«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

СҚО-да «Бастау» түлектері «Атамекен Қызылжар» МҚҰ-дан жеңілдікпен несие ала алады

2021 жылғы 18 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
11546 просмотров

Микроқаржы ұйымы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған және тиісті сертификат алған азаматтардың жобаларын қаржыландыру үшін СҚО кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған.

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қаржыландыру ұйымдары барлық өңірде ашылып жатыр. ӨКП мамандары «Бастау Бизнес» түлектерінің жобаларын қаржыландыруға республика ауқымында 22,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Соның ішінде 2 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген. Бұл қаражат Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «Атамекен-Қызылжар» МҚҰ арасында теңдей бөлінеді. Жылдық 6%-бен несиені "Бастау Бизнес" жобасына қатысып, сертификат алған азаматтар ала алады

 «2017-2020 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша оқу курсына 7050 адам қатысты, соның ішінде оқуды аяқтау туралы сертификатты 5135 адам алған. Осы ауқымнан 1410 түлек жобасына қаржыландыру алған. Осылайша тағы 3000 адамның жобаларына қаржыландыру қажет. Сондықтан «Атамекен» «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған азаматтардың ғана жобаларын қаржыландыруды жүзеге асыратын микроқаржы ұйымын құруға бастама көтерді», – деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.

 Биыл палата өңір бойынша 770 азаматты оқытты, олардың басым бөлігі бизнес-идеяларын жүзеге асыруға қаржыландыру алды.

 Жаңа микроқаржы ұйымы алғашқы өтінімдерді қабылдай бастады. «Атамекен Қызылжар» МҚҰ директоры Нағашыбай Күркеновтің айтуынша, кәсіпті енді бастағысы келетін азаматтарға несие алу үшін бизнес түрлері бойынша шектеу қойылмайды.

 «Бастау» түлегі кез келген бизнес түрін ашуға жылдық 6 пайызбен 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласында 7 жылға несие ала алады. Осы ретте біз жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, бар кредиттерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмаймыз. Басты мақсатымыз – «Бастау» түлектеріне өз кәсібін бастауға көмектесу. МҚҰ жұмысқа енді ғана кіріскеніне қарамастан, әлеуетті қарыз алушылардан 49 өтінім қаралу үстінде», – деп атап өтті Нағашыбай Күркенов.

«Бастау» түлегі микронесие алуға өтінім беру үшін бекітілген формада өтініш пен клиент анкетасын толтырып, жіберуі керек. Сонымен қатар кәсіпкерден заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктер және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі.

 «2021 жылға ауыл және шағын қалалардың тұрғындарына несие мөлшері 7,2 млн теңге, қала тұрғындарына 18,9 млн теңгені құрайды. Несие алуға өтінім беру үшін ауыл-аймақ тұрғындары СҚО Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына «Бастау» жобасын сүйемелдеу бойынша кеңесшілердің көмегіне жүгіне алады», – деп қорытындылады «Атамекен Қызылжар» МҚҰ директоры Нағашыбай Күркенов.

 «Атамекен Қызылжар» МҚҰ мекенжайы: Петропавл қаласы, К. Сүтішев көшесі 60, «Квартал» БО, 4-қабат.

 Анықтама ақпарат: 8 (7152) 50-36-15, 50-28-74.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер