«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруа қожалықтарының табысын қалай арттыруға болады?

2016 жылғы 14 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
10660 просмотров

Теректі ауданының 20-дан астам фермері майлы дақылдарды өсіру туралы семинарға қатысып, дәріс тыңдады

Қазақстандағы майлы дақылдар өндірісінің қуантарлық көрсеткіштеріне қарамастан, түйткілді мәселелері де жоқ емес. Оның дамуын тежеп отырған факторларға майлы дақылдардың тұқымын сақтайтын астық қоймаларының, арнайы техникалардың болмауы, білікті мамандардың жетіспеуі жатады. Сала бойынша білім жеткіліксіздігінің орнын толтыруға агроөнеркәсіптік кешенінің субъектілері үшін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, Қазақстан бойынша өткізіліп жатқан семинарлар себепші болып отыр.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының «Теректі май комбинаты» ЖШС базасында Кәсіпкерлер палатасы филиалының ұйымдастыруымен «Экономикалық және климаттық өзгеріс жағдайында майлы дақылдарды өсіруден табыс алу» тақырыбында семинар өткізілді. Екі күн ішінде семинардың 20-дан астам қатысушысы, оның ішінде шаруа қожалықтары басшылары мен көмекшілері, майлы дақылдарды өсіру жүйесін дамыту туралы курстан өтті. Тәжірибелі дәріскер Төлеген Бөлеков, майлы дақылдарды өндірумен айналысатын  фермерлерге ауа райы және топырақ жағдайлары, топырақ өңдеу, көгалдандыру және егін жинау мерзімдері, суару  жұмыстарының негізгі талаптары туралы кеңірек түсіндіріп берді.

Семинар осы бағыттағы қазақстандық және шетелдік сарапшылардың әдістемесі бойынша өтті. Майлы дақылдарды өндірумен айналысатын ауданның барлық шаруа қожалықтары, семинар ұйымдастыруға жағдай жасап отырған Теректi май комбинатымен тікелей жұмыс істейді.

«Семинар, ең алдымен, өзінің жан-жақтылығымен ұнады, – деді «Шолпан» шаруа қожалығының басшысы Лұқпан Мұхамедияров әсерімен бөлісе отырып. – Ол жерде нақты тәжірибелі кеңестер айтылды. Оны әзірге қалай пайдаланатынымды білмесем де, пайдасы мол екенін сезініп отырмын. Жалпы айтқанда, семинардан кейін менің білім көкжиегім айтарлықтай кеңіді. Семинардың материалдары шығарылып қатысушыларға жеке-жеке таратылып бергені үшін бөлек алғыс айтқым келеді».

«Семинардың арқасында, барлығына басқаша көзқараспен қарап көрдік, – деген «Прогресс» шаруа қожалығының басшысы Федор Савичев, барлық қатысушылардың атынан алғысын білдірді. – Бұл үйренгендеріміздің болашақта пайдасын тигізетініне күмән келтірмеймін. Семинар тек  қана пайдалы болып қойған жоқ, араласып, тәжірибе алмасуымызға да септігін тигізді. Адамдармен араласып, достық қарым-қатынас орнату бізге аса қажет. Алған біліміміздің болашақта үлкен пайда алып келетініне сенімдімін».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер