Талдықорғандық 68 кәсіпкер services.atameken.kz арқылы онлайн қызмет алды
Алматы облысында жаңалық 1 тамыздан бастап енгізілді
Өңірдегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылды. Осылайша кәсіпкер кеңесшінің көмегінсіз-ақ қажетті қызмет түрін пайдалана алады.
Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында services.atameken.kz интернет-ресурсы арқылы кәсіпкер бухгалтерлік және есеп, ақпараттық технологиялар, құқықтық, кедендік рәсімдеу, ақпараттық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің өтініштерін сүйемелдеу, маркетинг, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, мемлекеттік сатып алу сынды қызмет түрлеріне тапсырыс беріп, пайдалана алады.
Аталмыш қызметтерді services.atameken.kz арқылы онлайн режимінде кәсіпкер үйінде немесе кеңседе, сондай-ақ Қазақстанның және әлемнің кез келген жерінен қосылып, қызмет түрін қолдана алады. Платформаға тіркелу үшін қолданушының телефон нөмірі мен электронды поштасы қажет. services.atameken.kz қосымшасы смартфон арқылы да қолжетімді.
«Кәсіпкер сервис арқылы бизнес негіздеріне оқытуға жазылып, қаржыландыру, шығындарды азайту, мемлекеттік бағдарламалар бойынша толық ақпаратты ала алады. Сонымен бірге, қызметтер офлайн режимінде де көрсетіледі. Талдықорғандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бухгалтерлік, құқықтық және маркетинг қызметтері бойынша кеңесшілер жұмыс істейді», – деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.
Талдықорған қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен аудандардағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жұмыс істеудің жаңа форматына тамыз айынан бастап көшкен болатын. Жаңалық еліміздегі цифрландырудың жүргізілуіне орай және қызмет көрсету рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
«Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында кәсіпкер тарапынан қандай да бір сұрақ немесе қиындық туындаған жағдайда біздің кеңесшілер қолдау көрсетіп отырады. Қолданушы үшін байланыс қызметі мен техникалық көмек қызметі қарастырылған», – деп атап өтті Ерлан Датқаев.
Өңірлік палатаның мәліметі бойынша, тамыз айынан бері Талдықорғандағы 68 кәсіпкер services.atameken.kz платформасы арқылы қызметтер пайдаланған.
Жыл басынан бері Талдықорған қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 735 бизнес өкілі сервистік қызметтерге жүгінген. Жалпы облыс бойынша Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарында сегіз ай ішінде 18 мыңға тарта кәсіпкерге сервистік қызмет пен кеңестер берілді.
Еске салсақ, Талдықорғанның Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «ТАТЭК» АҚ, «Жетісу су каналы» МКММ, «Талдықорғанжылусервис» МКМ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы сынды монополист-кәсіпорындардың өкілдері электр желілеріне, су, жылу мен газға қосылу жөніндегі техникалық шарттарды беру бойынша қызмет көрсетеді.
Жақында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Kazakh Invest» ҰК АҚ өкілдігі ашылды. Онда «бір терезе» қағидасы бойынша инвестициялық жобаларды идеядан бастап, оны іске асырылғанға дейін сүйемелдеу бойынша жан-жақты қызмет көрсетіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: