«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге арналған онлайн-сервисті барлық облыста іске қосуды тапсырды

2018 жылғы 01 Маусым
- Қызылорда облысы
8505 просмотров

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА.

Жиын отырысында кәсіпкерлер барлық инженерлік желіге қосылуға рұқсат ала алатын геоақпараттық онлайн-сервистің пилоттық қосылуы жөніндегі мәселе көтерілді. Бүгінде мұндай ресурс Қызылорда облысында қолданылады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бизнеске арналған осындай онлайн-сервис барлық өңірде бар ма деген сауалды қойды.

«Бұл неліктен барлық өңірге енгізілмеген, әлде бар ма? Міне, Қызылорда облысына енгізілген – нақты нәтиже бар. Біз оны барлық өңірге қосуымыз керек, себебі іскер адамдар дәл осы жайында жиі сұрайды. Жерге қатысты іс туындағанда мәселе шешілмейді», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент жерді пайдалануға рұқсат алумен байланысты сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюды талап етті.

«Бұл ақпарат ашық болуы тиіс. Кәсіпкерлер қайда, қандай жер бар екенін, кімге және қалай сатылғаны туралы білулері керек. Неліктен оған емес, басқаға? Бәсекелестік болды ма? Сонда ғана сыбайлас жемқорлық болмайды. Бизнесмен мен шенеунік арасында байланыс та орын алмайды. Бұл туралы қашаннан айтып келеміз. Жалпы, мұны шешуге болады», – деп есептейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов баяндама барысында бұған дейін кәсіпкерлер техникалық талаптарды алуға төрт айға дейін уақыт жұмсаса, онлайн-сервис іске қосылғаннан бері үш күн ішінде бір жерден алуға мүмкіндік туғанын түсіндіріп өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер