Батыс Қазақстанда бизнестің жаңа бағыттары талқыланды
Халыққа «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында жаңа мүмкіндіктер туралы айтылды
Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы 2017-2021 жылдарына арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жалғастырып отыр. БҚО ӨКП Адами капиталын дамыту бөлімінің сарапшылары жергілікті кәсіпорындардың кадр бөлімі мамандарын, оқу орталықтар өкілдерін, жеке агенттіктерді ақпараттық-кеңес беру жиналысына шақырды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаны түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған шараға жергілікті облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдері және Орал қаласының Жұмыспен қамту орталығы мамандары қатысты.
«Бағдарламаның мақсаты – тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету, және кәсіп ашқысы келетін азаматтарға бизнес негіздерін үйрету, жол көрсету. Бағдарлама жұмыспен қамту бойынша жүйелі тиімділігі жоғары еңбек нарығын құру үшін қолға алынған әрі кәсіпкерлікке баулу да көзделген. Сондықтан нырақта сұранысқа ие кәсіп бойынша мамандар легін дайындау үшін бағдарламаның негізгі ережелері көпшілікке жаппай түсіндірілуі керек», – деді Адами капиталын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Әбілқайырова.
Маманның айтуынша бағдарламаны жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай қомақты. Мәселен, бір ғана 2017 жылға республика бойынша 8,5 млрд теңге бөлінбек. Бағдарламаның бірінші толқынында оқуға түсе алмай қалған, жұмыс істеп жүрген, өмірлік қыиншылқтарды өткеріп жүрген, тұрмысы нашар отбасынан шыққан 9-11 сынып түлектері, сонымен қатар басқа да орта жастағы жұмыссыздар тегін кәсіптік білім меңгере алады.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта микронесие беру бойынша барлық құралдар біріктіріліп, ауыл мен қалада микронесиелеуді дамыту бойынша кешенді жұмыс атқарылады. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына – 915 адам, жастар практикасына – 1055 адам, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға – 8855 адамды жіберу жоспарланған.
Семинар-жиналысқа қатысушыларға бағдарлама аясында жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын несиелердің көлемі 18 млн-ға дейін жететіні туралы ақпарат берілді. Несиелеудің мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласындағы жобаларды несиелеу мерзімі – 7-жылға дейін. Қатысушылар еңбек нарығының «Еңбек биржасы» атты бірыңғай базасымен танысты.
Бағдарлама аясында өңірлік кәсіпкерлер палаталары қатысуымен «Bastau Бизнес» жобасы асында кәсіпкерлікке тегін оқытатын жүйе қарқынды түрде жүзеге асып жатыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: