«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сақтансаң, сақтайды

2016 жылғы 03 Қазан
10420 просмотров

Кәсіпорындар жұмысшыларының өздігімен сақтануы еңбек қауіпсіздігін арттырады, деп санайды Тау-кен өндіруші және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының заңгері Ақмарал Мұхамеджанова

«Тау-кен өндіруші және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының жанынан құрылған жұмыс тобының аясында әрбір ірі бизнеске қатысушыға резервтік қор құру жөнінде ұсыныс әзірледік. Жұмыс берушінің жеке қаражат қоры зардап шеккен немесе кәсіби ауруға шалдыққан жұмысшылардың шығынын өтеуге жіберіледі. Мұндай резервтік қорлар кәсіпорындардың жеке шоттарында болады. Оған қоса, олардың жұмыс істеу өлшемдері әзірленіп,  бейінді органдар тарапынан бақыланады», – деп мәлімдеді салалық қауымдастықтың маманы www.palata.kz веб-сайтына.

А.Мұхамеджанованың пікірінше, реформаторлық ұсыныстар  жұмысшылардың денсаулықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. «Бұл жазатайым оқиғаның салдарынан зиян шеккен жұмысшының мүліктік жағдайын, өмірі мен денсаулығын және еңбек қауіпсіздігін арттырудағы жұмыс берушінің экономикалық мүддесін қамтамасыз етуге көмектеседі», – деп санайды заңгер.

Өз әзірлемелерінде Тау-кен өндіруші және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» сақтандыру заңнамасына енгізілген өзгерістерді негізге алып отыр. Бірыңғай сақтандыру тарифтерін енгізуге байланысты кәсіпорындардың шығындары артты. Сондықтан аталған қауымдастық сақтандыру тарифтерін азайту жағын қайта қарауды және сақтандыру сыйақыларын есептеу барысында барлық санаттар үшін бірыңғай коэффициентті қолдануды алып тастауды сұрауда.

Сонымен қатар Қауымдастық қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және қызметкердің өміріне және (немесе) денсаулығына келген зиянның орнын толтыру жөніндегі ҚР заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бірқатар ұсыныстар дайындады. «Біз ұсынып отырған шешім жұмыс берушілерге қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан өз бетінше немесе сақтандыру компаниялары арқылы сақтандыруды таңдау құқығын береді», – деп ойын түйіндеді Ақмарал Мұхамеджанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер