«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-омбудсмен қарағандылық ​​кәсіпкерлермен кездесті

2018 жылғы 18 Мамыр
- Қарағанды облысы
8416 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов 2018 жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облысында өткен көшпелі отырысына қатысты. Іссапар барысында облыс әкімі Ерлан Қошановпен де кездесті.

Кездесу барысында Қарағанды облысының құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты, сондай-ақ Мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық тергеу қызметінің қылмыстық істерді қозғау мәселесіне қатысты кәсіпкерлерден түскен шағымдар талқыланды.

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов үрдіске немесе заңды құбылысқа айналып кетпеу үшін келеңсіздіктерге жол бермеуді қадағалау керектігін, құқық қорғау органдары олардан кері әсер алулары мүмкін екендігін
 атап айтты. Сондай-ақ Қайырбек Сүлейменов Палата мен құқық қорғау органдарының республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті жерлерде де, аудандар мен өңірлерде өзара қарым-қатынасының маңыздылығына тоқталды.

Түсіп жатқан арыздың көпшілігі қылмыстық істі тергеудегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне және жергілікті полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты. Облыстағы тоғыз қаланың бесеуінде кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Айта кету керек, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына 2015 жылдан бері ішкі істер органдарының іс-әрекеттеріне қатысты 12 шағым түскен.

«Елбасы экономикалық қылмыстарды қылмыс деп танымау туралы тапсырма берді. 2015 жылы кәсіпкерлердің 80%-ы негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырады, яғни сотқа дейін олардың 20%-ы ғана жетті. Бас прокуратурамен бірлесіп атқарған орасан зор жұмыстардың нәтижесінде, соңғы екі жылда экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық істердің саны бес есеге азайды - 2015 жылы 8170 болса, 2017 жылы 1618-ге дейін түсті. Және кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, кейін «қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылды» деген қағаз беріледі, бұл жерде біріншіден, бизнес банктегі несие желісін жоғалтады. Екіншіден, бизнес қандай да бір мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Бұл бос әурешілік тіптен қажет емес», - деп, түсіндіреді бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов. Оның айтуынша, қылмыстық іс қозғау бизнестің банкротқа ұшырауына әкеледі.

Алайда кездесуге қатысушылар айтып өткендей, қазіргі уақытта кәсіпкерлер үшін әлі де заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар, және соның салдарынан олар бизнесінен айрылады. Ал бизнес болса, жергілікті атқарушы органдардан ашықтық пен серіктестік күтеді.

Кеңес отырысында ҚР ІІМ Қарағанды ​​академиясының асханасында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша тендерді жеңіп алған жеке кәсіпкер Мәдина Жақыпбекованың мәселесі қайта көтерілді. Кәсіпкерге академия басшысы өз қызметін толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеуде.  Кездесу барысында осы мәселе бойынша Президент Әкімшілігіне хат жолдау туралы алдын ала хабарланды.

Кеңес жұмысына тұрақты өкілдерден басқа, аймақтағы мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және бизнестің өкілдері қатысты.

Сапар аясында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерлерді жеке қабылдап, бизнестің барлық шағымдарын тыңдады. Атап айтқанда, кәсіпкерлерді жер мәселесі, мемлекеттік органдар жүргізетін тексерулер және олардың нәтижелері, заңнамалық және салық мәселелері толғандырады екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер