«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның үздік тауары: Оралдықтарға арналған аяқ киім

2015 жылғы 03 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
10773 просмотров

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Тасқала ауылында аяқ киім тігетін ателье ашылды

Ауылдық жерде қандай қызмет түрін алу бәрінен қиын деген сұрақ қойсаңыз – сізге бірден берілетін жауап: банк қызметтері, тіс дәрігері қызметі, IT-маман қызметі… Бұл тізім өзіңіз тоқтатқанша жалғаса береді. Бұл тізбеден аяқ киім жөндеу қызметі де орын алатыны анық. Тасқала ауданының «астанасында» аяқ киім жөндеумен бір ғана кәсіпкер — Сейітқали Шутанов айналысқан болатын.

2013 жылы Сейітқали Күйшіғалиұлы өндірісін кеңейтуге бел буады. ЖК ашып, аяқ киімді жөндеумен бірге тігумен де айналыса бастайды. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша кредитке 2000 000 теңге алады да, ғимарат салып ап, табиғи материалдардан аяқ киім топтамаларын шығаруды бастап кетеді. Жұмысшыларды алдын-ала аяқ киім кәсібіне үйретіп, қосымша екі жұмыс орнын құрды. Бір айта кететіні, оқушыларының бірі кейін «Мерей» ауылдық округінде аяқ киім жөндеу ательесін ашып алды.

«Сейітқали Шутанов қолы жеткен дүниені қанағат тұтпайтын кәсіпкерлер қатарынан», - деп атады Кәсіпкерлер палатасының Тасқала ауданындағы филиалының директоры Арман Жұртабаев. – «Оның үнемі келешекке деген жоспары бар, алдына нақты мақсаттар қояды, және де оларды жүзеге асырады. Қазір де ұлтарақ  даярлайтын білдектер сатып алуды жоспарлап жүр. Палата филиалы аталмыш жобаны жүзеге асыруға грант алуға жәрдем көрсетеді».

Жақында «Шутанов» ЖК «Қазақстанның үздік тауары-2015» Өңірлік көрме-байқауына қатысып, облыс деңгейінде өнімінің сапасымен таныстырды.

Сейітқали Шутановтың қолынан шыққан аяқ киім жергілікті тұрғындардың сұранысына ие. Бизнесмен өнім өткізу жайлы palata.kz қойған сұраққа: “Өнім жатып қалмайды, одан бәрі хабардар және үнемі келіп жатады. Аяқ киімге кепілдік беремін, сондықтан да тапсырысым да көп. Енді «Қазақстанның үздік тауары» байқауының арқасында көпшілік Оралдағы аяқ киімге қызығушылық танытып отыр, тапсырыстар саны артады деген үміттемін”.

Ауылдастары бизнесменді қолдайды, себебі кез-келген аудан орталығында жақсы сапалы аяқ киімге тапсырыс бере қою мүмкін емес. Ал сапа – бұл Сейітқали Шутанов өніміне ауылдастары берген басты баға.

«Сейітқали Шутановқа аяқ киімге үнемі тапсырыс беріп тұрамыз. Ол бар өніміне кепілдік береді. Сонымен бірге, аяқ киімді тапсырыс иесінің тілегін ескере отырып, жеке тапсырыс бойынша тігеді», - дейді кәсіпкер туралы Тасқала тұрғыны Марат Қайрамбаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер