«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық келіншек жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтті

2019 жылғы 15 Қаңтар
- Қызылорда облысы
10506 просмотров

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі өңірдегі қыз-келіншектердің кәсібінің өркендеуіне үлес қосуда.

Өткен жылы «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі мен «Халық Банк» арасында қол қойылған Меморандум нәтижесінде Банк кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің ісін несиелендіруге 2 млрд.теңге қаржы бөлген болатын.

Осы қаржыдан 8 млн.теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткен жандардың бірі қызылордалық Данила Таңқыбаева.

Данила Болатқызының бизнеске келгеніне он төрт жыл болды. Ол елімізде шағын және орта бизнеске көңіл бөліне бастаған 2005 жылы облыста алғашқылардың бірі болып «Грация» сұлулық салонын ашты.

«Иә, салонымыз қаладағы алғашқы салондардың бірі. Ол кездері бәсекелестік қазіргідей емес, сұлулық салондары аз болды. Дегенмен, бүгінгі күні де танымалдылығымызды жоғалтып алмауымызға тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсетуіміз себеп болып отыр деп ойлаймын», - дейді ол.

Сапалы қызмет жанұялық кәсіпті дамытуға жол ашты. Данила Болатқызы отбасымен бірге 2013 жылы қосымша «Адема», 2014 жылы «3 Д» салондарын ашты. Кәсіпкер келіншек бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол табысты болудың құпиясымен былайша бөлісті:

«Ешқандай да құпиясы жоқ. Қызметтестерімізге талап қоя білу, үздіксіз еңбек және шыдамдылық. Салонның жұмыс істеп келе жатқанына 14 жылға аяқ басты. Ашылғаннан бастап  бірге жұмыс жасап келе жатқан әріптестеріміз де бар. Туысқандай болып кеткен тұрақты тұтынушылармыз да жеткілікті.  Халықпен жұмыс жасауда түйткілді мәселелер туындап қалатын кездер де болады. Мұндай жағдайда екі жаққа да ұтымды шешім қабылдауға тырысамыз. Халыққа тынбай, үздіксіз, сапалы қызмет көрсетуіміздің арқасында, 2014 жылы Қызылорда қаласы бойынша «Үздік сұлулық салоны» номинациясын жеңіп алдық.  Қай-қайсысын алмасақ та, Грация, 3Д, Адема сұлулық салондарында тек тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісінің шеберлері қызмет атқарады. Әріптестерімізбен бір үлкен отбасы секілдіміз, әріптестердің ой-пікірлерін тыңдау, олардың тың идеяларын жүзеге асыру жұмыстың жақсы жүруіне ықпал жасайды. Шаштараз мастерлері, косметолог-визажистеріміз, маникюр шеберлері тек Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдерге де барып,  біліктіліктерін арттыру курстарына, оқу семинарларына, мастер-кластарға қатысып тұрады. Өз салондарымызда да түрлі оқу-семинарларын ұйымдастырып тұрамыз. Бұдан бөлек, біздің қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру, яғни міндетті зейнетақы төлемдері, әлеуметтік сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру қызметтерімен қамтамасыз етілген», - дейді кәсіпкер келіншек.

Данила Таңқыбаеваның айтуынша, іскер қыз-келіншектерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету 2018 жылдың басты жаңалығы болған. Ол Қызылордада Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Халық Банкінен» 8 млн.теңге несие алып, салонын кеңейтуге мүмкіндік алған.

«Әрине, несие банктен қолма-қол берілмейді. Банк тарапынан несиенің мақсатты жұмсалуы қадағаланып, аударымдар жасалу арқылы жүргізілді. Несиені рәсімдеуде қолдау көрсеткені үшін, аталған әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Амановаға да алғысымды білдіремін», - дейді Данила Болатқызы.

Мұнан өзге, ол әйелдер бизнесіне   жасалып жатқан қолдауды айтуда өңірлік Кәсіпкерлер палатасының және Палата  жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің орны ерекше екендігін атап өтті.

«Бизнесті жоспарлау, ашу, ұйымдастыру, жүргізу, жарнамалау, яғни SMM бойынша үнемі семинар-тренингтер тегін ұйымдастырып келе жатыр. Тренингтер барысында тәжірибе алмасу, табысты басқару, жалпы кәсіпкерлік саласының барлық қыр-сыры үйретіледі. Тек Қызылорда облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел аумағындағы тәжірибелі кәсіпкерлермен кездесу, олардың тәжірибесімен бөлісу бойынша да түрлі кездесулер ұйымдасырылуда. Тіпті шет елдерден SES эксперттер шақыруға болатын мүмкіншіліктер де бар», - дейді кәсіпкер.

Данила Таңқыбаева алдағы уақытта сұлулық индустриясына қатысты білікті мамандар даярлайтын оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ендеше кәсіпкердің ісіне сәттілік тілейміз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер