«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Таңертең – газ, кешке – ақша

2016 жылғы 21 Желтоқсан
- Атырау облысы
11243 просмотров

Атырау облысы Жылыой ауданының кәсіпкерлері енді газ үшін алдын ала төлем жасамайтын болды

Шағын кәсіпкерлік субъектілері газ үшін 100% алдын ала төлемақы жасаудан босатылды. Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен ауданға газ тарататын «Жылыойгаз» ЖШС осындай келісімге келді.

Тараптар келісімін тиісті меморандумға қол қою арқылы нақтылады. Құжат шарттарына сай қазіргі кезде жүзеге асып жатқан келісімнің толық төлем төлеуге қатысты тұсына өзгертулер енгізіледі.

«Бүгін Жылыойдағы шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін өте маңызды күн болды, өйткені газ үшін жүз пайыз төлемақыны алдын ала жасау ауыл кәсіпкерлері үшін түйткілді мәселеге айналып отыр еді. Оның дәлелі ретінде көптеген кәсіпкерлердің шағымдарын алып қарасаңыз болады, олар газ тарататын мекеменің осы талабы заңға қаншалықты сәйкес екенін сұрайды, себебі, алдын ала төлем қосымша қаржылай шығын, бұл шығын шағын бизнестің дамуына кедергі келтіріп тұрған еді. Мәселе енді дұрыс шешілді», – дейді Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев.

Палата филиалы басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауданда 7300 кәсіпкер бар, олардың 5500-і шағын кәсіпкерлік субъектілері.

«Газдың алдын ала төлемі орта есеппен әрбіріне ай сайын 10 мың теңгедей. Алдын ала төлемнен құтылған Жылыойдың шағын кәсіпкерлік субъектілері айына 55 млн теңгені үнемдейді екен. Бұл да аз ақша емес», – дейді Асылбек Жәкиев.

Өңірлік палата басшысы газбен қамтитын мекеменің газ үшін 100% алдын ала төлем талап етпеуі – кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші дейді. Осындай игі өнегені «АтырауГазИнвест» пен «ҚазТрансГазАймақ» сынды кәсіпорындар да жалғастырса құба-құп.

«Бұл Палатаның бастамасы еді, құрылтайшылар мен компанияларға ұсыныс айттық, олар әлеуметтік жауапкершілікті түсініп, бізді қолдады. Әрине, кәсіпорын үшін бұл оңай қадам болмады. Өйткені, енді газ жеткізіп беруші «Теңізшевройл» компаниясына алдын ала төлемді өздері жасап отыруы керек. Сондықтан да біздің бастамамызды қостап жатқан «Жылыой» ЖШС басшылығына зор алғыс білдіреміз», – деді Асылбек Жәкиев газбен қамтушы компания өкілдеріне.   

Бүгінге дейін Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы «АтырауЭнергоСату» ЖШС-мен дәл осындай 100% алдын ала төлемнен бас тарту жөнінде келісім жасады. Нәтижесінде жергілікті шағын бизнес субъектілері электр қуатына алдын ала төлем жасаудан құтылды. Осындай жұмыстар өзге де қызмет көрсетуші компаниялармен де жүргізілетін болады. 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер