«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде «Парыз» облыстық конкурсының жеңімпаздары мен «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және «Адал азамат» байқауларының қатысушылары марапатталды

2025 жылғы 06 Қараша
- Ақтөбе облысы
437 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, отандық өнім сапасын көтеруге және қазақстандық бизнестің іскерлік беделін нығайтуға бағытталған республикалық «Парыз», «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және «Адал азамат» конкурстарының облыстық кезеңдерінің қатысушылары мен жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті.

Биыл Қазақстанда алғаш рет Кәсіпкерлер күні аталып өтуі шараның маңыздылығын айқындай түсті. Бұл – ел экономикасы мен оның болашағын қалыптастыратын адамдардың еңбегіне арналған мереке.

– Қазақстандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті, сапалы өнім шығарып, жоғары деңгейде қызмет көрсете алатынын дәлелдеп келеді. Олардың жауапкершілігі, кәсібилігі мен дамуға деген ұмтылысы – жас бизнесмендер үшін үлгі әрі шабыт көзі. Мемлекет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өткізілетін бұл конкурстар адал еңбек пен әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесін бағалайтын әділетті, жауапты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Ол қатысушыларды 2025 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары және бағыттары туралы» Жарлықтың маңызымен таныстырды. Құжатта «Адал азамат» қағидатына – заңға бағынатын, білімді, отансүйгіш әрі жауапты азамат бейнесін қалыптастыруға ерекше мән берілген.

Сондай-ақ ұлттық өнімнің белгісі ретінде бекітілген «Қазақстанда жасалған / Made in Kazakhstan» бренді қазақстандық кәсіпкерлердің еңбегіне деген мақтаныш пен олардың өнім сапасының жоғары деңгейін мойындаудың символына айналды.

Шара барысында Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Қонжар облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан «Парыз – 2025» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына Дипломдар табыстады. Аталған конкурс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ұйымдастырылып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Биыл облыстық комиссия 16 өтінімді қарастырған.

Нәтижесінде екі бірдей номинация бойынша – «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» және «Ең үздік ұжымдық шарт» – жеңімпаз атанған «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС марапатталды. Сонымен қатар, «Шапағат» жеке медициналық мекемесі – «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», ал «ПО Глобал Спецодежда» ЖШС – «Ең үздік ұжымдық шарт» номинациялары бойынша үздік деп танылды. «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Lucrum Star өндірістік компаниясы» ЖШС жеңіске жетті. Бұл марапаттар кәсіпорындардың экологиялық қауіпсіздік, сенімділік және әлеуметтік жауапкершілік деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына, республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына және жаңа «Адал азамат» конкурсына қатысқан кәсіпкерлерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың атынан алғыс хаттар табыс етті.

«Алтын сапа» конкурсы: «Өндірістік мақсаттағы ең үздік кәсіпорын» – «KazTermoGroup» ЖШС, «Қызмет көрсететін ең үздік кәсіпорын» – «Зару» шаруа қожалығы

«Қазақстанның үздік тауары» конкурсы:

Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар:

  • «Казахстанский завод нефтяного оборудования» ЖШС;
  • «Спецобувьторг» ЖШС;
  • «Актюбинский рельсобалочный завод» ЖШС.

Халыққа арналған үздік тауарлар:

  • «Зару» ШҚ
  • «Амандос Айнель» ЖК
  • «PC Grant» ЖШС

Үздік азық-түлік тауарлары:

  • «Gazer» ЖШС
  • «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС
  • «Green Vitamin» ЖШС.

Салтанатта ерекше назар «Адал азамат» республикалық жаңа конкурсына аударылды. Бұл байқау өз ісін ашық, қоғам мен экологияға қамқорлықпен жүргізетін кәсіпкерлерді біріктіреді:

«Pro.Education» ЖК – Ләззат Толықбаева (әлеуметтік бағыт)

«Мир упаковки» ЖК – Баубек Нұғыманов (экологиялық бағыт)

«Eco Madeniet» ЖШС – Айман Сексенова (экологиялық бағыт, волонтерлік қызмет)

«Ақбөбек» оңалту орталығы» ЖШС – Күлпаршын Айдарханова (әлеуметтік бағыт, білім беру саласы)

Өз еңбегі мен белсенді ұстанымының арқасында өңірдің шағын, орта және ірі бизнес өкілдері Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және «Made in Kazakhstan» бренді мен елдің іскерлік беделін нығайтуға үлес қосуда.

Алда кәсіпкерлерді басты кезең күтіп тұр — Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының алаңында республикалық конкурстардың жеңімпаздары жарияланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174