«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Техникалық құжаттар жеңіл өнеркәсіптің көкжиегін кеңейте ме?

2016 жылғы 14 Қазан
- Қарағанды облысы
12465 просмотров

Қарағандылық тауар өндірушілер техникалық ерекшеліктерді дамытуда өз шешімдерін ұсына отырып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашы болды

Осылайша кәсіпкерлер өндірістік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ниетті.

Техникалық құжатта нақты талаптарды көрсету – заңбұзушылыққа жатпайды. Өңірдегі жеңіл өнеркәсіп иелері, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалану үшін шикізат, фурнитура, материалдарға қойылатын талаптарды нақтылап алу керек деп есептейді. Кәсіпкерлер өз шешімдерін ұсынып, уәкілетті органдардың түсіндірмесін тыңдау үшін, Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдерімен кездесті. Кездесуге Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы жеңіл өнеркәсіп және құрылыс индустирясы комитеттері мұрындық болды.

Жұмыс органының басшылары отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді ұсынып отыр.

«Ресей мен Белоруссия өздеріндегі осы мәселені баяғыда шешіп алды. Олар өз өндірушілерін қорғап, сатып алуларды тек өз араларында ғана жариялайды. Осыған қарап екі елдің өз жағдайларын жасап алғанын көреміз. Сол арқылы технологиялық мүмкіндіктері, ғылыми әлеуеттері дамып отыр. Мемлекеттік сатып алу – отандық тауар өндірушілер үшін тұрақтылықтың кепілі. Неге біз осы туралы әңгіме ете бастасақ болды, біздегі жағдай заңбұзушылық пен халықаралық келісімге келіп тіреледі?»,– деп сауал тастады жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы, ірі шұлық фабрикасының басшысы Андрей Шмарин.

Ол қазіргі сәтте жеңіл өнеркәсіп өнімі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 1%-ын құрайтынын, ал көрші елдердің жағдайы бізден жақсы екенін атап өтті: «Мысалы, Қырғызстан – кішкентай мемлекет. Солай бола тұра өз өнімімен тек ішкі нарықтарын емес, сонымен қатар Қазақстанды, Ресейдің жартысын қамтып отыр»,– деді ол.

Мемлекеттік сатып алу әкімшілері үшін «жергілікті қамту» түсінігі елеусіз күйде қалуда. А.Шмарин олардың отандық тауар өндірушілердің барлығын білетініне күмәнданады.

«Біздің комитет ненің қайда өндірілетіні туралы барлық ақпаратты беруге дайын.  Мысалы, 100% мақтадан жасалған матаны Шымкент қаласындағы «Дала» компаниясы өндіреді. Көкшетауда түйме өндіріліп жатыр. Қалаған кез-келген түймеңізді жасап бере алады. Біз осы компаниялармен өзара келісімге қол қойдық. Енді тек қана қазақстандық шикізаттан тігетін боламыз. Осылайша біз отандық өндіріске қолдау көрсетеміз», – деп атап өтті ол.

Әзірге Қазақстанда аралас мата түрін өндіретін компания жоқ. Алайда бұл проблема емес деп сендірді Андрей Шмарин: «Егер біз қазірден бастап өндірушілерден өндірісте отандық материалдар мен шикізатты пайдалануды талап ететін болсақ, онда 1-2 жылдың ішінде соны дайындаумен айналысатын компания пайда болады».

Егер жеңіл өнеркәсіп тауарларына тапсырыс беруші нақты өндірушілерді көрсетуден қауіптенетін болса, отандық тауар өндірушілерге жол ашатын басқа да тәсілдер бар. Мысалы, техникалық ерекшелігінде өнімнің қандай болу керектігі туралы нақты белгілер көрсетілуі тиіс: өлшемдері, бас жағы қалай көріну керектігі, түймелер арасы, қалтасының тереңдігі – осының бәрін көрсетуге болады. Сол кезде қандай да бір шетелдік компанияның қоймасында тұрып қалған өнім, тапсырыс берушінің талаптарына сай келмей қалуы мүмкін. Ал жергілікті фабрикалар нақты мемлекеттік тапсырысты орындай алады.

«Біз осы жұмысты тезірек қолға алуымыз керек. Бұған қазан, қараша айлары өте қолайлы. Техникалық ерекшеліктері мен мемлекеттік стандарттарындағы қосымша көрсетулер де артық етпейді. Кез келген отандық компания өнімді сертификаттап, ескілерін тек қана еліміздегі ғана емес, барлық ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік стандарттарға сай жаңалайды. Біз заңнан аттап кетпейміз, халықаралық келісімдерді де назардан тыс қалдырмаймыз. Осылайша біз отандық тауар өндірушілерді қолдап, Қытайдан тауар жеткізетіндердің алдын ораймыз», – деген комиетет төрағасы  техникалық сипаттаманы нақтылау кезінде бұрынғы қателіктерге ұрынбай, оны нақты жеткізушілер арқылы дайындау маңызды екенін атап өтті.

Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуын тежеп отырған тағы бір мәселе, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне мемлекеттік тапсырыстарды орындауға айрықша құқық беретін Үкімет қаулысы болып отыр. Елімізде құжаттарға қол қою кезінде олардың саны 60 болатын, қазір – 200-ге жетті. Бұл бірлестіктердің көп бөлігі өндіруші компаниялар емес, жай ғана қытай тауарларын сататын делдалдар. Алайда мүгедектер қауымдастығы мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекеттік мекемелерге өнімнің көп бөлігін тасымалдайды. Ол өнімдердің сапасы қандай екендігін Палата мүшелері өте ұзақ талқылады. Сонымен көп талқылаудың нәтижесі де шықты.

«Мәселе аз да болса түзелді. Біздің жанайқайымызды әйтеуір естіді. Біз бұл туралы бес жылдан бері айтып келеміз. Қазір Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Министр қаулыны өзгертуге нұсқау берді. Енді тауардың жартысын құжаттан алып тастайды. Ал тауарлардың көп бөлігінде қоғамдық мүгедектер бірлестігі тауарды өздері өндіру керек деген талап жазылатын болады», – деп хабарлады Андрей Шмарин.

Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті ішкі аудит бөлімінің басшысы Әділ Әбішев, заң бойынша түсініктеме бере отырып, айтылған ұсыныстардың заңға сәйкес келетінін анықтау үшін, уәкілетті органға сұрау жіберіледі деп хабарлады.

«Алған жауабымыз туралы барлық әкімшілер мен тапсырыс берушілерге хабарлаймыз. Менің жеке пікірім бойынша, өндіруші елді көрсету – заңға қайшы. Мейлі ол кішкентай бөлшегі ғана болса да. Мен барлық тәсілдерді қолданып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға қарсы емеспін. Алайда барлығы заң бойынша жүзеге асу керек», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер