«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұржан Әлтаев: «Кәсіптік бағдар беру жұмысының идеологиялық құрамдасын күшейту қажет»

2015 жылғы 09 Қараша
8506 просмотров

Жұмыс берушілерге көп талап етілетін жұмысшы мамандықтарды оқушылар арасында насихаттай отырып, мектептерде кәсіптік бағдар берумен белсендірек айналысу ұсынылуда

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Орталық коммуникациялар қызметінде «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» Бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.

«Қазірде елімізде жоғары білім алған және университет дипломын иеленген, бірақ, өкінішке орай, алған мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандықтан, таксист болып жұмыс жасауға, не болмаса дәнекерлеуші болуға мәжбүр жастар толып жүр. Менің ойымша, жастар бастапқыда қате таңдау жасайды: олар жоғары оқу орнына заңгер не экономист дипломының жұмысқа тұруға кепілдік бермейтінін білместен барады. Осыдан келіп, нарығымызда, өкінішке орай, олар шамадан тыс көп болып отыр», - деді ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейту қажет.

«Былтырғы жылы алғашқы қадамдар жасаған едік. Мысалы, ол кезде құрылыс компаниясының басшысы мектепке келіп, оқушыларға өз мамандықтары туралы, бүгінде құрылысшылардың қанша табыс табатыны жайлы айтып берген еді. Таңқалатын боларсыздар, бірақ аграрлық секторда комбайншылар мен тракторшылар біршама жоғары жалақы алады. Ал егер олар жұмыста жақсы нәтиже көрсететін болса, оларды ерекше сый-құрметке бөлейді, себебі ондай мамандарды табу оңай емес. Яғни аталмыш салада жұмыс жасай отырып, жақсы табыс тауып, отбасын асырауға болады. Ертең жұмыс табу қиын болатын болса, жоғары білім туралы диплом алу үшін, оқуға уақыт пен ақша құртудың қажеті қанша? Және де мұнда кәсіпорындар кәсіптік бағдар беру жұмысына белсенді ат салысуға тиіс. Мектепке келіп, оқушыларға жұмысшы кәсібінің жағымды тұстары туралы айтып, оларға дұрыс бағдар беру керек. Бұл мағыналы дүние. Балалардың көзінен от шашқанын байқаймыз. Кеңседен шықпай отырғанша, мұның шынымен де қызық екенін олар көріп отыр», - деп атады Нұржан Әлтаев. 

ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының ойынша, идеологиялық құрамдасқа ой жүгірту қажет. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде фильмдерде көбіне «кеңселік», зияткерлік мамандықтардың дәріптелуі жүріп жатыр, ал қазір жұмысшы мамандықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлу қажет. Нұржан Әлтаевтың ойынша, қарапайым жұмысшыларды фильмдердің кейіпкері ретінде көрсетіп, олардың жетістік тарихын жеткізетін деректі, көркем фильмдерді түсіру үшін мемлекеттік тапсырыс қажет.

«Бұл жұмысшы кәсіптерді дәріптеп, кәсіптік-техникалық оқу орындарына баратын адамдар қарасы көбейер еді, деп санаймын», - дейді Нұржан Әлтаев.

Бір айта кететіні, ҰКП төрағасының орынбасары журналистерге айтып өткендей, ол студент кезінде сандық бағдарламалық басқарылатын (СББ) білдектерде жұмыс жасай жүріп, жоғары оқу орнында оқуға ақша табуға мәжбүр болған екен.

«Егер жұмыссыз қалсам, кез-келген жиһаз кәсіпорнына бара аламын, себебі СББ операторлары ерекше сұралатын мамандар, олар елімізде тапшы», - деп жалғады сөзін ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары. 

Нұржан Әлтаев атап өткендей, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы кәсіпорындар үшін жұмыссыз адамдарды қайта оқыту жөніндегі жаңа бағдарламаны дайындады.

«Қазір бұл жоба ғана, оны жасап жатырмыз. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына кәсіпорындардан тапсырыстар түсу үшін, мемлекеттік органдарға ұсындық. Бұл жалпы көрініске көз жүгіртуге мүмкіндік береді, яғни қайда және қандай мамандардың жетіспейтінін білуіміз керек. Мәселен, фермерлік шаруашылықта  комбайншы жетіспейді, және де бұл ақпарат КҚО-ға түсуге тиіс. Біз жұмыспен қамту орталықтарымен үнемі ақпарат алмасып отыруға тиіспіз. Мәселен, шахта жабылып, қызметкер жұмыссыз қалды делік. Оған алдын-ала 6-8 ай оқып, комбайншы болып жұмысқа тұруды ұсынамыз», - деді Нұржан Әлтаев.

Осылайша, Ұлттық палата жұмыссыздардың қайта біліктілік алуына ақы төлеуді және бос жұмыс орындарына жіберуді ұсынады.

«Қайта біліктілік алуға және біліктілікті көтеруге жұмысбастылық бағдарламасы арқылы көлемді ақша қаражаты бөлініп тұрады. Біз кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын қандай да бір терезе ретінде қолдануды ұсынамыз. Жұмыспен қамту орталықтарында, өкінішке орай, байланыстар онша емес және толық қамтымайды. Олар қандай кәсіпорынға қандай маман қажет екенін үнемі біле бермейді. Ал біз адамдарды нақты кәсіпорындар үшін қайта оқытып, жұмысқа жіберуді қалаймыз», - деді ол.

Жоба қазірде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен талқылау сатысында жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер