«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбедегі «Атамекенде» жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге арналған бірегей алаң іске қосылды

2025 жылғы 20 Маусым
- Ақтөбе облысы
495 просмотров

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне өңірдің 30-дан астам жетекші компаниясы мен кәсіпорны қатысты. Олар өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету мен сауда салаларын қамтыған 150-ге жуық өзекті вакансия ұсынды. Бұл алаң – жұмыс іздеушілер үшін армандаған қызметін табуға, ал бизнестер үшін білікті мамандарды таңдауға берілген тамаша мүмкіндікке айналды.

Жәрмеңке Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының сауда және қызмет көрсету жөніндегі салалық кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды.


– Басты мақсатымыз – халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету. Бұл жәрмеңке – белсенді әрі мақсатты азаматтарды жұмысқа мұқтаж компаниялармен байланыстыратын мүмкіндік. Іс-шараның өңірдегі еңбек нарығының жаңа сапалық деңгейге өтуіне серпін беретініне сенімдіміз, – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық даму бөлімінің басшысы Динара Смагулова.

Жәрмеңкеге шағын және орта бизнес субъектілерінен бастап ірі кәсіпорын өкілдеріне дейін барлығы 37 компания мен ұйым қатысып, өз бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында көлік-логистика компаниялары, білім беру және даму орталықтары, тігін ательелері, медициналық клиникалар, фитнес-клубтар, құрылыс материалдары мен металл конструкцияларының өндірушілері, сондай-ақ шағын дүкендер бар.

Ұсынылған вакансиялар әртүрлі – жұмысшы мамандықтардан бастап кеңсе мен техникалық салаларға дейін. Мысалы, жүргізуші, жүк тасушы, бухгалтер, балалар жаттықтырушысы, электрик сынды сұранысқа ие қызметтер бар.
«KazTermoGroup» компаниясы слесарь-электриктерді жұмысқа қабылдауда. Ал «ДинарЭлектромаш» ЖШС электромонтер, келісімшарттар бөлімі менеджері, шаруашылық қызметкерлері мен техникалық персонал сынды бірнеше қызмет бойынша вакансия жариялады.


– Бұл – өте тиімді алаң. Үміткерлердің ішінен 3-4 адам біздің талаптарымызға сәйкес келді. Келесі кездесуді сұхбаттасу форматында өзіміздің жұмыс орнымызда өткізетін болып келістік, – дейді «ДинарЭлектромаш» ЖШС («Энергия» СҮ) кадр бөлімінің басшысы Малика Байтурина.

Ақтөбе қиыршық тас комбинаты бірден 12 қызмет бойынша мамандарды іздестіруде.


– Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс! Бұл жәрмеңкенің тек пайдалы ғана емес, қажетті екеніне көзіміз жетті. Ізденушілер тарапынан үлкен қызығушылық байқалды. Біз бірнеше үміткердің түйіндемесін алдық және оларды сұхбаттасуға шақырамыз. Қазір бізге ең керегі – жұмысшы мамандықтары: машинистер, энергетиктер, электриктер және т.б. Іс-шараның деңгейі бізді қуантты, – деді «АҚТК» АҚ заңгері Айжан Исергужина.

Медициналық және арнайы киім тігумен айналысатын «The forma» компаниясы да жәрмеңкеге қатысты.


– Бізге шұғыл түрде тігіншілер керек – тапсырыс көлемі өсіп жатыр. Сондай-ақ сату менеджерінің ассистенттері қажет. Қазірдің өзінде бірнеше үміткермен байланыс орнаттық. Осындай шаралар жиі өтсе екен, – деді компания өкілі Бибігүл Ахметова.

Жәрмеңкеге өңірлік колледждер, соның ішінде Ақтөбе политехникалық колледж және өндірістік технологиялар колледжі де қызығушылық танытты. Соңғысы биыл машинист көмекшісі, электротехник және басқа да мамандықтар бойынша шамамен 200 түлекті еңбек нарығына шығарады. Олардың көбі өз түйіндемелерін жәрмеңкеде қалдырып, өндірістік компаниялардың назарын аударды.

Сондай-ақ, іс-шара аясында бірқатар тәжірибелік семинарлар мен шеберлік сабақтары өтті: «Еңбек қатынастарын реттеудегі ҚР Еңбек кодексінің сақталуы», «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясындағы жұмыспен қамту шаралары», «Еңбек нарығындағы трендтер: сұраныста болудың жолдары», «Антистресс – сұхбаттасу техникасы» және т.б.
 Семинарларға тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері де шақырылды.

– Біздің жәрмеңкенің басты миссиясы – жұмыссыздықты азайту, білікті жұмыс күшінің артуы мен белсенді еңбек нарығын қалыптастыру. Мұндай жәрмеңкені Палата алғаш рет өзі ұйымдастырып отыр. Жұмыс берушілер мен ізденушілердің кері байланысы бұл форматтың маңыздылығын көрсетті. Сондықтан мұндай іс-шараларды тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп бөлісті ӨКП жанындағы салалық кеңестің мүшесі Нұргүл Бектібаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер