Ақтөбеде цифрлық экономика мен жасанды интеллект дәуіріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы талқыланды
Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университеті базасында «Цифрлық экономика және жасанды интеллект жағдайындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылып, билік өкілдері, бизнес және сарапшылар қауымдастығы үшін ашық диалог алаңына айналды.
Кездесуді университет ректоры Лаура Карабасова ашып, модераторлық етті. Ол цифрлық экономика үшін кадр даярлауда білім беру ортасының шешуші рөлін, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау шараларының, әсіресе ауылдық аудитория үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде университеттер цифрлық құзыреттер мен жаңа бизнес-ойлауды қалыптастыратын орталықтарға айналып отыр.
Қатысушыларға сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығымен тікелей байланысты екенін және барлық деңгейде жүйелі қолдауды қажет ететінін атап өтті.
Бағдарламаның негізгі бөлігі цифрлық ортада бизнесті жүргізудің практикалық аспектілеріне арналды. «Бизнес-автопилот: жасанды интеллект дәуірі» атты бағдарламалық баяндамамен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күлпаршын Айдарханова жасанды интеллект технологияларының бүгінде әйел кәсіпкерлерге күнделікті үдерістерді автоматтандыруға, басқаруды оңтайландыруға және жаңа өсу нүктелерін табуға қалай көмектесіп жатқанын кеңінен баяндады.
«Бүгінгі таңда бизнесті бастау үшін үлкен капитал немесе ауқымды штат міндетті емес. Барлығы идеядан, смартфоннан және интернеттен басталады. Жасанды интеллект күнделікті рутинаны өз мойнына алады. Ал цифрлық орта бизнесті отбасымен және жеке өмірмен үйлестіруге мүмкіндік беріп, көзге көрінбейтін кедергілерді жояды», — деп атап өтті спикер.
Күлпаршын Айдарханова 2025 жылдан бастап Іскер әйелдер кеңесінің қызметі жүйелі сипатқа ие болғанын, оның ішінде ауылдық бастамаларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мен оқытуға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жасанды интеллект туралы білім тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да қолжетімді болуы тиіс. Осы бағытта ерекше жандарға қашықтан жұмыс істеу форматтары арқылы экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін бастамалар жүзеге асырылуда. Тұрақты тренингтер, шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіліп, 200-ден астам әйел қамтылған.
Кездесуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко да белсене қатысты. Ол мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары мен Палатаның өңірлік бизнестің сүйемелдеу жолындағы рөлін атап өтті.
«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект әйел кәсіпкерлерге онлайн жұмыс істеу, үдерістерді автоматтандыру және білім беру, IT, креативті индустриялар мен онлайн сауда салаларында инновацияларды енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Цифрлық экономикаға көшу білімді, қаржыландыруға қолжетімділікті және қолдауды талап етеді. “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы әйелдерге оқыту, салалық және салааралық әйелдер кәсіпкерлігі мен креативті индустрия кеңестері, тәжірибе алмасу арқылы бизнесті дамытуға көмектесіп, цифрлық технологияларды өңір экономикасының өсуіне арналған нақты құралға айналдыруда», — деді ол.
Талқылаудың практикалық фискалдық және консалтингтік құрылымдар өкілдерінің баяндамалары толықтырды. Ақтөбе қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Асхат Орынғалиев кәсіпкерлердің салық органдарымен өзара іс-қимылы және есептілікті цифрландыру мәселелері бойынша түсіндірме берді. Ал «Western Universal Consulting» ЖШС-нің құрылтайшысы, салық сарапшысы әрі қаржыгер, Палатаның салалық кеңес мүшесі Жанар Қожабаева жаңа Салық кодексіне қатысты өзекті шолуын ұсынып, салық саясаттағы өзгерістерге байланысты сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара соңында «Сұрақ–жауап» сессиясы өтіп, бизнес өкілдері цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект құралдарын күнделікті қызметке енгізу тәжірибесімен бөлісті. Кездесудің негізгі қорытындысы — өңірлік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллектіні бизнес-процестерге белсенді түрде енгізу қажеттігі болды.
Модератордың айтуынша, дөңгелек үстел барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар хаттамаға енгізіледі. Негізгі назар, әсіресе ауылдық аумақтардағы әйелдерді ақпараттандыру және оқыту бойынша өзара іс-қимылдың бірыңғай жоспарын құруға аударылады. Айта кету керек, талқылауға тек қала кәсіпкер әйелдері ғана емес, облыс аудандарынан келген қатысушылар да атсалысып, кездесудің шынайы өңірлік ауқымы мен практикалық маңызын айқындады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: