«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау Бизнес» жобасында Батыс Қазақстан облысының 938 тұрғын білім алды

2017 жылғы 22 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
5075 просмотров

Басқа өңірлердегідей Батыс Қазақстанда да «Бастау Бизнес» жобасының 6-легі аяқталды. Биылғы жылдың соңғы бітірушілері сараптау комиссиясының алдында бизнес-жоспарларын қорғап, идеяларымен бөлісті. Қатысушылар жеңілдікпен несие алу үшін қаржы институтына берілетін жолдама алудан үмітті.

Ауқымды әрі қызықты жобалардың бірі – көкөністер мен жемістерді қайта өңдейтін цех ашу. Идея авторы жас кәсіпкер, «Бастау Бизнес» жобасының қатысушысы Мәди Әбуғалиев. Жас кәсіпкер болашақта жылына 150 мың құты шырын мен жеміс-көкөніс өнімін шығаруды ойластырған. Әрине мұндай ауқымды жобаға қомақты қаражат керек. Шамамен – 120 млн теңге. Қатысушыларға нарықты сараптап, тәуекелді ескеруді, тиімділігін қарастырып, бизнес-жоспар дайындауды Зеленов ауданында дәріс оқыған бизнес-жаттықтырушы Қуанышбек Ерниязов үйреткен.

«Зауытта шырын, томат пастасын, көкөніс консервілерін дайындау жоспарланған. Өнім экспортқа шығарылады. Алдымен 25 адам жұмыспен қамтылса, келешекте 100 адам қабылданады. Осылайша бұл жоба бірнеше әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік береді: жұмыс орны ашылып, азық-түлік өнімдері шығарылады, өткізу нарығын ұйымдастыру, экспортты дамыту және т.б. салалар қамтылмақ», ­ ­- дейді бизнес-жаттықтырушы.

Бұл жоба әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлдауда жатыр, өңірлік деңгейде «Агронесие корпорациясы» АҚ филиалы келісім берді.

Алтыншы лектің қорытындысы бойынша жалпы Зеленов ауданы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 4 жобаға 15, 65 млн теңге қаржы бөлді. Жыл басынан бері қаржыландыру тетіктері арқылы 56 жобаға 190 млн теңге қаржы берілді. Ал 10 кәсіпкер өз қаражатының есебінен жеке кәсібін бастады.

«Бастау Бизнес» жобасы Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Ақжайық, Зеленов, Теректі және Жаңақала аудандарын қамтыды.

«Жалпы 938 тұрғын білім алды. 138-ден астам қатысушының жобасы қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 118 жобаға қаржы берілсе, 20 жобаны «Агронесие корпорациясы» қолдады. Жобалардың 80 пайызы ауыл шаруашылығымен байланысты. 63 жобаға жеке қаражат бөлінген», - деп хабарлады Батыс қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Мақсат Құланбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер