«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Аға сеньорлар» - ең шалғай аудандарда

2016 жылғы 19 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
8032 просмотров

Канадалық волонтерлар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысының бірқатар кәсіпорындарын аралады

«Атамекен» ҚР ҰКП биыл көктемде канадалық CESO компаниясымен серіктестік туралы меморандумға қол қойғаны белгілі.  

Айта кетейік, «Аға сеньорлар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірегей бағдарламасы аясында халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жүзеге асырылып жатыр. Соңғылары өз білімі мен тәжірибесінің арқасында Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып жүрген аға сеньорлардың қызметін үйлестіріп отырады. Аға сеньорлар бизнес жүргізуге қажетті шешімдерді қабылдауды үйрететін тәжірибені қалыптастыру мақсатында техникалық және ұйымдастырушылық бағыттағы мәселелерге сарапшылық көмек көрсетеді. Кеңес беру бағдарламасының аясында аға сеньорлар мен бағдарламаға қатысушылар кәсіпорын аумағында кездесіп, сарапшылар ақыл-кеңестерін береді.

Канадалық волонтерлар Рональд Гордон Джеймисон мен Гард Ислеу облыстағы «Нұржанар» АҚ, «АшигалиевС» ЖК, «Джумагулова Н» ЖК кәсіпорындарына барды. Рональд Гордон Джеймисон айтқандай, бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары. «Мен «Нұржанар» АҚ-ға өзімнің тәжірибеммен бөлісуге, маркетингтік жоспар құруға және су, лимонад, квас сияқты сусындар өндірістерін дамыту идеяларын бағалап, айналымын ұлғайтуға көмектесуге келдім, – дейді Рональд Гордон. – «Нұржанардың» ескі ғимаратын көргенде, оның сонау кеңес одағы кезінде салынғанына таң қалдым. Дегенмен, заманауи құрылғылар мүлде кері пікір қалыптастырды. Өндіріс жақсы жұмыс істеп жатыр. Жақсы команда жиналған. Ең бастысы, «Нұржанарда» өнімнің сапасына қатты мән береді екен». Аға сеньордың айтуы бойынша, ол кейбір нәрселерді өзіне түртіп алып отырған. «Дәл осы жерде, «Нұржанарда» өмірімде алғаш рет орыстың квас деген сусынының дәмін көрдім. Өте дәмді, тек табиғи шикізаттарды қолданып жасайды екен. Бұл сусынның өндірісін украиндықтар, орыстар, ТМД шыққан өзге де ұлттар көп қоныстанған біздің Канадада жасаса, наннан жасалатын сусынның тұтынушысы көп болар еді деп ойлаймын», – деді ол. Оған қоса Рональд Гордон Джеймисон Қаратөбе ауданына барып, жеке кәсіпкер Сержан Әшіғалиевтің «ДЕМ» деп аталатын бөтелкеге құйылған су шығаратын кәсіпорнын өз көзімен көрді.    

Гард Ислеу облыстың ең қиырындағы Бөкей ордасы ауданына барды. Ауданда сүт өңдейтін цех ашқан кәсіпкер Назгүл Жұмагұловаға өзінің жеке кеңестерін айтты. «Біз өте құнды ақыл-кеңес тыңдадық, – дейді Назгүл Жұмағұлова. – Гард Ислеу йогуртты қалай жасау керектігін үйретті, ашытқының қасиеттері туралы айтып берді, неге бір температурада сақтаған маңызды екендігін түсіндірді. Сүт өнімдерінің өндірістік технологиясы бойынша көптеген мағлұмат алдық». Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған аудан кәсіпкерлерімен есептік кездесуге канадалық волонтерларды шақырды, онда олар аудандағы бизнесті дамыту туралы ойларымен бөлісті. «Сайқын ауылына бара жатқанда, шеткері аймақта заманауи өндірістер жоқ шығар деп ойлаған едім, – дейді Гард Ислеу. – Бірақ көзбен көргеніме таң қалдым. Ауыл дамыған екен, цехтың құрылғылары өте жақсы, бәрі заманауи, интернет жылдам істейді, телекоммуникация дамыған. Халық сондай қонақжай, асханалары да тамаша».

«Сіздерге келетін сарапшылар, – деді Гард Ислеу сөз соңында. – Қазақстандық кәсіпкерлерге инновациялық жолмен табысқа жетіп, тиімділікті арттыруға көмектеседі деп үміттенемін».  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер