«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заңсыз тексерулер бақылауда: ШҚО-да кәсіпкерлерге өз құқықтарын қалай қорғау керектігі түсіндірілді

2025 жылғы 18 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
387 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес үшін ең өзекті мәселелердің бірі - тексерулердің заңдылығы тақырыбына арналған кездесу өтті.

Кәсіпкерлермен өткен жиында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ШҚО бойынша департаментінің азаматтық және әкімшілік салаларда құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры Мұхаметәлі Әкімтай сөз сөйледі.

Кездесу барысында қатысушыларға тексерудің қай жағдайда заңды саналатыны, ал қай кезде кәсіпкердің одан бас тартуға толық құқығы бар екені қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Әңгіме Кәсіпкерлік кодекстің талаптары, сондай-ақ тексерулердің қалай тағайындалып, тіркелуі тиіс екені жөнінде өрбіді.

Сонымен қатар Qamqor.gov.kz сервисіне ерекше назар аударылды. Бұл - кәсіпкерлерге тексерудің ресми түрде тіркелген-тіркелмегенін өз бетінше тексеруге мүмкіндік беретін онлайн құрал. Кездесу спикерлерінің айтуынша, егер тексеру жүйеде тіркелмеген болса, ол заңсыз болып саналады.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында тексерулерге қатысты сұрақтар бизнестен жиі түсетінін атап өтті.

«Кәсіпкерлер көбіне тексерумен келуге құқығы бар ма, мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екенін білмей жатады. Біздің мақсат - оларға түсінікті қорғаныс тетіктерін көрсету және қиындықпен жалғыз қалмайтынын сезіндіру», - деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары.

Кездесуде келтірілген сандар мәселенің өзектілігін айқын көрсетеді. Департамент мәліметінше, есепті кезеңде 2852 тексеру тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп. Оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер саны – 1534.

Сонымен бірге негізсіз бақылауға тосқауыл қою шаралары да күшейіп келеді: 25 тексеруді тіркеуден бас тартылған. Алайда мәселе әлі де толық шешілген жоқ - 138 заңсыз тексеру анықталған. Ең айқын мысалдардың бірі - ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаменті тарапынан тиісті актілерсіз және тіркеусіз жүргізілген 54 тексеру. Оның 42-сі жеке бизнеске қатысты болған.

«Біздің міндет - тек заңбұзушылықты тіркеу емес, кәсіпкерлерді нақты қорғау. Анықталған барлық фактілер бойынша шаралар қабылданды: тәртіптік және әкімшілік істер қозғалып, 41 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті Мұхаметәлі Әкімтай.

Кәсіпкерлер палатасында мұндай кездесулер бизнеске өзіне сенімді болуға, заңның өз жағында екенін түсінуге және заңсыз тексерулермен күресуге болатынын ұғынуға көмектесетініне сенімді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174