«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде халықаралық экспедицияның аясында «Атамекен» Wildberries командасымен бірлесіп семинар өткізді

2025 жылғы 20 Маусым
- Ақтөбе облысы
715 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Орталық Азия елдерін қамтитын «Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясына қосылды. Ауқымды мәдени-іскерлік жобаның ұйымдастырушысы — Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласындағы «Халықаралық өңірлік интеграция орталығы» автономды коммерциялық емес ұйымы.

Экспедиция аясында Ақтөбедегі маңызды оқиғалардың бірі — Wildberries маркетплейсінің командасы өткізген тәжірибеге бағытталған семинар болды. Іс-шараны өңірлік Кәсіпкерлер палатасы белсенді түрде қолдады.

Семинар IT Hub алаңында өтіп, жаңа кәсіп бастаған кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнес иелерін, т.б. жинады. Кездесуді ұйымдастырушы — Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсету саласы бойынша салалық кеңес. Үш сағатқа созылған семинар барысында келесідей өзекті тақырыптар қамтылды: Wildberries платформасында сатушы болу жолдары, тауарды таңдау және талдау, жаңадан бастағандардың жиі жіберетін қателері және олардан қалай сақтануға болады, өнімді маркетплейсте ілгерілету, тапсырысты жеткізуге арналған серіктестік пункттер ашу мүмкіндіктері.

Іс-шараның ашылуында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко экспедицияның өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, ішкі туризмді дамытуға және бизнес қауымдастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

«Экспедиция бағытына Ақтөбе өңірінің енуі — біз үшін қуанышты оқиға. Өңірімізде өнеркәсіп қарқынды дамып, кәсіпкерлік өркендеп келеді. Бүгінгі семинардың маңыздылығы зор, себебі маркетплейстер жергілікті бизнеске жаңа деңгейге көтеріліп, өз өнімдерін тек Қазақстанда ғана емес, шетел нарығына да шығаруға мүмкіндік береді», — деді ол.

Сауда және қызмет көрсету саласы бойынша салалық кеңестің төрағасы Арман Жылгелді өз сөзінде Кеңестің әрдайым цифрлық трансформацияны және ШОБ дамуын қолдайтынын жеткізді. Ол осындай практикалық семинарлардың кәсіпкерлерге тек білім ғана емес, сондай-ақ маңызды байланыстар мен кеңестер алуға мүмкіндік беретінін айтты.

Кездесудің маңызды бөліктерінің бірі — «Халықаралық өңірлік интеграция орталығы» өкілі Улан Курбанаевтің баяндамасы болды:

«Бүгінде электрондық коммерция — бұл шекарасыз бизнес. Әсіресе шағын кәсіпкерліктің бірігуге, білім алуға және өнімін алға жылжытуға мүмкіндік беретін платформаларға қол жеткізуі өте маңызды. Біздің семинарларымыз — тегін әрі қолжетімді. Біз тек білім беріп қана қоймай, кәсіпкерлерге алғашқы қадамдарында серіктес болуға тырысамыз», — деді ол.

Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, жеке кеңестер алды, платформа өкілдерімен байланыс орнатты. Іс-шара оң пікірлерге ие болды. Сауда және қызмет көрсету саласы кеңесінің үйлестірушісі Динара Смағұлованың айтуынша, болашақта кәсіпкерлердің сұранысына қарай жаңа оқыту кездесулері ұйымдастырылмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер