«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл бизнесіне берілген басымдық

2017 жылғы 14 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
3696 просмотров

Ауылдық жерлерде бизнест бастау қаржыға келіп тірелетіні анық. Биыл Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының араласуымен бизнестің 422 субъектісі өз жобасын қаржыландыру үшін 1 281 484 000 теңгеге шағын несие алған. Дегенмен қиын да, қызықты кәсіпті бет бұрғандардың қатары азаяр емес. Сондықтан жергілікті билік ауылдағы кәсіпкерлердің ынтасы мен талабына қолдау көрсетіп, Палатаның қосымша қаржы көзін бөлу туралы бастамасымен келісті.

Арадағы келісімге сай облыс әкімдігі 300,0 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ 300,0 млн. теңге бөлсе, кәсіпкерлер Палатасы қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі. Бұл іске аудандық филиалдар да жұмылдырылған. Осының арқасында ауыл кәсіпкерлері енді ауылдан қалаға сабылып әуре болмай, мәселені тұрғылықты жерінде шеше алады.

«Бұл меморандум қосымша қаржыландыруды екі кезеңмен жүзеге асырады. Жоспар бойынша алғашқы 300 миллионды «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ бөледі. Ал осы мөлшердегі екінші транш келер жылы бөлінеді. Мұның барлығы да ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке шағын несие беруге жұмсалады», – деді Меморандумға қол қойылғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Бұл аймақтың дамуы үшін өте маңызды. Кәсіпкерлікті қаржыландыру ісі ең өзекті бес мәселенің бірінен саналады. Сондықтан «Атамекен» ҰКП, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ және БҚО әкімдігікөтерген бастама нәтижесіз болмай, ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді, – дейді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин. – Біз өз тарапымыздан бұл жобаларды назарда ұстаймыз. Ауыл тұрғындарына бизнес-жоспар құруда, құжат жинап, тиісті жеріне жеткізуге көмек береміз. Қазірдің өзінде бірқатар жобалар жинақталды. Олардың құны 700 миллион теңгеге жетті».

Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ басқармасының төрағасы Бақыт Құдасбаеваның айтуынша,  несие беру тәртібі өте қолайлы.

«5 миллион теңгеге дейінгі қарыз стартаптарға бөлінеді. 8000 АЕК-ке дейінгі қаржыға бизнесті кеңейтуге болады. Несиелендіру мерзімі 4,5 жылға дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 6 %, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 % аспайды», – деп түсіндірді қор өкілі. .

Сонымен қатар «Даму» АҚ арқылы несиелендіру қорын құру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Даму» АҚ 700,0 млн. теңге беруге дайын. Бұл несиелендіру жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Кәсіп бастаудан қорықпаңыз...

Қыркүйек айының соңында Оралда өткізілген Халықаралық «WestKazInvest-2017» инвестициялық форумы аясында «Атамекен» ҰКП, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ және БҚО әкімдігі арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама ауылдағы кәсіпкерлікті несиелендіруге қаржы бөлу ісін жеңілдетуді көздейді.

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауылының тұрғыны Сәлімгерей Нұрсафин орта жастан асса да бизнеспен айналысуға бел буды. Кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысу үшін ауыл азаматы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған арнайы курста тәлім алған. «Бастау Бизнес» жобасының түлегі енді ауылдан 50 адамдық кафе ашуды жоспарлап отыр.

«Лайықты ғимаратым бар, қажетті білімді алдым, жобаны жасады. Бизнес-жоспарым да дайын. Ендігі мақсат – осы кафеге қажетті қондырғыларды сатып алу. Осыдан кейін өз арманымды іске асыруға кірісемін, – дейді ауыл тұрғыны.

Қажетті қондырғыларды сатып алу үшін кәсіпкерге шамамен 3 миллион теңге керек. Қазір Сәлімгерей Нұрсафин тиісті құжаттарын жинап, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорына» тапсырып, жеңілдікпен несие алуға үмітті.

Осы ауданның тағы бір тұрғыны Сержан Сарсимов та өз жобасының қараусыз қалмасына сенеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тәлім алған талапкер жігіт әкесімен бірге мал өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналыспақ ниетте. Бірақ мүйізді ірі қараны сатып алу үшін кем дегенде 4 миллион теңге керек.

Мұндай игі істен теректіліктер де қалысар емес. Федоровка ауылының тұрғыны Ринат Серікқалиев пластик терезе жасау ісін қолға алмақ. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкердің сөзінше, нарықта бұл өнімдерге сұраныс жоғары екен. Демек бастаған істің табысты болары анық.

«Біздің аудан облыс орталығына жақын жерде орналасқан. Сондықтан өз өнімімізді Оралмен қатар, Ақсай қаласына да жеткізе аламыз. Әрі аудан орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Демек жұмыссыз отырмайтынымыз анық», – дейді Ринат Серікқалиев.

Сөз соңында...

Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері Кеңесі мен филиал қызметкерлері озық шыққан жобаларды іріктеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері тоқталғандай, бизнесті қолдаудың тиімді құралдарының бірі ретінде «Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасын айтуға болады. Бағдарлама іске асырылғалы бері мемлекеттің көмегімен 2010 жылдан бері бастысқазақстандық кәсіпкерлердің 723 жобасы қамтылған, 86,9 млрд. теңгеге инфрақұрылым жүргізілген. Кепілге қояр мүлкі жоқ 183 кәсіпкер 2 млрд. теңге көлемінде кепілдікке ие болыпты. Бірегей бағдарламаны іске асыру арқылы28,3 мың жұмыс орны сақталып, қосымша 5 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылды.

Мамандардың сөзінше, соңғы екі жылда ауыл кәсіпкерлерінің қатары көбейген. Былтыр мақұлданған жобалардың 43% ауылдық жерлерге тиесілі болса, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша бұл көрсеткіш 38% жеткен.

Альбина Байқонақова

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер