«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тегін семинардың пайдасы мол

2016 жылғы 06 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
9647 просмотров

Қазақстандық шаруа қожалықтарының ветеринар ұстауға мүмкіндіктері жоқ, сондықтан тегін семинарлар фермерлер үшін ауадай қажет

Бизнестің қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел жауап қату – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі. Сондай өзекті қажеттіліктердің бірі – заманауи, жан-жақты білім. Сондай білім азығының жетіспейтіндігі бизнестің көптеген салаларында байқалып жүр. Сондықтан, мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің атсалысуымен, Ұлттық палатаның жанынан агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету бойынша Агробіліктілік орталығы құрылды. Орталық еліміздің алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының базасында АӨК-тің 25 басты бағыты бойынша қайтарымсыз негізде семинарлар өткізеді. «Фермерлік шаруашылықтарда диагностикалық және ветеринарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру» деген тақырыптағы сондай семинарлардың бірі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіндегі «Сатыбалды» шаруа қожалығының базасында өтті. «Сатыбалды» шаруа қожалығы көпсалалы мал өсіретін шаруашылық. Мұнда қазақтың ақбас сиырын, яғни етті малды өсірумен айналысады. Сондай-ақ қазақтың төзімді жәбе тұқымдас жылқылары өсіріледі. Қазақ жылқысының бұл түрі ет пен қымызды молынан береді. Сою кезінде жәбе тұқымдас жылқының соғымдық шығысы – 53-57%, кейде 60%. Сүттілігі – тәулігіне 10-15 келі. «Фермерлер алдыңғы қатарлы мал өсіру шаруашылығының негізінде оқысын деген ниетпен бұл шаруашылық әдейі таңдалды, – дейді Кәсіпкерлер палатасының Қаратөбе ауданындағы филиалының директоры Рысты Тойшыбаева. – Көптеген шаруашылықтарда мамандар жоқ, олар малды ескі әдістермен бағады, ол көп түлік өсіруге мүмкіндік бермейді. Білімнің тапшылығы, әсіресе ветеринария саласындағы, малдың ауру-сырқауы мен өлім-жітіміне әкеп соқтырады».

Шараны өткізу үшін жетекші маман, ветеринарлық ғылымдар доктары, профессор Ғайса Әбсатыров шақырылды. Семинарға жиырмадан астам фермер мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Оларға малдарды профилактикалық карантинге алу кезіндегі зооветеринарлық шаралар туралы айтылып, жұқпалы емес, инфекциялық және паразиттік аурулардың сипаттары мен классификациясы берілді. Түрлі жануарлардағы ауруларға диагноз қою әдістері мен мерзімдері, сондай-ақ малдарда кездесетін түрлі аурулардың жалпы және арнайы алдын алу шаралары, соның ішінде түрлі вакциналық дәрі-дәрмектерді қолдану жан-жақты қамтылды. Нақты мысалдармен ірі қара малдың бруцеллезі кезіндегі вакциналаудың түрлі кестелерін қолданудың тиімділігі көрсетілді.

Семинардың тәжірибелік бөлігінде «Сатыбалды» шаруа қожалығының жағдайында малдарды клиникалық қараудың әдістері, дені сау малдардың ерекше белгілері, сондай-ақ қанды, сүтті, сарысу қанды зерттеу барысындағы бруцеллезге диагноз қоюдың жылдам әдістері көрсетілді.

«Мұндай семинарлар бізге аса қажет, – деген «Аманбол» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Мырзағалиев семинарды ұйымдастырушылар мен дәріскерге алғысын білдірді. – Біздің қожалықтарымыздың көбінде штатта ветеринар ұстауға мүмкіндіктері жоқ, кейде білім жетпей жатады. Семинар өте жақсы ұйымдастырылған, ал дәріскер – өңірдегі танымал маман. Ол мал ауруларына диагноз қою мен алдын алу шаралары саласындағы инновациялар туралы ұғынықты етіп айтып берді».


Ұқсас жаңалықтар:

Семинарлар сан саланы қамтыды
3 Қараша
2016
Ақмола облысы
Асыл тұқымды малға күтім қажет
6 Қыркүйек
2016
Қостанай облысы
«Қарбыз еліне» саяхат
5 Қыркүйек
2016
Павлодар облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер