«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Киіз басу – табысты кәсіп

2019 жылғы 08 Ақпан
- Ақтөбе облысы
11650 просмотров

Қолөнер шебері Гүлнұр Асқарованың қатысуымен киіз басудан шеберлік сабағы өтті. Іс-шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды

Ынта танытқан жандар үшін киіз басудан тегін шеберлік сабағын Гүлнұр Асқарова өткізді. Қолөнер шебері киізден жасалған панно, қоржын, әшекейлердің түр-түрін жасайды. Өнер иесі әсіресе әйелдерге арналған әшекей бұйымдары, сөмкелер, бас киімдер, аксессуарларды тамаша әзірлейді, әр бұйымда ұлттық нақыш, қазақи сарын байқалады. Сонымен қатар Гүлнұр ханым құрақ тігуді де кәсіп қылған.

Келіншек бәрін нөлден бастаған. Технологияларды өз бетінше іздеп, меңгерген, ал киіз басудың алғышарттарын анасынан үйренген. Киіз басудан бағалы ақпаратты Гүлнұр ақбұрымды апа-әжелерден алады. Әжелер – көненің көзі, олар сырмақ пен текеметтердің, алаша мен тұскиіздердің қолданылуын, қадір-қасиетін, әр ою-өнерктің тарихын, қазақ салт-дәстүріндегі орнын біледі.

 «Киіз басу қазіргі таңда қайтадан жанданып келеді. Бүгінде киізден барлығы өндіріледі: киім-кешек, бас киім, аксессуарлар, сөмекелер, үй жабдығы, ойыншықтар және тағы басқа. Киіз басу тарихының тамыры тереңде, дегенмен бүгінде қолдан жасалған сапалы затты табу қиын. Ал осы кәсіпке үйрену одан да қиын, маманның үйреткені керек», – деді шебер.

 Шеберлік сабағына шамамен 10 адам қатысты. Киіз басу бойынша шебер киізді сумен басу техникасы негіздерін, кәдесый мен әшекей жасаудың  техникасын көрсетті. Қатысушылар өз қолдарымен бұйым дайындап көрді.

 «Шеберлік сабағы барысында өнімді сапалы жасай білген адам, бұл кәсіпті ары қарай алып кете алады, сонымен қатар өзге өндірушілер ұсынған тауар сапасын алыстан танитын болады. Киіз басудағы ең басты қателік – өнімді қажет деңгейде ұйыстырмау, яғни жүн бір біріне қажет деңгейде жабыспаса, өнім сапасыз шығады. Сондықтан бұйым пішін мен түрін тез жоғалтады. Егер бұйым жақсы орындалса, онда көпке дейін жарамды болып, аса күтімді қажет етпейді. Киізден жасалған заттар кір көтереді, дымқыл болмайды, формасын ұстап, адамға терапиялық әсер етеді, массаждық қасиеттерге ие», – дейді Гүлнұр Асқарова.

Қолөнер шебері ұлттық киіз басу өнерін әр ауылда жандандыруға болатынын айтады. Әзірге шебер жергілікті жоғары оқу орнында дәріс беріп, хоббиімен айналысып отыр.

Гүлнұр Асқарованың арманы – сүйкті істі табысқа айналдыру, жеке бизнесті құру және халықты дәстүрлі өнерге үйрету. Шебердің тәжірибесі мол, оның біліктілігін Қазақстан қолөнер шеберлері одағының кәсіби мамандары да растап отыр.

 

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдаңбалы өнер иесін қолдады. ӨКП Іскер әйелдері кеңес мен Адами капиталды дамыту бөлімі  идеяны жүзеге асыруға сүйемелдеу көрсетпек.

 «Палата қызметінің бір бағыты – өңірдің туристік саласын дамытуда қолөнер шеберлерін қолдау. Ақтөбе қаласының туристік компанияларының және Колөнершілерінің қауымдастығы арқылы Іскер әйелдер кеңесі қолдауымен біз Гүлнұрға оқыту семинарларын өткізуге көмектесуге дайынбыз. Ең бастысы, өз бизнесін заңды тұрғыда ұйымдастыруына атсалысамыз», – деді «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айнұр Баймұратова.

 Шеберлік сабағында салт-дәстүр, қолөнер, киіз басуды игеру туралы әңгімелер айтылды. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар киіз басу техникасы бойынша қызықты сабақ үшін алғыс білдірді.

 «Мен Қарғалы ауданынан келдім. Аудандық мектепте көркем өнерден сабақ беремін. Шеберлік сабақ жайында әлеуметтік желіден естідім. Киіз басу өте қызықты сала. Өзім киізді құрғақ әдіспен басуды үйренгем. Ал ата кәсіп – киізді дымқыл әдіспен басуды көргенім бүгін. Әр шебердің өз мәнері бар. Шеберлік сабақ қорытындысы бойынша өз оқушыларым және әріптестеріме семинар жүргізем. Ал өзімнің бүгінгі жұмысымды Ақтөбе қаласының 150-жылдығына арнаймын», – деді қатысушы Айнагүл Мәмбетова.

 «Осындай шеберлік сабақты бұрыннан армандағам. Қазір жүнді жаю, басуда барлығын дұрыс істегенімді түсініп отырмын, өйткені үйде білгенім бойынша жасап жүрдім. Әрине, көп ақпаратты интернеттен аламыз. Алайда қалағанымдай шықпай қалатын. «Атамекенге» осындай шара үшін рахмет. Үйге бара салып жасап көремін, киіз басу маған ермек болды. Жалпы жібекпен көп жылдар бойы жұмыс істеймін,  тапсырысқа жібек үстіне  қазақи нақыштарды саламын», – деді қатысушы Мария Хуршудян.

Шеберлік сабағында әр қатысушы киізден бұйым жасады. Олар киіз басудың негізгі кезеңдерін меңгерді, киіз басудың технологиялық ерекшеліктерін сезінде. Шебер Гүлнұр Асқарованың пікірінше, бұл машықтың қыр-сыры жеке тәжірибе қалыптасқанда ғана игеріледі.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер