«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шұжық бизнесі «Бастау» жобасымен өркендейді

2018 жылғы 05 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
9871 просмотров

Дарияда шығарылатын шұжықты ұнататындар қатары қалың. Батыс Қазақстан облысының нарығында жергілікті деликатестер үш жыл бұрын шыққан. Құрылысшы-инженер мамандығын иеленген отағасын шұжық цехін жалға алуға жұбайы көндірген.

«Ауылдық жерде көп істі бастауға болады. Жеке кәсіппен айналысуға деген ынтамыз жоғары еді. Жұбайым 15 жыл бойы шұжық цехында технолог болып еңбек етті. Сондықтан көп ойланбастан іске кірістік. Бірте-бірте жолға қойып, шұжықтың 6 түрін шығара бастадық», – дейді кәсіпкер Исатай Сағынғалиев.

Жеке кәсібін ұлғайту үшін «Бастау» жобасымен білім алған Исатай  Сағынғалиев тағы да тренингтерен өтіп, мемлекеттік бағдарламаларды жете түсінген. Оқи жүріп құжаттарын жинастырып, жобасын да қорғаған. Барлығы да сәтімен жүзеге асқан кәсіпкердің бастамасы дәл ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу саласына арналған. Ауылдағы кәсіпкер осы салада кәсіппен айналысушылар қатары неге аз екеніне де таң қалады.

«Жабдық ескірді, сондықтан жаңада фаршты араластыратын, вакуумды шприц, қақтайтын аппарат секілді жабдықтарды алуды жоспарлап отырмыз. Менің жобама 6 млн теңге мақұлданды. Цехты жалға алып отырмыз, бірақ әкімдік жер учаскесін бөлсе, цехқа арнап жаңа ғимарат салуды жоспарлап та отырмыз. Онда жоспар да басқаша, ауқымды болады. Біздегі шұжық нағыз еттен жасалған, малды халықтан, шаруа қожалықтарынан сатып аламыз», – деді кәсіпкер Исатай Сағынғалиев.

Өндірісте отбасы мүшелерінен бөлек, 10 тұрғын еңбек етеді. Олардың жартысын Жұмыспен қамту орталығы жіберген. Дария цехында ай сайын 2 тоннаға дейін шұжық өнімі шығарылады, ауданда және облыс орталығында сұраныс жоғары. Сағынғалиевтер отбасы «саннан сапа артық» қағидатымен жұмыс істейді, сондықтан айналымды арттыруға асығар емес. Ойға алғаны жүзеге асса, жақын арада бұл шұжық өнімдері басқа өңірлерде де сатылымға шығарылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер