«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

 «Бизнес-Өсу» түлегінің өнімі сұранысқа ие

2018 жылғы 27 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
9211 просмотров

Оралда жарық беретін жаяужол плитасы шығарылады  

Кәсіпкер Әлібек Жалмұхамбетовке жарық беретін плита шығару туралы идея аяқ астынан келді. Бір күні кешқұрым жаяужолға кілтін түсіріп алған оған "плиталар жарық беріп тұрса әрі ол электр энергиясы үнемдесе" деген ой сап ете қалған. Көп ұзамай жарық беретін пигменттерді жеткізушілерді іздеп, тәжірибе жасауды бастап кеткен. Өзінің ерекше идеясымен «Бизнес-Өсу» жобасына келді.

«Былтыр сәуір айында білім алдым. Зульфия Халилова есімді бизнес-тренер дәріс оқыды. Ол өз ісінің шебері. Курста көп нәрсені үйрендім, кейіннен жеке кәсібімді аштым», - дейді кәсіпкер Әлібек Жалмұханбетов.

Бизнес-идеясын байқауда таныстырған Әлібек грант иегері атанды. Берілген қаражатқа дірілі бар үстел, бетон араластырғыш, қыздыратын ванна, пластификатор, қалып секілді құрал-жабдықтарды сатып алған.

«Жарық беретін плита мен бордюр шығаруды қолға алдым. Қазіргі таңда қырланған кеспе тастың 5 түрі шығарылады. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жеке бизнесімді аштым. Осындай кеспе тастың түр-түрі шығарғым келеді, сонымен қатар бетон, бақша және безендіру бұйымдарымен айналысқым келеді», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда өндірісте 10 адам жұмыс істейді. Тапсырыс жоғары, жарық беретін плиталарды алғысы келетіндер қатары көп. Келесі жылы кәсібін ұлғайтқысы келетінін жасырмаған кәсіпкер ісі оңға басса, тіпті несие алудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Себебі түскен пайда кәсіпті ұлғайтуға сеп болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер