«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі, шаруаларға кері әсерін тигізуде

2017 жылғы 27 Қаңтар
11574 просмотров

Кәсіпкерлердің субсидиялауға қатысты 400-ге жуық ұсынысы қайта қаралмақ

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіпкерлер қауымдастығынан түскен 400-ге жуық ұсынысты мұқият қарастырып шығуға келісті

Отандық бизнес саласы жалпы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын жасауға белсенді атсалысқандықтан, ондағы кейбір жаңашылдықтарды толық қолдайтыны анық. Бірақ инвестициялық салымдар кезінде фермердің жұмсаған қаржысының бір бөлігін өтеу; технологиялық құрал-жабдық несиесі мен лизингі, төрт түлік мал сатып алу және де техника лизингі ережелері жобасы ауылшаруашылық саласына жұмылған кәсіпкер ағайынның алаңдаушылығын тудыруда. Мысалы өткен жылы өтінімдері мақұлданған шаруалар, ендігі қисынсыз қадамдар салдарында мемлекет қолдауынан қағылуы мүмкін. 

Сондықтан бүгінгі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп комитетінің отырысында, жиынға қатысушылар, кооперацияларды өркендетуге байланысты өзгерісті санамағанда, қолданыста әзірге бұл қағидалардың ескі нұсқасын қалдыруға дауыс берді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, былтырғы жылдың қорытындысында, қазіргі уақытта 83 млрд теңгенің төңірегіндегі міндеттеме сомасы жиналып қалғанын жасырмады. Ал қазына қаражаты тек 30%-ды, яғни шаруалардың мұқтаждығын тек 25 млрд теңгеге жабуға жетуде екен. Биылға да осындай қаржы көлемі жоспарланыпты.

«Әкімдіктер тиісті өтінімдердің төлемін жасағанымен, бүгінде әлі 58 млрд теңге кезегін тосуда. Бұл дегеніміз, егер біз өткен жылы қаралған өтінімдерге басымдық беріп, тағы 25 млрд теңгені бағыттағанымызбен, 33 млрд берешек қалып қояды. Осы жылдағы өтінімдер болса тағы бар. Қымбат тұратын жобалардың субсидиясы бір реттік сомамен төленгендіктен, ақша ірі мөлшердегі өтінімдерге кетеді. Сондықтан төлемді біртіндеп жасау ұсынылады. Мәселен субсидия сомасы 500 млн теңгеден асса, жылдарға бөлініп, сатылап төленеді», - деп түсіндірген Гүлмира Исаева, құрылыс-монтаж жұмыстарына Қазақстан бойынша орташа алғанда инвестициялық субсидиялардың 50 пайызы шығындалатынын, кейбір өңірлерде тіпті 70 пайыздан асып кететінін жеткізді.

Вице-министр негізгі бағыттардың бірі ретінде ауылшаруашылық кооперативтерін атады. Бюджет тапшылығын әкімдіктердің жергілікті бюджеттен тартқан қаражаты толтырып, субсидияны екі есеге көбейтуі ықтимал деген уәжге комитет мүшелері күдіктерін білдірді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов, ережелер ҰКП-ға түскен беті қауымдастықтар мен одақтарға, өңірлік палаталарға жіберілгенін айтты. Нәтижесінде, қазіргі кезде, кәсіпкерлерден 400-ге жуық ұсыныс жиналған.

«Шынтуайтына келгенде, мұндай жағдай бұрын ешқашан болмаған. Субсидиялаудың жаңа ережелері бизнесті дүрліктіргені даусыз. Бүгінгі іс жүзіндегі ережелер таяуда ғана, 2016 жылдың тамыз айында өзгертілгені аян. Енді міне тағы ахуал күрт басқаша кейіпке енуде. Өзгерістердің жиі орын алуы, бизнестің лайықты дамуын тоқыратып отыр. Өндірісті ұзақ мерзімге жоспарлау қиынға соғуда. Себебі жоба жүзеге асып жатқанда, қағидалар түрленумен болады. Содан субсидияның да «ауылы» алыстайды. Сөзімізге көп дәлелдің бірі, Шығыс Қазақстан облысындағы картоп өсіретін шаруашылық көкөніс сақтайтын нысан салуға кіріскенімен, субсидиядан айырылмақ. Сонда өткен жылы расталған біраз жобалар қайтара комиссия алдынан өтуі керек пе?», – деп сауал тастады Рүстем Құрманов.

Қазақстан Ет одағының президенті Мақсұт Бақтыбаев, әңгіме арқауына айналған ережелердің ет саласына да теріс ықпалын тигізетінін ескертіп, шетелдік және отандық инвесторлар жайлы нұсқалған Ұлт жоспарының 61-ші қадамын еске салды.

«Жаңа әріптесім де ашық жайып салды, салаға инвестиция құйған 15-тей кәсіпорын не істерін білмей дағдаруда. Бұның әлеуметтік әсері де мол, тікелей алғанда ғана бір жарым мың жұмыс орны бар. Анығы, 2016 жылғы жобалар міндетті түрде қолдау табуы керек», – деді ол.

Комитет төрағасы Иван Сауэр де субсидиялаудың қажеттілігін Үкімет алдында қорғап, дәлелдеп шықпаса, ауылшаруашылық еңбеккерлерінің сенімінен айырылатынын қостады.

Қазақстан картоп пен көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаев, үстіміздегі 2017 жылға инвестициялық субсидия жоспарланбаса, алдын ала мәлімдеп, қаржы салып қойған шаруаларға көмектесу керектігін нығарлады.

Комитет отырысының түйінінде өзге де өзекті мәселелер тұрғысында бизнес мүддесін қорғап қалуы тиіс нақты шешімдер тұжырымдалды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер