«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау» – отбасылық бизнес бастауға негіз

2018 жылғы 31 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
7967 просмотров

Әке жолын қуып, қымыз өндіру үшін 19 жасар Төлен Есімхан Әбуов жылқы өсіруді өзіне мақсат қылды.

 Төленнің отбасы жылқы өсіруде тәжірибесі бар, сондықтан жігіт осы кәсіпті таңдады. Ол «Бастау» жобасының екінші легі бойынша оқу бітіріп, облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» несие алуға құжаттар тапсырды. Оның өтінімі қазір қарауда жатыр. Төлен Есімхан жеңілдетілген несиемен 4 млн теңге алып, 10 бие сатып алуды көздеп отыр. Отбасы мүшелері тәулігіне 50 литр қымыз өндірмекші. Ал дайын өнімді бөлшек сауда арқылы өткізу жоспарланған.

 Тағы бір қаратөбелік тұрғын Шөптікөлде 200 орынға арналған тойхана салды. Іскер әйелдің айтуынша, тойхана ауылға керек-ақ, өйткен той-томалақтар көп, өткізетін жер жоқ. Шөптікөлге бір ғана көлемі шағын тойхана болған. Тойханаға қажетті жабдық сатып алу үшін Мақсұтовтар отбасы «Бастау» жобасына қатысты. Кепілзатты екере отырып, Мақсұтовтар отбасына 2,5 млн теңге несие мақұлданды. Осы қаражатқа жиһаз, ыдыс-аяқ, тоңазытқыш сатып алынды, енді ас үй жабдығын алу ғана қалды.

Жаңа тойханың тұсаукесері әдемі дата – 08.08.2018 күнге жоспарланып отыр. Осы күні әулеттің кенже ұлы үйленеді, демек Мақсұтовтардың бұл күні қос қуанышы болады.

 «Жыл басынан Қаратөбеде кәсіпкерлік негіздеріне 69 адам оқыды. Бүгін «Бастаудың» 3-легінде тағы 15 ауыл тұрғыны оқуын тәмамдап жатыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» алты бизнес-жобаны мақұлдады. Аталған жобалардың жалпы сомасы 13 млн теңгені құрайды», – деді Қаратөбе ауданының бизнес-тренері Гүлназ Чукаева.

Айта кетелік, «Бастау» бойынша оқу Қаратөбе ауданында биыл ғана басталды. Тұрғындар «Атамекен» ұсынып отырған мүмкіндікке қызығушылық танытып, жобаға белсенді қатысып жатыр. Жыл аяғына дейін 100 қаратөбелік азамат жоба бойынша оқып шығады деген жоспар бар.  


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер