«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата «Қызылорда» орталығын жекешелендіруді шегеруді ұсынды

2018 жылғы 29 Наурыз
6227 просмотров

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Қызылорда» Өңірлік орталығын жекешелендіруді 2022 жылға дейін тоқтата тұруды ұсынды

 Бүгін Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік делегация облыс активімен және кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті.

Эльдар Жұмағазиев «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған азаматтардың жобасын қаржыландыруда Қызылорда облысы көшбасшылардың қатарында екенін жеткізді. Өткен жылы Қызылордада аталмыш бағдарлама аясында 937 адам оқытылып, 358 азаматтың жобасы қаржыландырылған. Негізгі жоспар бойынша оқыған азаматтар жобасының ең кемі 20 пайызын қаржыландыру жоспарланған болса, Қызылордада бұл көрсеткіш 38 пайызға орындалған.

Өңірде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың жобасын қаржыландыруда «Қызылорда» Өңірлік орталығы» ЖШС-нің рөлі ерекше. Орталық құрылған уақыттан бері жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 339 жоба қаржыландырылып, жаңадан 1000-нан астам жұмыс орны ашылған.

Басқосуда Эльдар Жұмағазиев: «Басты мәселе бар. Бұл «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына қатысты. Орталық микроқаржылық ұйым, Кәсіпкерлер палатасына сенімгерлік басқаруға берілген. Шынын айтқанда, облыстағы ең басты қаржы ұйымы болып отыр. Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен 2019 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Одан кейін жекешелендірілуі керек. Алайда, Орталықтың «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын Қызылордада жүзеге асырудағы негізгі қаржы институты екенін ескерсек, жекешелендіруді 2022 жылға дейін, яғни бағдарлама аяқталғанша, тоқтата тұруды ұсынамыз», – деді.

 Кездесуде Басқарма төрағасының орынбасары Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданының кәсіпкерлік саласына талдау жасап, салада бағыттарды дұрыс анықтау арқылы оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін айтты. Мысал ретінде, сол облыста «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған 52 жасар тұрғынның 10 бас ірі қара мал алып, күніне 135 литр сүтті өткізу арқылы ай сайын 230 мың теңгеден астам табыс тапқанын, әрі қарай сыр өндіретін құрал алу арқылы кіріс көзін 300 мыңнан асырғанын жеткізді.

Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП бүгінде мұндай талдауды Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы бойынша жүргізіп жатыр.

Кездесуде «Атамекеннің» басшылығы колледждердегі маман даярлау мәселесін де көтеріп, шешу жолдарына қатысты Үкіметке жақын күндері ұсыныстарын беретінін жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер