«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл бизнесіне «сілкініс» жасау – Іскер әйелдер кеңесінің жаңа міндеті

08 Мамыр 2019 - Батыс Қазақстан облысы
331 просмотров

Бизнестегі әйелдер жүргізетін бағыттар – сұлулық салондары, кондитер цехтары, тігін шеберханалары – кешегі күн, деп санайды кеңестің белсенді мүшелері

Облыстың іскер қыз-келіншектері бизнес салаларын жақсылап қолға алып, ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті дамытпақ. Бұл өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің жаңа фишкасы болмақ. Осы бағытта оң бастамалар бар. Теректі ауданының тұрғыны көп балалы ана Әсел Ғабдушева ірі қара мал өсірумен айналысады.

«Бастапқыда – 5-6 бас ірі қара болды. Қазір етті-сүтті бағытындағы 35 сиырым бар. Менімен екі адам жұмыс істейді, бұған қоса отбасым да көмектеседі. Күніне 100 литрден астам сүт өндіреміз. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2017 жылы несие алдым, «Бастау» жобасымен оқыдым. Кеңес жұмысына қатысу бизнесте бағдар болды. Енді асыл тұқымды мал шаурашылығын қолға алмақпыз. Ауыл шаруашылығында еңбектену керек, әйтпесе нәтижесі болмайды», – дейді 32 жасар Әсел Ғабдушева.

 Келіншек мал өсіргісі келетін адамдарға кеңес, ақпарат беруге дайын, алайда қазір Әселден үлгі алатындардың саны көп еместігі кеңейтілген отырыста айтылды. Мәселен, Теректі ауданында бизнеспен 100-ге жуық әйел айналысады. Олар негізінен қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтану саласында еңбектенеді. Бір ауданның мысалында бизнесті жалпы мәселелерін көруге болады. Кәсіпкер әйелдер көп жағдайда әкімшілік кедергілерге тап болады. Оның үстіне екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлермен жұмыс істегісі келмейді. Барлық жерде кепілзат пен кепілдеме сұрайды. «Даму» қоры кепілдікпен көмектеседі, бірақ қысқа мерзімге, сондықтан кәсіпкерлер демалыс кезеңінің қажеттілігін айтты. Кеңейтілген отырыста Кеңестің жаңа төрайымы – өңірде танымал кәсіпкер, «Батысэнергоресурсы» ЖШС басшысы Дина Галиметденова таныстырылды.

 Кеңестің құрамы да жаңарды. Бүгінде оған шамамен 60 адам кіреді. Жаңарған құрылым шеңберінде бизнес-қоғамдастықтың белсенділері кеңес жұмысының сапасына назар аудармақ.

 

«Біз оқу, жастармен жұмыс істеуге назар аударып, нарықтың қажеттілігін зерттеу, кәсіби бағдармен айналысатын боламыз.  Қоғамдық бірлестіктермен байланысты нығайтамыз. «Ашық әкімдік» үлгісінде «бәр терезе» режимінде жауапты мамандардың бизнес бойынша жұмысын ұйымдастырамыз. Әр бастауыш кәсіпкер әйел қажетті білімнің бүкіл топтамасын және білікті кәсіби көмекті еш кедергісіз оңай алуы керек. Кеңестің басты міндеті – кәсіпті енді қолға алған адамдарға  арнап «бизнес мектеп» құру», – деп атап өтті БҚО ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Дина Галиметденова.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер