Қызылордада 2025 жылы 500-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды
2026 жылғы 14 қаңтарда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Республикалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қ.Ш. Сүлейменовтің төрағалығымен өңірлік кеңестердің 2025 жылғы жұмыс қорытындылары қаралды.
Еліміздің барлық өңірлері бойынша 262 отырыс өткізіліп, 507 мәселе қаралды. Нәтижесінде 1138 ұсыныс енгізіліп, оның 959-ы немесе 84 пайызы қолдау тапты. Сонымен қатар 170 мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін қарау ұсынылып, 134 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Кәсіпкерлердің мүліктік, салықтық және қаржылық құқықтарын қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, Астана қаласының фискалдық мемлекеттік қызметі тарапынан 159 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жалпы сомасы 13 млрд теңге болатын талаптар тоқтатылды. Шығыс Қазақстан облысында «СПК Ертіс» ЖШС-не қатысты 5 млрд теңгені өндіру ісі тоқтатылды. Ал Алматы қаласында прокуратурамен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 1357 кәсіпкердің салық органдары алдындағы 1,5 млрд теңге көлеміндегі құқықтары қорғалды.
.jpg)
Қызылорда облысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі жыл ішінде 13 отырыс, оның ішінде Арал және Жалағаш аудандарында екі көшпелі отырыс өткізіп, 14 мәселені қарады. Атап айтқанда, «ЖК Айымжан» бойынша 4 млн 189 мың теңге, балабақшалар ұжымының арызы негізінде 1 млрд 145 млн теңге, сондай-ақ «Метал» ЖШС мен КРЭК арасындағы келісімшарт бойынша 48 млн 246 мың теңге көлеміндегі қаржылық және мүліктік құқықтар қорғалды.
Сонымен қатар ART Sport, жеке мектептер, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен жол бойы сервис кәсіпкерлері арасындағы жер дауы, сот орындаушылар мен кредиттік серіктестіктер арасындағы бірқатар проблемалар өз шешімін тапты. Сондай-ақ кейбір заңнамалық нормаларға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Жыл қорытындысы бойынша 500-ге жуық кәсіпкердің мәселесі қаралып, шамамен 1,5 млрд теңге көлеміндегі құқықтары қорғалды. Айта кетерлігі, бірқатар мәселелер кәсіпкерлер палатасына арыз түскеннен кейін-ақ, Кеңес отырысына шығарылмай шешімін тапты.
Облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Б. Нұрхожаев өз сөзінде кәсіпкерлерді қорғау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті:
«Біз тек заң аясында жұмыс істейтін адал кәсіпкерлерді қолдаймыз. Кәсіпкерге қатысты кез келген заңсыз әрекет пен негізсіз қысымға жол берілмеуі тиіс. 2025 жылғы қорытынды көрсеткендей, жүйелі жұмыс пен мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл нақты нәтиже беріп отыр. Кәсіпкерліктің дамуы – ел экономикасының тірегі, сондықтан кәсіпкерлердің құқығын қорғау баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді Б. Нұрхожаев.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: