«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дауды сотқа дейін ушықтырмаудың жолы қандай?

2016 жылғы 24 Қазан
7191 просмотров

Мәжіліс депутаттары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласына сотқа дейін реттеу институтын енгізуді ұсынды

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік кедергілерді жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң тұжырымдамасын Мәжіліс депутаты, заңнаманы әзірлеушілердің бірі Аманжан Жамалов ҚР Әділет министрлігі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысында таныстырып өтті.

Аманжан Жамаловтың айтуынша, жаңа құжаттың мақсаты – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға жағдай жасау. Заң жобасында бірқатар өзгерістер қарастырылған, соның ішінде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласына сотқа дейін реттеу институтын енгізу.

«Заң жобасы кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер; Парламент Мәжілісінің V шақырылымының 100 қадам шеңберінде заң жобаларын қарастыру жөніндегі жұмыс топтарына келіп түскен, аталған заң жобаларын қабылдау мерзімдері шектеулі болғандықтан, жете көңіл бөлінбей қалған және мұқият қарауды қажет ететін ұсыныстар; сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтерді реттейтін заңнамалардағы құқықтық тәжірибелерде анықталған қайшылықтарды жоюға бағытталған ұсыныстар негізінде әзірленді. Сонымен қатар, мемлекеттік экологиялық бақылау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау салаларындағы уәкілетті органдар шеңберіндегі дауларды сотқа дейін реттеу институтын енгізуге қатысты ұсыныстар мен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалауға қатысты әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі ұсыныстар ескерілді», – деп атап өтті Аманжан Жамалов.

Оның айтуынша, сотқа дейін реттеу институтын енгізу тексерулер нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар шығарған шешімдердің заңдылығы мен дәлелділігін бақылау сапасын арттыруды қамтамасыз етеді және сол арқылы тексеру субъектілері мен тексеруші органдар арасындағы сындарлы өзара әрекеттестік орнатуға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, жаңа механизм шағымдарды қарау барысында лауазымды тұлғалар жіберген қателіктерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді, ал нәтижелерді талдап қорыту мен ведомствоішілік қателіктерді жою басқару сапасын арттырып, тексеру нәтижелері бойынша келіп түсетін шағымдардың санын азайтуға көмектеседі.

«Сонымен бірге, дауларды сотқа дейін реттеу инвестициялық климатқа, уәкілетті органның имиджіне оң ықпал етіп, сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сотқа дейін реттеу институтын енгізуден бөлек, заң жобасында экологиялық реттеу саласында өндіріс қалдықтарын жою мәселесін шешу қарастырылған. Депутат берген ақпарат бойынша, қолданыстағы Экологиялық кодексте өндіріс қалдықтарын екінші шикізатқа айналдыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Түзету кәсіпорындардың өндіріс қалдықтарын одан кейін де пайдалануға ынталандыруға және көлемін қысқартуға бағытталған. Ол қоршаған орта жағдайына оң ықпал етеді.

Шағын және орта бизнес қызметін реттеу саласында аталған құжат арқылы кәсіпкерлік субъектілерін «жұмысшылардың жылдық орта саны» өлшемі бойынша санатқа бөлу мәселесін шешу қарастырылған. Әзірлеушілердің пікірінше, кәсіпкерлік субъектілерін жұмысшылардың жылдық орта саны өлшемі бойынша санаттарға бөлу бизнеске теріс әсер етеді. Атап айтсақ, мемлекеттік қолдау көлемінің азаюы, салық және басқа да есеп түрлерін қосымша тапсыру қажеттігінің тууы, орта және ірі кәсіпкерлікке жатқызуға байланысты мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер санының артуы және т.с.с. Осыған байланысты кәсіпкерлер жұмысшылар штатын арттырмауға тырысады және аса қажет болмаған жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашпайды.

Баяндамашыны тыңдап алған соң комиссия мүшелері бірқатар сұрақтар қойды. Мәселен, аталған институт міндетті бола ма, әлде ерікті бола ма деген сұрақ қойылды. Депутат берген жауап бойынша, аталған институт тексерулер нәтижелері бойынша даулар туындаған жағдайда ғана жұмыс істемек.

Жиынға қатысушылар ондай жағдайда жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе апелляциялық комиссияға шағымдану институтының механизмін егжей-тегжейлі реттеу қажеттігін атап өтісті.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов әкімшілік кедергілерді жоюға және дауларды сотқа дейін шешу институтын енгізуге бағытталған заң жобасын әзірлеу осы жылдың шілде айында өткен ҰКП Съезінде Премьер-министр жүктеген міндеттен және ҚР вице-министрінің бірқатар тапсырмаларынан шыққандығын атап өтті.

«Аталған жаңа өзгерістерге қатысты Премьер-министр мен бірінші вице-министрдің комиссия мүшелерінің қарауына ұсынылған бірқатар тапсырмалары бар. Біз сол мәселелерді Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріндегі әріптестерімізбен бірлесіп әзірледік, түбегейлі ескертулерді естіген жоқпыз. Оны қандай нормативтік акт арқылы реттеу қажеттігі туралы ғана мәселе туды, алайда Әділет министрлігі өздерінің ұсыныстарын енгізді», – деп атап өтті Рустам Жүнісов.

Талқылауды отырысқа төрағалық еткен әділет министрі Марат Бекетаев қорытындылады. Жалпы алғанда, ол аталған заң жобасының тұжырымдамасын құптады.

«Шын мәнінде, ол кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бүгінде лауазымды тұлғаның кез келген әрекетіне шағымдану тәртібінің өзі күрделенген. Айғақтар жинау мәселелері, мемлекеттік баж салықтары мәселелері бар, әрбір кәсіпкер оған бара бермейді. Сондықтан мұнда спикерлердің бірі шағым түсірілген әрекеттер санының өте аз екенін атап өтті. Бұл – лауазымды тұлғалардың әрекеттері заңның барлық нормаларына сай келеді деген өлшем емес, бұл әрбір кәсіпкердің соттық тәртіпте шағымдануға қолы жете бермейтіндігін көрсетеді. Сондықтан сотқа дейін шағымдану институтын енгізу қажет. Мен ведомствоаралық комиссияның отырыстарына көптен бері қатысып келемін, бұл тексеру тәртібін бұзғаны үшін алғаш рет текеруші органдарға жауапкершілік енгізіп отырған бірлі-жарым дерек екенін көріп отырмыз. Сондықтан мұндай нормалар аз, тым болмаса бизнесті қорғауды осыдан бастау керек», – деп түйіндеді ойын Марат Бекетаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер