға қатысты болса, 10%-ы рұқсатнама құжаттарын алуға, 6%-ы қос бизнес субъектісі арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысты, 1-2% басқа да мәселелер бойынша.

– Дерек, әрине, таңдай қақтырарлық. Алайда, бұл жұмыстар қаншалықты сапалы атқарылуда?

– Біз мұнымен тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз. Келіп түскен өтініштерді сапалы түрде шешу үшін кәсіпкердің мәселесін қосымша заңнамалық деңгейде зерттейміз, кәсіпкерді кейіткен мемлекеттік органның ұстанған қағидасын анықтаймыз. Осыдан кейін ғана өзіміздің қорғау желімізді құрып, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот талқылауларына белсенді түрде қатысамыз. Кәсіпкердің пайдасына шығарылмаған әрбір шешім бойынша оларды ары қарай соңғы сот инстанциясына дейін шағымдану үшін барлық талап етілетін шаралар қолданылады.

Біздің араласуымыздың нәтижесінде кәсіпкерлердің мәселелері нақты шешіліп, жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Мәселен, Кеңестің соңғы отырысында көтерілген мәселелердің бірі мемлекеттік органдар мен ұйымдардан 2015 жылғы қарызды өндіру бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына шешілген сот актілерінің орындалуы болды.

Аталған мәселені талқыға шығаруға Бөрлі ауданы әкімдігі қалалық коммуналдық шаруашылығының 40 миллиондай теңге болатын қарыз сомасын кәсіпкерлік субъектілері пайдасына өндіру туралы 28 құжатты ұзақ уақыттан беру орындамау жайттары себеп болды.

Сонымен қатар, біздің араласуымыздан кейін заң бұзушылыққа жол бергендері үшін 10 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды. Мәселен, «Ивушка» шипажайының басшылығы «Машаев Е.Х» жеке кәсіпкерлігін мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы ретінде тану туралы сотқа талап арыз түсірді. Шағымдануға негіз ретінде кәсіпкердің шарт бойынша өз міндеттемелерін дұрыс орындамауы келтірілген. Сотта мемлекеттік мекеме тарапынан шартта көрсетілмеген талаптар қойылғандығы анықталды. Осы жайт талап арыздан бас тартуға негіз болды.

Палатаның бастамасымен осы мәселені көтерген тәртіптік кеңес шипажай директорын қызметінен босатуға кеңес берді.

Кеңес жұмысының тиімділігі неде екендігін тағы да айтып өткім келеді. Біріншіден, онда көптеген кәсіпкерлердің көкейлерінде жүрген мәселелер талқыға салынады. Екіншіден, бізде Орал қаласының ғана емес, облыстағы басқа да аудандар мен ауылдық округтердің бизнес мәселелерін анықтап, өңірлік мәселелерді республикалық деңгейге дейін көтеруге мүмкіндік бар.

Одан ары қарай. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің бастамасымен Орал қаласы жер комиссиясының жұмысына қатысты мәселелер қаралды. Осы талқылау нәтижесінде жер телімдерін ұсыну рәсімдерінің және жалпы қалалық комиссияның барлық жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың егжей-тегжейлі жоспары әзірленді.

Бүгінгі таңда біз әзірлеген жоспарды қабылдаған Орал қаласының әкімдігі оны басшылыққа алып, өз жұмыстарында пайдалануда.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі стратегиялық әріптестеріміз –  прокуратура органдары. Облыстық прокуратурамен жасалған меморандум шеңберінде түрлі бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылды. Кәсіпкерлік қызметінің нысандарын заңсыз тексеру жайттары мен іскер адамдардың басқа да құқықтарының бұзылуына жедел жауап қату мақсатында шұғыл топ жұмыс істеуде. Іскер адамдардан аталған топқа 15-тен астам рет шақырту түскен.

Жергілікті жерлерде заңнамалық актілерді қолдануды бірлесе отырып талдау сыналуда. Мәселен, бизнес субъектілерінің уәкілетті органдардан рұқсат алу рәсімінен өтуі талданды. Талдау нәтижесі олардың құжаттарды рәсімдеу барысында айтарлықтай мәселелермен бетпе-бет келетіндіктерін көрсетті. Талдау қорытындысы бойынша ҰКП-ға қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу туралы бірқатар ұсыныстар жіберілді.

Жер заңнамасы мен бәсекелістік туралы заңнамаға жүргізілген біріккен тексеріс нәтижесінде облыс прокуратурасы анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында уәкілетті органдарға ұыныстар шығарылды.

Прокуратура органдармен өзара іс-қимыл түрлерінің бірі бизнес субъектілерінің өтініштерін бірлесе отырып қарау болды. Мысал ретінде Орал табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесе отырып қаралған «АзияМеталлИнвест» ЖШС өтінішін келтіруге болады. ЖШС-ға табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымда жеке меншік құқығында қойма жоқ деген желеумен металл сынықтарын жинауға лицензия беруден бас тартқан. Бас тарту негізсіз болғандықтан, прокуратура қарсылық шығарып, кейін ол қанағаттандырылды.

– Заң бұзушылықтардың алдын алу үшін Кеңес пен Палата қандай шараларды іске асыруда? Алдын алу сипатындағы шараларды айтамын...

– Бизнесті қорғаудың алдын алу құралдарынан Кеңес БҚО Палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкерлерді Палата алаңында мемлекеттік органдар өкілдерінің қабылдауына кіргізу сияқты жұмыс түрін енгізді. Аталған мүмкіндікті бүгінгі таңда 73 бизнесмен пайдаланып үлгерді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді БҚО прокуратурасымен біріге отырып қабылдау да бар. Бірінші күннен бастап Палата ғимаратында орналасқан «Прокурор кабинеті» діттеген үдеден шығуда. Онда кез келген адам өтінішпен бара алады. Жағымды шаралар қатарына БАҚ жарияланымдарын қосуға болады.

Одан бөлек, кәсіпкерлердің жағдайларын ескере отырып, Оралда ғимаратты қайта құрылымдауға (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау), елді мекен аумағында құрылысқа арналған жер телімін алуға, сондай-ақ қызмет көрсету мақсатында оларға ие болу құқығына рұқсат беру құжатын рәсімдеудің қадамдық тәртібі әзірленді.

Кеңес беру және басқа да көмектерді дер кезінде көрсету үшін кеңестің бастамасымен адвокаттар алқасымен, мемлекеттік кірістер, әділет, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерімен және басқа да мемлекеттік құрылымдармен меморандумдар жасалды.

Қала әкімдігімен, «Даму» қорымен және басқа да мемлекеттік органдармен табысты іске асырылған жобалардың бірі «Даму» алаңында «бір терезе» қағидасы бойынша рұқсат құжаттары мен келісім рәсімдерін іске асыру үшін бірыңғай күнді енгізу болды.

Кеңестің әр отырысы мен жалпы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстар БАҚ-тың белсенді араласуымен өтеді. Барлық шаралар телевизия, мерзімді және электронды басылымдар арқылы кеңінен жарияланып тұрады.

Оған қоса, барлық мәселелерді толығымен шешу мүмкін бола бермейтіндігін айта кету қажет.

Мәселен, ауыл кәсіпкерлері бизнесті дамытуға арналған кепілсіз несие мөлшерінің артуына жиі шағымданады. Алкогольді өнімдерді сатумен айналысатындар оны сату құқығына берілетін лицензия алымының мөлшерлемесін азайту және дифференциациялау туралы мәселені көлденең тартады.

Жүк тасымалдаушылар тасқын жүретін кезеңдерде Қазақстанның автожолдарымен қозғалуға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілген өлшемдері мәселесіне кез болып отыр. Бір құқықтық қайшылық пайда болды. Қайта ұйымдастырылған органның бұйрығы күшінің жойылуы мойындалған жоқ, ал қайта құрылған министрліктің бұйрығы шығып үлгерді. Екеуінде бір мәселеге түрлі талаптар қойылған.

Алайда объективтілік үшін айту қажет жайт, кәсіпкерлердің өздері де белсендірек болып, құқық саласындағы білімдерін жетілдірулері қажет.

Бүгінде мемлекет бизнес-қауымдастыққа қомақты қолдау танытып отыр. Ендігі керегі осы мүмкіндіктердің барлығын белсенді түрде пайдаға асыру.

– Нұржан Ерболатұлы, республикамызда жақында бизнес-омбудсмен институты пайда болды. Мұның не екенін түсіндіріп өтіңізші?

– Жаңа құрылым билік органдарының бизнеспен өзара іс-қимыл саласындағы әрекетін тексеру бойынша ауқымды өкілеттіліктерге ие. Бизнес-омбудсмен «Атамекен» ҰКП құрамына кіреді. «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға сәйкес, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді ҚР Кәсіпкерлік кодексі айқындайды. Оның қызметін ҰКП қамтамасыз етеді.

Бизнес-омбудсменнің негізгі функцияларының бірі – кәсіпкерлердің өтініштерін қарау.

Омбудсмен теңдессіз өкілеттіліктерге ие: шенеуніктердің шешімдерін тоқтату және бизнес-қауымдастықтың атынан талап-арыз беру. Мемлекеттік органдардың пікірімен келіспеген жағдайда, кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру мақсатында ол прокуратура органдарына өтінішхат жолдай алады. Егер кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келу жайттары жүйелік сипат алса, мәселені мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін болмаса, уәкіл өтінішті Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жібере алады.

Осы жылдың ақпан айында Елбасының қаулысымен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне Болат Палымбетов тағайындалды. Ол бизнес-омбудсмен ретіндегі алғашқы іссапарын Батыс Қазақстан облысына жасады. Жұмыс сапарының басты мақсаты өңірдің кәсіпкерлік қауымдастығымен кездесу еді. Бизнес-омбудсмен шағын және орта бизнес өкілдерін қабылдап, сұрақтарын тыңдап, одан арық қарай жұмыс істеу үшін нақты сұрақтарды назарына алды. Қазір олар уәкілдің бақылауында, оларға республикалық деңгейде құқықтық баға берілуде. Өңірлік сипаттағы мәселелерді облысымыздағы уәкіл аппаратының өкілдері жіті қарауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер