«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Венчурлық мәдениет қалай қалыптасады?

2016 жылғы 14 Қазан
9401 просмотров

Кәсіпкерлікті қаржыландырудың, қаржы салудың бірнеше жолдары бар. Әлем елдерінде қарқынды дамыған түрі – венчурлық қаржыландыру. Ол – қайта ашылатын шағын жоғарытехнологиялық перспективасы бар компанияларға ғылыми өнімдерді жасауға, өндіру, дамыту, пайда табу мақсатында салынатын тәуекелі жоғары ұзақ мерзімді жеке қаржы инвестициясы.

Венчурлық қаржыландыру стартап-жобаларды әлеуметтік, қаржылай қолдауға мүмкіндік береді. Венчурлық индустрияда әлем елдері бойынша АҚШ алдыңғы орында тұр. Дүниежүзі елдерінде венчурлық бизнес екі нұсқада жүзеге асып отыр. АҚШ пен Ұлыбританияда тәуекелшіл бизнеске ыңғайланған компания түрінде дамыған болса, Ероупаның біраз мемлекеттері мен Жапонияда венчурлық капитал мемлекет қолдауы арқылы және ішкі венчур түрінде дамиды. Бұл осы елдердегі кәсіпкерлік дәстүрлі және тәуекел мәселелері қатынасымен тығыз байланысты.

Бүгінде тұрмыста қолданып жүрген көптеген заттар венчурлық қаржыландырудың арқасында өндіріске еніп, адамзаттың игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда вакуумды шамдар, шарикті қаламсап, реактивті қозғалтқыш, түрлі-түсті фотоқағаз секілді көптеген жаңалықтар венчурлық фирмалардың тәуекелді қаржыландыруынан дамыды. ХХ ғасырдағы жаңа өндірістің 60% жуығы венчурлық қаржыландыруға тәуелді.

Венчурлық фирмалар – жаңа өндірісті іске қосушы. Оларды құру үшін ең басты 4 қағиданы ұстанған жөн: коммерциялық ой, қоғамдық сұраныс, венчурлық фирма құруға дайын тұлға және тәуекел капиталы. Осы 4 негізге сүйене отырып ашылған фирма ғылыми-техникалық дамуды жеделдетіп, мемлекеттің өндірістік саласын қалыптастыруға үлес қосады.

Дамыған шетелдік мемлекеттерде кең тараған венчурлық қаржыландыру біздің елімізге де енді. Мемлекеттің бастамасымен 2004 жылы алғашқы венчурлық қорлар пайда болды. Венчурлық қорларды дамытудың маңыздылығы Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы мен Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында да жазылған. Тәуекел капиталының қорын құруға мемлекет атынан Ұлттық инновациялық қор (ҰИҚ) өзек болған.

Оңтүстік-Шы­ғыс Азия, Израиль, Финляндия, Алмания секілді елдердің баламалы тәжірибелеріне сәйкес,  Қазақстан «Ұлттық инно­ва­ция­лық қор» АҚ атынан венчурлық ка­питал нарығын экономикалық өсудің бір тетігі ретінде қарастырып, оны да­мытуға арналған мақсатты саясат жүр­гізуді қолға алды. Ұлттық ин­но­ва­циялық қордың міндеті Қазақстандағы венчурлық индустрияның өзіндік жеке сала ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру болып табылады.

Дегенмен, елімізде венчурлық бизнестің даму қарқыны баяу. Оның дамуына кедергі болып отырған бірнеше себеп бар: экономиканы көтеруге әсер ететін бұл механизмнің әлеуеті жоғары болмай отыр, инновациялық ойлар саны жеткіліксіз, индустрияға отандық капиталдың аз тартылуы, инновациялық ортаның қалыптаспауы, тәжірибенің, венчурлық инвесторларды тартудың белсенділігінің жоқтығы, венчурлық қаржыландыру туралы білімнің жоқтығы. Бұл туралы Naimi.kz ресурсының негізін қалаушылардың бірі Мағжан Мәдиев: «Біздің елімізге қарағанда, дамыған мемлекеттерде стартаптармен айналысуға көп жағдай жасалған. Қазақстанда бұл мәселе қаражат тапшылығынан емес, білімнің жоқтығы мен венчурлық мәдениет туралы түсініктің болмағанынан орын алып отыр. Стартаптар нарығы лайықты бағасын алған жоқ», – дейді. 

Бұл мәселелердің орнын толтыру үшін қоғамда венчурлық индустрияның маңыздылығы жөнінде әлеуметтік түсінікті қалыптастыру, білім мен ғылымды байланыстыру, венчурлық жобалау менеджерлерінің және венчурлық қор кадрларын дайындау мәселесін шешу секілді жұмыстар атқарылуы керек. Сонда ғана венчурлық мәдениет қалыптасады, бар қаражатты қайда салу керек, қай саланы дамыту керек деген түсінік пайда болып, сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

Инновациялық шағын компанияларды қаржыландыру үшін венчурлық капитал нарығын дамытуға венчурлық инвестиция қатысушыларының құқықтық қатынастарын реттейтін нормативтік база қажет. Өйткені, дүние жүзінде венчурлық бизнестің дамуы инвестициялық тәуекелдерді осы үдеріске көптеген  қатысушыларының арасында бөлінеді: зейнетақы және сақтандыру қорлары, корпорациялар, мемлекеттік құрылымдар, жеке инвесторлар. Сондықтан, қатысушылар арасында тәуекелдің бөлінуі, инвестициялауға қолайлы жағдай туғызады. Қаржыландырудың бұл түрі тұрақты қолданылатын елдерде венчурлық қорлардың табысты дамуы қор нарығы мен тікелей инвестиция қорларының дамуына байланысты, себебі тікелей инвестиция қоры капиталдың үлкен бөлігімен қамтылған.

Жоғары білім беру орындарының жанынан технопарктер, инновациялық‑технологиялық орталықтар, бизнес инкубаторлар, шағын инновациялық кәсіпорындар, маркетингтік зерттеу қызметтері жүргізілсе, мамандардың кәсіпкерлікке даярлығы, инновациялық жобаларды дамытуға, тәуекел капиталын айналымға қосуға деген қабілеті қалыптасады. Мысалы, Калифорния  унивеситеттерінде орналасқан технопарктердің арқасында АҚШ-тың 50%‑ға жуық венчурлық  инвестициясы сол штатқа тиесілі. Silicon Valley Leadership Group пен COECON зерттеу орталығы дайындаған Silicon Valley инновациялық және бәсекеге қабілеттілік жобасы 2015 стартап-индустриясының дамуы туралы зерттеудің есебінде 2003-2013 жылдар аралығында Кремний алқабында ғана тіркелген патенттер екі есе арта түскен. АҚШ-та миллиондаған қаржы құйылған стартап жобаларының арқасында венчурлық инвестициялардың көлемі 47% өскен. Kauffman Foundation есебі бойынша дәстүрлі компанияларға қарағанда стартаптар ашқан жұмыс орындары әлдеқайда артық.

Қазақстандық венчурлық ин­дустрия бастапқы даму кезеңінде.  Венчурлық компаниялар тәуе­келді  жобаларға салынған инвес­ти­ция­лар есебінен ақша табады. Ин­вес­тор­лардың тәуекелдік деңгейі инв­ес­ти­ция­лау­дың дәстүрлі бағыттарымен салыстырғанда  үлкен пайдаға кенелу мүмкіндігі бар.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер