«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Еліміздің бас қалалары бизнеске қолайлы болуы тиіс

2017 жылғы 20 Қаңтар
11729 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Кұлыбаев Алматы және Астана қалалары Кәсіпкерлер палатасының басшыларымен кездесті

Алматы қалаcы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Стамбеков Палатаның қызметі туралы, соның ішінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының атқарған жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ қалалық нысандарды жекешелендіру мақсатында белсенді жүргізілген төлқұжаттандыру шаралары мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелеріне тоқталды.

Алматылық Палатаның табысты еңбегін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмыс жоспары 144%-ға орындалуы мен 1800-ден астам нысан мемлекет иелігінен жеке кәсіпкерлікке өткенінен көруге болады. Өңірлік палата кәсіпкерлердің құқығын белсенді қорғап, сондай-ақ сот процестеріне де ұдайы қатысып келеді.    

Тимур Құлыбаев Алматыда туризм саласын дамыту керектігіне ерекше назар аударып, қаладағы инфрақұрылым мен өзге нысандардың оған дайын екеніне назар аударды. Қала кәсіпкерлерінің белсенділігін атап өтіп, туристік кластер аясында бірыңғай бағдарлама мен туризмді дамыту жоспарын әзірлеудің маңыздылығын ескертті.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Дәурен Жақыпбек өңірлік Палатаның нәтижелі жұмысынан нақты мысалдар келтірді. Мысалы, Астанада дамымай кенже қалған балабақшалар желісіне қатысты өзекті мәселені шешу үшін балабақшалар қауымдастығының, мемлекеттік мекемелердің және ұйымдардың қатысуымен жиын ұйымдастырылған. Нәтижесінде, балабақша санының жеткіліксіздігіне    қарамастан, елімізде мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарды жан басына шаққанда қаржыландыру ең төмен деңгейде екені анықталған.

Астаналық Палатаның қалалық әкімдік және мәслихатпен бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде, қала балабақшаларының жан басына шаққандағы қаржыландырылуы 45%-ға артқан. Бұдан тыс инвестициялық тартымдылық та жақсармақ.

Сондай-ақ астаналық Палата өңірдегі 25 әкімшілік кедергіні  анықтап, 10 олқылық шешімін тапқан.  Палата жұмысының қол жеткізген ерекше жетістігі 2,47 млрд теңге көлеміндегі астаналық кәсіпкерлердің мүддесін прокуратура мен мемлекеттік мекемелермен бірге қорғауы болып отыр.  

ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін түйткілдердің алдын алу жолдарын айқындап, бас қаладағы кез келген жаңашылдық өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы ахуалды қалыптастыруға  бағытталғанын атап өтті.  Төралқа Төрағасының айтуынша,  елорданың  медицина саласы қарқынды даму орталығы болуы тиіс. "Астананың бірегей медициналық мекемелерін ескере отырып, елордамыз Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ тұтас өңірдің медициналық хабына айналуы шарт",- деді Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ Төралқа Төрағасы елордадағы тауар сатып алу мен қызмет көрсетуде жергілікті өнімді көбейтудің маңыздылығын еске салып, ол үшін отандық тауар мен қызмет көрсету сапасын арттыруға қатысты маңызды мәселелерді түбегейлі шешу керектігін нұсқады.

Тимур Құлыбаев алматылық және астаналық палаталардың ғана емес, барлық өңірлік палаталардың басшыларына өңірлік бөлімшелердің алдағы жұмысының ашықтығын арттыруды, мемлекеттік мекемелермен, БАҚ өкілдерімен, сондай-ақ халықпен арадағы ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер