«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оралда үздік тауар таңдалды

2018 жылғы 16 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
4161 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауына 30-дан аса тауар өндіруші қатыстырылды. Ұсынылған өнім сұрыпталымы үш аталымға сай болды

Батыс Қазақстандағы кәсіпорындардың бәсекелік қабілетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыс басшылығы қолға алған.

«Жыл сайын үздік тауарды іріктеу қалыптасқан үрдіске айналды. Биыл 32 тауар өндіруші қатысып отыр. Жаңа идея мен жобаға куә болдық, бизнес әлеуетінің артқанын байқадық. «Кублей», «Агропродукт», «УТПК» сияқты үздік үлгілеріміз бар. Олар «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Облыста бизнес жүргізудің үлгісін көрсетті. Өңірдегі тауар өндірушілердің жетістігі зор болады деп ойлаймын», – деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Сатқанов.

Көп компания көрмеге бірінші рет қатысып отыр. Олардың арасында нарыққа енді қосылғандар бар.

«Бізде ерлерге арналған 17 түрлі аяқ киім шығарылады. Былғары «ПОШ РУНО» ЖШС-ынан жеткізіледі, келесі жылы әйелдер мен балаларға арналған аяқ киім тігуді қолға алсақ дейміз. Тамыз айында дүкен ашу жоспарланған. Ғимараты салынды. Мынадай ауқымды жобаға алғаш рет қатысып отырмыз. Егер марапатқа ие болсақ, бұл үлкен серпіліс берер еді», – дейді «AsAr Collection» ЖШС Пиала Ибрагимова.

Көрмеде қатысушылардың дайындығы мен безендіруде шығармашылық көзқараспен келгені байқалды. Әрбір қатысушы барынша көрсетуге, тұтынушы назарын аудартуға тырысқан.

«Жеңімпаздарды комиссия анықтайды. Мұндай іс-шаралар өте пайдалы. Өңірге танылып қана қоймай, республикалық деңгейге шығуға жол ашады. Тәжірибе алмасып, жаңа серіктес табады. Кәсіпкер өзі жарнамалауы бір басқа, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жасалуы өзгеше», – дейді БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Қарин.

Көрме-байқауында әрбір аталым бойынша 3 үздік тауар өндірушінің есе белгілі болды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымына Орал сауда-өніркәсіп компаниясы, «БатысМұнайГазЖабдықтар» мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы ие болды.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Надежда» ЖШС, «Конденсат» АҚ мен «Мәрия ханым» сән үйі жеңімпаз атанды.

«Биыл «Надежда» тігін-тоқыма фабрикасына 50 жыл толады. Сондықтан жеңімпаз атануымыз қуанышымызды еселеді. Көрпе, жамылғы, арнайы киім тігумен айналысамыз. Қазіргі таңда мектеп формасын тігуді қолға алдық. Бүгінгі байқаудан соң республикалық байқауға дайындықты бастаймыз», – дейді фабрика қызметкері Сәуле Ибраева.

Ал «Конденсат» компаниясының бас директоры Нұрия Муфтеева компанияның қызметі мен бағыты туралы ой бөлісті.

«Өткен айда ірі инновациялық жоба – К5 экологиялық кластағы мотор майын шығаратын зауыттың құрылысын аяқтадық. Біз К5 экологиялық кластағы бензин шығаратынмыз белгілі. Жаңа өнім ұсынатынымызға қуаныштымыз. Осындай отынды өндіретін жалғыз кәсіпорын, біздің өнім клиенттердің көңілінен шығады деген ойдамыз. Байқауға екінші рет қатысып отырмыз, екінші ретте де жеңімпаз атандық. Тәуелсіздікпен құрдас компания елімізбен қатар дамып келеді», – дейді Нұрия Мутеева.

«Үздік азық-түлік тауары» аталымында «Балзия» ЖШС, «Каверин С.В.» ЖК, «Фирма «Родник» ЖШС үздіктердің алды болды.

«Біз байқауға вакуумды қаптамаға салынған 50 және 100 грамдық чечил ірімшігін қойдық. Оның ыстылған және ысталмаған, дәмдеуіштер қосылған түрлері бар. Осы ірімшіктің 11 түрі дайындалады. Сонымен қатар 82,5% сары май шығарамыз. Барлығы да сүттен, артық қоспасыз жасалады. Экологиялық таза өнім. Цех Зеленов ауданындағы Дария ауылында орналасқан. Мемлекет тарапынан қолдау да бар. Осы өңірден бөлек, Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау қалаларына жеткіземіз», – дейді «Каверина С.В.» ЖК өкілі Ольга Иванова.

Өңірлік көрме-байқауы барысында Іскер әйелдер кеңесінің арнайы сыйлығы табысталды. ТМД сапа саласындағы байқаудың сарапшысы Мадина Мұқатова байқау жеңімпаздарын құттықтап, республикалық байқауға 114 компания қатысып, 27-сі іріктелетіні жайлы әрі жеңімпаздар онлайн-дауыс беру арқылы анықталатынын атап өтті.

Оралдың үздік 9 компаниясы Астанада өтетін республикалық көрме-байқауға жоладама алды, олар жеңімпаз атануға деген жігер мен ынта артқанын жасырмады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер